Сен мәңгі бол, қара өлең
Бір бақыттың таба алмастан сынығын,
Көңілімнің ылайладым тұнығын.
Мен Аллаға адал едім, амал не,
Тағдыр жиі салды диуан құрығын.
Бір күлкіні іздеп жүрмін қақырап,
Жақсылықпен бітсе болар ақыры.
Өмір ескі суреттерден тұрады,
Өлеңіме бәсіре мұң тақырып.
Бір азаптан құтылмадым жанымда,
Құтқармады сүйгенім де, жарым да.
Тұрақ таппай жырақ кетсем адамнан,
Құшақ жайып қарсы алмайды қорым да.
Бір сезімнің мейіріне қанбадым,
Ернім қыршып, тістелсе де бармағым.
Ақ көрпеде азабымды жамылдым,
Ақ қағазда ақтық сырлар жандағы.
Бір арманға асығып ем жасымнан,
Жолда талай жылап, күліп, шошынғам.
Қара өлеңге сеніп жүрмін құдайдай,
Не болар-ау,
Не шығады осымнан?
***
Қайғы мен шаттық жарысып,
Жақсы мен жаман алысып
Зулайды уақыт.
Арманым күліп алдайды,
Жалғанды күдік жаулайды
Басталмай жатып.
Бұйырған сыйым кетпейді,
Тәңірге үнім жетпейді
Мейірім – жақұт.
Махаббат оты жанғанда,
Құмарым сірә қанған ба?
Таба алмай бақыт.
Құлазып кештер батса да,
Жұлдыздар жылап жатса да
Алдамас арман.
Үмітті үзе көрмегін,
Салса да мұңдар өрнегін
Баса бер алға!
Бақытың – бес күн тірлігің,
Мәңгілік өмір сүрді кім?
Өтеді жалған.
Лапылда, жүрек, лапылда,
Жанартау болып атыл да
Өлеңім, самға!
***
Ақындарым әкім қуған заманда
Әкімдерім даңқын жуған қоғамда.
Бал таңдаған талтаңдап жүр жамандар,
Табиғат тұр,
Ауа жетпей оған да.
Баспана жоқ, асханада шәй ішіп,
Соңғы теңге даяшыға бұйырар.
Жүйке жұқа, жүрек мұңнан майысып
Жас тас болған осындайда құйылар.
Бастығымның бабын тауып біреулер,
Шашты құнды байлығымды екінші.
Қазағыма қайыспайтын тіреу бер,
О, тәңірім, қасқа ұлды кешірші.
Билігімді беріп қойдым қолдағы
Кім шешеді елдің жайын, ертеңін?
Туған жерге жақын ешкім қалмады,
Ақындарды айналдырған келте мұң.
Тәуелсіздік туым желпіп қолымда,
Ата-баба орындалды арманы.
Дегеніммен не қалады соңымда?
Тілім-тулақ,
Салтым – салақ,
Садақа кет қалғаны!
Табыс таппай, пайдам болмай еліме,
Атауы жоқ көшелерде сенделем.
Маңдай терім төгілмесе жеріме,
Неге жүрмін ақын деген кеудемен?
***
Бақыт қайда?
Дауысым қайдалаған?
Бәлкім барып қайттым да қасына мың?
Алатаудың ақ төсін аймалаған,
Қара түннің тығылып шашына мұң.
Сағынышты шыдамға сағалаттым,
Бәлкім, бақыт шабыт боп желбіреді?
Сілекейі шұбырып қанағаттың,
Шодыр бұлтқа ағаштар телміреді.
Арзан бақыт жоғалды талайы кеп,
Арманымды ақылым тергемейді.
Құлың болып қаласаң қалайын деп,
Ақ жаңбырға көк жусан еркелейді.
Үміт өліп тағдырдың табағында,
Сонда жаман пиғылдар шырайланып.
Бар бақыты теңіздің қабағында,
Кете алмайды шағала шыр айналып.
Ертегіңді ерітпес тәмамда елес,
Ләззаты өмірдің сандығында.
Қоғамда емес, адамда, заманда емес,
Бар бақытым – қара өлең хандығында!
***
Жалғыздық жанымды жаулаған,
Тәнімді басынған.
Досым жоқ мейірім аулаған,
Қасым көп тарыдай шашылған.
Жалғыздық
Күнімді билеген,
Түнімде – әміршім.
Мақсат көп, қол ұшым тимеген
Арман жоқ, тек қиял тәңірсің.
Жалғыздық келсең де тау асып,
Мен саған оп-оңай көнем бе?
Тірлігім – мәнісі, дертімнің – дауасы
Тек билік етпессің өлеңге.
***
Төлегендей ғашық болмай кетесіз,
Тіршілікті қимай-қимай аттана.
Қыз Жібектей сүйем десем нетесіз?
Көзім нұрлы, ал шаштарым қап-қара.
Төлегендей тәнті еткен едіңіз,
Тамылжыған тамыздың бір кешінде.
Ен далаға не бақ іздеп келдіңіз,
Тәңір тәтті тілегімді кешірме.
Дүниеге тек сіз үшін келдім мен,
Деп жүргенде мұнда біз.
Сағыныштан шөліркеген ерніммен,
Жыр оқысам тыңдаңыз.
Қыз Жібек мұң тұнып қалған жанарым
Қарт Каспийдің жағасынан ынтығып.
Сізге өлердей ғашық болып барамын,
Қасіретім қара өлең боп бұлқынып.
***
Шағынбайын шалқымаса кемелім,
Сағынбайын әрі қашса дегенім.
Азабыңды, мазағыңды көтерем,
Бағымдайын сен аман бол, сен елім!
Асыр салған таң көшінде мен балаң,
Ғасыр бар ма нән төсіңді ембеген?
Һәм жаһанда сенен артық жұмақ жоқ,
Сен тыныш жат, сен тарылма, кең далам!
Болсын сорым көбірек те аз бағым,
Қалсын бір күн саған өлең жазамын.
Жырлаудан да, мың даудан да қашпайын,
Сен жасай бер, сен өлмегін, қазағым!
Күнім менің көңілімдей жаралы ең,
Мұңым мәлім мен түбінде дара өлем.
Бар бақытқа, сан жақұтқа сатпайтын,
Сен мәңгі бол, қазақ тілі, қара өлең!!!
***
Кешір мендік
Сағынышты сабасыз,
Жыртық өңді жағасыз,
Сезімімді бағасыз,
Төзімімді шарасыз.
Кешір, мені
Күткенімді қас қақпай,
Жаным қажып, ас батпай
Көңіл назын бұрымды
Тақырыпсыз жырымды,
Жатқа оқыған асқақтай.
Кешір менің
Тым жылауық затымды,
Жетпей қалған хатымды,
Күнәдан пәк болғанмен
Тіршілігі толған мұң
Ақын деген атымды.
Кешір...
***
Өлең!
Тек сен тастай көрме.
Мені.
Одан жастай өл де
Жеріп.
Өлең!
Тек сен алдай көрме.
Жалынам.
Батып қалмай көлде
Шық, көзімнен
Жарық ән!
Өлең!
Тек сен мені ұмытпа
Өтінем.
Сенсіз тіршілік, жұрт та
Керексіз деп кетіп ем.
Өлең!
Өмірімнің мәнісі ең...
Сен көнсең.
Сенсіз мұңдай қан ішем
Өлгенше.
***
Жалғыздықтан жабыққан сәттерімде
Сағынышым сабырдан шеткеріде,
Армандаймын.
Тағдырым тар маңдайлы
Мені ұмытып шынымен кеткенің бе?
Сезім түгіл тұрған жоқ төзім де оңып,
Қайғы біткен жас болып көзімде өніп.
Адалдығым бәлкім ол қаталдығым
Өз ойымнан опық жеп, өзім тоңып.
Бұрылмадым сүрініп жылап алып.
Жырларымның жүрегім тұрағы анық.
Жалғыздықтан жабыққан сәттерімде
Өлең, мені аймала тұра қалып.
***
Мұқа,
Менің жырларымды балапан,
Сен оқысаң, не дер ең?
Қара бастың қамын ойлар қарақан,
Пенде болсам?!
Жебеме!
Ақынмын деп есірсем,
Қию қашып, сөз мәйегін жоғалтып,
Қара өлеңнің құдіретін кетірсем,
Мұқа, мені қарғыс атсын со қалпы.
Мендік өмір – жыр жазу деп ел жайлы,
Еңбек етпей, күнде өткізсем кеш жиын.
Өлеңдердің сезімім мен сен жайлы,
Мұқа құны бес тиын!!!
***
Шошаңдаған шабыт маған ысқырып,
Өмірімнің айналғандай мәніне.
Мен де ешкімге қарамаймын пысқырып,
Қымбат көйлек жарасады тәніме.
Өлең деген қасын керген керім бе?
Тек өзі боп маңымда көз ілгенім.
Маңғыстаудай маңғаз туған жерімде,
Өр адайлар көріп, өсіп, білгенім.
Алматының көшесінде мұңданам,
Ал адамдар дым сезбейтін асыққан.
Тек Алатау биіктігі шыңдаған,
Аласармас қалғанынша қасық қан.
Бірде арманым биігіне шығар мың,
Қиын, қыңыр болғанымен жолда аса.
Қазақтың бір ақыны боп шығармын,
Бекет бабам қолдаса.
***
Сен барсың.
Жоқ менде арман.
Басымды қатырма, шық елес!
Тіршілік еткенім, құмарлық арсыз
Біртұтам опасыз жалған,
Бәрі де түк емес!
Құштарлық бар менде,
Жоқ төзім.
Мен де бір қайырға зар пенде
Шоқ сезім.
Өмір бар астасқан
Өліммен.
Көңіл жоқ қастасқан
Көңілмен.
Жоқ менде уақыт,
Анам да шарасыз,
Көнем.
Бар менде бақыт
Бағасыз.
Өлең.
***
Аспан алыс, бет-ажары жабық күн,
Аяз гулеп елшісіндей тамұқтың.
Соңғы кезде сезім түтіл мен тіпті
Өмірімнің өзінен де жалықтым.
Айналаны аппақ суық қар жапты,
Жыр жаздырар күздің күні тарқапты.
Бақытың да, жақұтың да қажетсіз,
Санаспайтын сағыныштар шаршатты.
Асау өлең тастап кетті, жаяумын,
Жан мұңымды енді кімге жаярмын?
Құрсын бәрі, шындығы жоқ шырт өмір,
Тұншықтырып, таусылуға таяумын.
Өзің болсаң жүрсің әлі шалғайда,
Жыл құсынан хабар берсең болмай ма?
Дымды ұқпаймын ұғындырар біреу жоқ,
Бақыт қайтып босағама қонбай ма?
Қытымыр қыс, бала кептер қорексіз,
Айқын бәрі, тек сен ғана дерексіз.
Адалдығым Алла білер кім үшін?
Сүйгенім де, күйгенім де керексіз.
Үмітімнің үзілді ме жолдары?
Осы ма екен ғұмырымның солғаны...
Тағдыр мені отқа таста, суға сал
Қара өлеңнен айырмасаң болғаны.