20.07.2021
  177


Автор: Анар Шамшадинова

Аманқос Мереевке

Мен сүйемін алып Күнді төбемде
Күйдіретін шілдеде.
Аспанымды ауа қармап өбем де,
Түнді құшам кәжекейін ілмеген.
Мен сүйемін дархан, дара даламды
Оған теңеу таппадым.
Әкемді – ата, келін еткен анамды
Ұмыттырып тақпағын.
Мен сүйемін тауларымды түксиген
Жақындасаң, адалдықпен, кел сертпен.
Анау кәрі қарағайды бүкшиген
Талай дауыл теңселткен.
Каспий, сені сүйем десем, ұнай ма?
Толқындардан көрінбей тұр көлемің.
Мені көрсе, қуана ма, жылай ма?!
Секіреді біліп-тұрып өлерін.
Мен сүйемін мынау туған жерімді
Менің жұмақ мекенім.
Мейлің, бақыт атаулысы жеріңді
Күлкім алып секемін.
Мен өлгенше сүйем оны, жалықпай
Бір минут та тоқтаман.
Сүйіп болсам, бет-пердемді танытпай
Тек ажалға оқталам.
Онда тірлік жоқ маған.
Қазақ еткен тілімді де, өңімді
Тәңіріме тәубе етіп бас иемін.
Қалдырса да, қаңғыртса да көңілді
Мен өмірді сүйемін.
Мен сүйемін өмірді.
***
Көзімді шаттықпен жуғанмын,
Басымды миллион ой жегенмен.
Бекеттің жерінде туғанмын,
Дәм татып мейірім дегеннен.
Әйелмін.
Тағдырдан бұл жазам?
Бағына өзгенің жадырар.
Абайдың тілінде жыр жазам
О, тәңір, басқа арман адыра!
Еркемін, өктем де шығармын?
Ашуды кейде тез сұлатып.
Шәмшінің әніне жыладым,
Бір қазақ жігітін ұнатып.
Нәзікпін. Турандот емеспін,
Өлеңмен тірлікте екеумін.
Өмірдің мұңдарын жемес кім?
Бәрібір бақытты екенмін.





Пікір жазу