20.07.2021
  134


Автор: Анар Шамшадинова

Ер Шотан

I ТАРАУ
АДАЙДАН ТУЫП, АЛАШҚА БОЛДЫҢ ӘЙГІЛІ

«...Шотанның жоңғарлармен соғысқанда екі қапталында екі жолбарысының бірге жүріп оқ басқа да сілтенген қаруларды қағып, дарытпай отыратыны алғаш рет Аңырақай шайқасында Қабанбай батырдың ғана көзіне көрінген-ді. Сол кезден бастап Шотанды – Қабанбай батыр өзінің туған інісінен бетер іш тартып, ағалық құшағын ашып тұратын-ды...»
(Бектұр Төлеуғалиев, «Бас сардар» кітабынан)

Ел басына күн туғанда
Сұр жебені тағынып,
Жолбарыс тон жамылып,
Хас ерлікті сағынып,
Кеудесінде күндіз-түн
Намыс деген аң ұлып,
Тек тәңірге бағынып.
Нағыз ерлер атойлап
Аналардың жасы үшін,
Ақ қыраулы шашы үшін,
Ерте жерге домалап
Түскен ердің басы үшін,
Туған жердің тасы үшін,
Қолына найза алады,
Ұрандап алға шабады,
Атамекен жер үшін,
Оған төккен тер үшін.
Жоңғар менен қалмаққа,
Елдің кегін алмаққа
Нағыз ерлер шыққан-ды.
Соның бірі сен едің,
Ер Шотаным, өренім.
Бейбіт күн қалып арманда,
Жау жан-жақтан алғанда,
Ақ ордасы ананың
Қаңырап босап қалғанда.
Жан қалқасы ағаның
Аңырап жасып жалғанда.
Жоғалтқанда жан жарын,
Қолына алып қанжарын,
Атойға салды хақ ерлер,
Соның бірі сен едің.
Тастамай туын қолынан,
Арландай жауын торыған,
Кезіккен дұшпан сау қалмас,
Өзінің көрсін сорынан
Бір уыс топырақ соңынан.
Талайы естен танды да,
Мәңгілікке көз ілді.
Ал қалғаны алдыңда,
Не істесең де, өзің біл.
Кетсе де жағдай ушығып
Жоңғарды қудың, қусырып.
Тізесін бүгіп, бас иіп,
Жатыр алдыңда аш, ұйып,
Ер Шотаным, өренім.
Шошынбай Аңырақай зарынан,
Жолдасы жолбарыс, жауы – адам.
Көзін шел қаптаған, айырылып арынан,
Бөтеннің жеріне қол салған дұшпанға ұмтылдың.
Жолында жатты өліп сұм түрлі,
Өрлігің жанардан жасын боп атылды,
Бұрын-соң біздің ел білмепті дәл мұндай батылды.
Найзағай ұрғанда дір етіп көрмеген,
Ғасырлық тасырдан өлмеген,
Далам да көтеріп еңсесін –
Сілкінді лақтырып қайғының белшесін.
Жалғанға келіп жай күні,
Арманның асып айдынын.
Қара бұлттарды қақ жарып,
Аспанда анау бақ жанып,
Адайдан туып Алашқа болдың әйгілі.
Жұлдыздар сансыз жығылып,
Жер осалдығын ұғынып,
Сапарларына үлгермей,
Бақыты әлі тұр келмей,
Күй кешті мұндай бар қазақ
Кеудесін керген зар қажап,
Сен елім деп өртеніп,
Кеудеңді намыстай дерт еміп.
Жауыңды жойып жарадың,
Адайдың туын қададың.
Жеті жұрт келіп, кеткен жер,
Үш қиян өрттен өткен жер.
Маңғыстау деген мекенде,
Бір өзі маңғаз жеке елдей.

II ТАРАУ
МЕН ҚАЙТАРАМ КЕГІМДІ...

...Шотан бастаған Адай жасақтарының жүрген жерлері жайрап қалып жатты. Күн бесінге таянғанда қалмақ қолдары бытырап, бөлек-бөлек қаша бастады. Осыны байқаған Шотан қалмақ қолының негізгі бөлігін қоршауға алды. Көп ұзамай қоршаудан оншақты қалмақ жауынгері шығып, жандарын қалдыруды өтініп, жан сауғасын сұрады. Шотан Абылайға қарады. Абылай Шотанға:
– Жауды жеңген сіз, билік жеңген адамның қолында болуға тиісті, сондықтан да шешімін өздеріңіз, Ералы сұлтан екеуіңіз аласыздар, біздер сіздердің алған шешімдеріңізге ризамыз, – деді.
(Бектұр Төлеуғалиев, «Бас сардар» кітабынан)

Аш бөрідей түйіліп,
Жасың-кәрің жиылып.
Қарындасқа қол салдың,
Еркелер қасы қиылып.
Жан-жақтан нақақ анталап,
Екі көзің қанталап.
Туған жерімді таптадың
Төсін шүйгін балталап.
Айдың күні аманда,
Гүлім саған сабан ба?
Менің ғазиз даламды
Тулақ еттің табанда.
Төске өрлеп барасың,
Қасқыр – дүлей қарасың.
Сенің найзаң өлтірді
Ананың жалғыз баласын.
Сәби сенен кем бе екен?
Ана сүтін ембеген
Ару әлі қарап тұр,
Шымылдыққа енбеген.
Атада үміт қалмады,
Сенімнің жоқ салмағы.
Мейірімнен жұрдайсың,
Аманаты Алланың.
Тәңір кінә тағар ма?
Машқарда жан аларда,
Аспан теріс айналды,
Жауыздықтан жанарда.
Жетім, жесір елде көп,
Сан мәрте аттың пендеге оқ,
Ізгілікті құл еттің –
Имандылық сенде жоқ,
Айтарым жоқ жағымды,
Ашу бойда қағынды.
Ажалыңмен қауышқан,
Быт-шыт етем бағыңды.
Сал, қоштасу әніңді,
Шығарамын жаныңды.
Мынау болат найзамен,
Ағызамын қаныңды.
Білгің келсе тегімді,
Елім – Адай ер үнді,
Шотан деп ат берілді.
Сен соңғы рет деміңді ал,
Мен қайтарам кегімді.
Атам – Мұңал, Жарымын
Санамда жоқ сары мұң
Тәуелсіздік – арманым.
Дабылындай адалдың,
Әжібайдан бата алдым.
Қайырымнан құр қалған
Қарғыс атсын қаталды.
Деп найзасын көтерген,
Ойы қашты төтеннен.
Иә, иә .... Болмаса?!
Қараң батыр, кет елден.
Елдік, өрлік тірегі,
Жалғыздықта жыр емі.
Арқыраған батырдың,
Нәп-нәзік-тін жүрегі.
Ар-намысы – Құраны,
Құраны – оның ұраны.
Ал, ұраны — ізгілік
Адамзатпен тұр әлі.





Пікір жазу