Мен саған ораламын
Жоғарының қалыс қалмай жарлығы
Өзен ағып, желмен билер қоғалар.
Ең бастысы, әке, сенің барлығың,
Мұңлы күндер бірде әйтеуір жоғалар.
Кейде нөсер төгіледі аспаннан,
Түсініксіз жерді сүйіп, соғары.
Аңыздан да, жырлар менен дастаннан,
Әке, сенің парасатың жоғары.
Қиял қуып ақылымды төрінен,
Арман, үміт, жүрек болып үш тірек.
Сезім, достық, құштарлықтың бәрінен,
Әке, сенің махаббатың күштірек!
Бүгінгі күн өсірмей ме мерейін,
Дүниенің нәзіктігі қалмапты.
Жастығымды, шаттығымды берейін,
Аман болшы, аман жүрші, ардақтым.
***
Ана!!!!
Сен деген
Ең ұлы адамсың.
Жеңбеген
Ешбір мұң, тәмәм сын.
Мұң түгіл, қайғы да енбеген,
Тек бақыт лайық қамалсың.
Сен деген
Ең көркем әйелсің жердегі.
Тең бе еді?
Қылығың – жұлдыздың ермегі.
Ғажайып ән-күйдің өзі де,
Жетпейді күлкіге сендегі.
Сен деген
Мейірім бағысың.
Зердеде,
Ақылды айтпасам тағы сын.
Сабырды сап-сары сақтайсың,
Жүректің жайлатып қағысын.
Сен деген,
Өмірдің мәнісің,
Тербеген
Көңілдің шәлісін.
Періште кейпіңде күлесің,
Перзенттің пайымдап әр ісін.
***
Құным – табылмаған жан тұрағы,
Жырым – ұйқысыз түн сандырағы.
Тек сен аман, ғұмырлы бол,
Ұлым! Өмірімнің шамшырағы.
Мұңым, канатыңды қағайын ба?
Сырым ашылғанмен ағайынға.
Ешкім мені түсінген жоқ,
Ұлым, сен де болмай маңайымда.
Күнім, шаттыққа сан көмейін бе?
Үнім, тұншығады көмейімде.
Жалғыздықтан жапа шектім,
Шыным, таудан құлап өлейін бе?
Сені ғана қимай қалам,
Мені итерген мидай ғалам.
Өгей қызы туған елдің,
Жөргегіне сыйған қалай?
Таңды күтем, бақыттысы бір атардай,
Жанды күтем, сезімі асып ұнатардай.
Өлеңімді мақтаған жұрт,
Неге итеред, құлатардай.
Ұлым – тірлігімнің шамшырағы,
Шыным, сағыныштан қалжырадым.
Сенші маған, мән бермегін,
Жырым – жалғыздықтың сандырағы.
***
Сауық салған салдақы сазы мықты,
Дүниеден баз кештім, кешір, ана.
Маңдайыма сорлар мың жазылыпты,
Мына өмірге әкелдің несін ғана?
Арманымнан адастым иманы үстем,
Таңдарымда жасырып күн жарығын.
Қайратым да таусылды жиған күшпен
Өзді-өзімді жарытпай өз жарығым.
Өткен әрбір күніме өкінемін,
Кешір, ана, сал басты сағынышты.
Ақырет күн жадынам жекімегін,
Ақтық жырым аққанат қағып ұшты.
Жырым қалар, айтылмай әнім қалар,
Қайғы қаулап жап-жасыл құрағымды.
Жаным ұшып, жер менің тәнімді алар.
Мен солайша өзгертем тұрағымды.
Менсіз әлем білемін ұнамасын,
Өлу оңай, лап етіп жансам кенет.
Қабіріме гүл егіп жыламашы,
Кешір, ана, кешкенсің қаншама рет.
***
Тал бойымды тоңдырып таң ызғары,
Қайталанып тағдыры сан қыздардың.
Сағындырмай, ешкімді сағына алмай,
Аға, бүгін тағы да жалғыз қалдым.
Арман алыс, қиялым қанатында
Тарлық көріп, талантам, тағатым да.
Жиын түгіл, жылауға шамам келмей,
Дем аламын тірінің санатында.
Аға, менің сезімім сарқылғандай,
Сезімдерсіз ертеңге нарқым қандай?
Түкпірінде кеудемнің тыпыршиды,
Жарым үміт жарыққа талпынғандай.
Түсінбеймін өзгені, өзімді де,
Кермек мұңым кеңістік сезінді ме?
Ғашықтық пен құмарлық адыра қап,
Құдай үшін қанағат көзіңді ілме.
Жалғыздықтан соншама шошынамын,
Таусылардай өлеңім, тосын әнім.
Айналамнан алданыш таппай қалып,
Ұлы көштің шаңына қосыламын.
Көкте күннің бешпеті ағытылды,
Құптағандай шаңқайда шабытымды.
Қайдан ғана іздеймін айтшы, ағажан,
Әлі құшып көрмеген бақытымды?!
***
Бағзы үмітпен өзімді құр алдаймын,
Көңілімді басқаға бұра алмаймын.
Өкпелеме, ұрыспа, сөкпе, мама,
Бірақ онсыз мен мүлде тұра алмаймын!
Армандарсыз бұл жалған бос екен ғой,
Сенім деген адамның досы екен ғой.
Жалындырар, табынтып сағындырар,
Сүю деген, жан мама, осы екен ғой?!
Тәнім теріс тағдырды жекірді де,
Мәңгі сезім бойыма бекінді ме?
Құшағыма кей кезде ұмтылады,
Ол да мені қалайтын секілді ме?
Үндемейді, кейде ұзақ аймалайды,
Түнереді тек ашу бойламайды.
Шақырса да, сонан соң ақырса да,
Онсыз менің ғұмырым жайнамайды!
Шабытының ол берер алмасы көк,
Жібереді кейде еркін самғашы деп.
Мен өлеңді өлгенше сүйем, мама,
Өмірімде соңғы да алғашқы рет!!!
***
Мұңнан қашпан жеңе алмас
Ғашықтықты қайтаратын дәрі бер.
Маған ешбір тәуіп көмек бере алмас,
Сағынышты тарқата ма дәрігер?
Жаңа гүлдеп өмірімнен түңілдім,
Бақыт алдап қашқақтайды әрі-бер.
Тәнім бүтін, көкірегіме үңілдім,
Жанымды емдеп жаза алмайды дәрігер.
Махаббаттан алдандым,
Құрбан болып қайталанбас шақтарым.
Үміт үнді шыққанымен алдан мың,
Адасады арман құшар ақ таңым.
Мен егілсем, дүрмек дүние қыңбады,
Көңіл суып, тәнім суық әбігер.
Жасымды сүрт, өлеңімді тыңдағын,
Мама, маған шақырмағын дәрігер...
***
Ақындыққа о бастан-ақ бекінгем,
Өлең – өмір, өлең – менің тағдырым.
Енді ешқашан ештеңеге өкінбен,
Жүрегімде бар ғой менің ақ жырым.
Сағынышпен қоныстанған кеудемде,
Өлеңімнен басқа түк жоқ жыламан.
Айлы түнді есіңе алма, ей, пенде,
Бақыт сұрап қайғы-қасірет құраған.
Көктемеде кербез күйді кешкенмін,
Шабытыммен бірге шалқып көңілім.
Әке, сенің үмітіңмен өскенмін,
Қалай ғана мұңға толды өңірім?
Сан сүріндім Бекет қана сақтады,
Тәңірім де тауыспады тұзымды.
Әке, сенің арманыңды таппадым,
Кешір, жырға жанын берген қызыңды...
***
Жазғыра көрме, жан ана,
Жазым бассам жаңылып.
Сәулесі түспей санаға
Жастығым өтсе қағынып.
Кешіргін мені шақтарда
Сезімге қалсам байланып.
Сүйгенім үшін ақталман,
Оралам саған айналып.
Басыма қонған береке
Қашырсам өзім бетімен.
Жусаны жебер өр мекен
Ашар бағымды жекімен.
Өлтірмен соңғы үмітті
Қолымда барым жалғыз-ақ.
Арманға сеніп жүріппін
Ынтызар ерін, бал құшақ.
Мәртебемді өлең өсірер
Шалқытып шабыт ен дала.
Қайырымды Алла кешірер
Кешірсең мені сен ғана.
***
Мама!
Мен бәрінен шаршадым.
Әл бермес әрнені аңсадым.
Жылатпай жұбатшы, жалынам,
Көзімнен жас емес, тамса мұң.
Шаршадым, жабайы сезімнен
Тас емес, таразы төзімнен.
Сүйем деп сүрініп күйемін,
Қателік кетеді өзімнен.
Сағындым біреуді, бір елді
Көмейге құмарлық тірелді.
Еліткен, еріткен жерітпей,
Сағымдар шалқайып жүр енді.
Өзімнен, сөзімнен алдандым,
Тізерлеп төсінде жалғанның.
Ұмтылып, биікке құлшынып,
Соңында жалғыз қап сандалдым.
Бәлкім мен ақын да емеспін?!
Қасында қаңғырған елестің,
Мама, мен бәрінен шаршадым,
Енді өмір тамаша демеспін...
***
Өмірімнің төріндегі ең,
Көңілімнің көгіндегі күн.
Сағыныштан салған әнім сен,
Жазымыштың жазғанына беу...
Тамшысымын қара қаныңның,
Бауырыңда балапаныңмын.
Бар жылуын алақаныңның,
Бердің, әке.
Өтер өмір қас-қағымдай-ақ,
Дүние шуақ шашқанымен де,
Басты бейне – дастанымдағы
Сенсің әке.
Жазылмайды сенсіз жыр менде,
Жалғыз жүрек сен дер кеудемде.
Атар таңнан үміт жоймадың,
Сапарларда сені ойладым.
Тәңірімдей табынарым – сен,
Тағдырым да, бағым, барым – сен.
Адам бол деп күнде сұрадың,
Сеніміңді ақтау – мұратым.
***
Бәрін де, бәрін де сезем мен,
Тағдырды тайсалмай безерген,
Ән-жырды талай жыл өлмеген,
Ерініңді ерініме шөлдеген
Бәрін де сезем мен.
Келуге ынтықсың, келмейсің,
Кішкентай қалада бөлек бір елдейсің,
Көргенде сүюден жалықпай,
Сезімің ақиқат анықтай
Күдікті күл етіп жерлейсің.
Жыр жазам баяғы сезіммен таң ала,
Заманға қарамай жымиған жаңара,
Кеш кетіп, түн келер көз көрмес,
Сен жайлы өлеңді өзгермес
Ән етіп шырқайды Тамара...
***
Таңымды атырам сенсіз,
Кешімді батырам реңсіз.
Күтемін ғажапқа сеніп,
Жағада жайдары желсіз.
Ғұмырым болса да келте,
Алты айға жетердей өртеп,
Қайыптай бақытты етсең...
Ақбөбек көңілді ерке.
Күнімді көремін дәмсіз,
Түнімде назданып мәнсіз.
Бойымды сағыныш басса,
Дем алып әлсіз.
***
Сыртта сәуір, сәнді көше майысып,
Мұң мәз болды, күлкі құшқан жәй ұшып.
Кешір енді сені күте алмаймын,
Сағыныштан құттай жүрек қайысып.
Қарлығаштар оралғалы көп болды,
Соларменен биік көктем шоқтығы.
Қармен бірге ызғарлы жел жоқ болды,
Бір хабардың сенен ғана жоқтығы...
Өрік гүлдеп, қайың жарды бүршігін,
Жылғалардан жылдам-жылдам су ақты.
Шабыт шалқып, жыр иірді ұршығын,
Күн жымиды: «Өмір бар деп шуақты».
Сыртта сәуір, жұрт та зәру көктемге,
Тек мен ғана өмірге өгей жандаймын.
Қарлығаштар қанат қағып жеткенде,
Кешір, енді сені күте алмаймын.
***
Жалықтым жалқы өмірден,
Тарықтым салқын көңілден.
Шындыққа шөлдеп, шаршадым
Қас-қағым дүние, қоңыр дем.
Бақытын іздеп басымның,
Қалмады дәмі асымның.
Тек өлең жазсам тірілем,
Шабытсыз шақтар ғасыл мұң.
Қырдағы гүл ем қырмызы,
Сананы басты тұрмысым.
Аңсаған арман аңыздай,
Үмітім үзік жырмысың?