Замандасқа
Ей, замандас! Ең алдымен досыңды ұқ!
Досың – жер, су, мөлдір ауа, өсімдік.
Ала жүріп осылардың сыйлығын,
Осыларды қорлау деген не сұмдық?..
Жүзген балық, жүгірген аң, ұшқан құс
Деген емес «адамзатқа дұшпанбыз».
Барлығының молшылығын малданып,
Таптық ырыс табиғаттай достан біз.
Ақыл-ойға ашып берген не сырын
Табиғаттан сұрау керек кешірім.
Көзімізше дарақылар әлдебір
Тіршілікке тигізіп жүр кесірін.
Суды ластап, жерді айырып құнардан,
Ауаны улап тапқан табыс құны арзан.
Не қымбатты тәрк етіп жүр «олжаға»
Құныққандар әсте шықпай құмардан.
Деушілер ғой: «Бар табиғат құл маған»,
Біреуіне аяушылық қылмаған.
Дарақылар, жұмысы жоқ өсіммен,
Жоспар үшін құртқандарын құндаған.
Ұры мерген ақбөкенді елікпен
Жаудан бетер жамсатады неліктен?..
Өскенінен өшкені көп хайуанат
Неге тозбақ борлы тастай жел үккен?..
Ей, замандас! Жауаптымыз бұл «іске»,
Сол «олжадан» алмасақ та бүлішке.
Сарқылуға еш хақы жоқ байлықты
Салғызбайық бұл секілді бөліске!
Жер ешкімге жазбайды деп арыз да,
Барын сарқып ала бермек парыз ба?..
Жоқ, замандас? Әр ұрпаққа туған жер
Не берсе де, беретіні – қарызға!..
Сол себепті төзеді жер зар қақпай…
Дарақының беті көне жарғақтай.
Сол жарғақты өзіміз-ақ жыртайық,
Келешектің адамына қарғатпай!