19.07.2021
  187


Автор: Хамит Ерғалиев

Өзім туралы

Маған жат – тынбақ, сарқылмақ,
Қалжырап көрген жоқ жаным,
Өтермін өзім жарқылдап,
Өзегім толы ақ жалын,

Бір кезек ыстық қойынға,
Даланың гүлін үзіп сап,
Бір кезек қарлы құйынға
Құйғыта кірем қызықтап.

Теңіздің ақ бас толқынын
Кеудеме кейде оранам.
Демеймін оттан олқымым, —
Найзағай менің кәрі анам!

Мінездің албырт түрі де!
Айталыр оған әлі сын!
Мінім бар дейді-ау, тіріде
Көлеңкем қайда жоғалсын?!

Жүресің жарқын жанымда,
Көрініп кейде көлеңкем!
Сені де мендей жадында
Ұзаққа сақтар кең өлкем!

Қызықпан құрғақ мадаққа,
Берілмен кесір кеңеске!
Борышын ұлдың адақтап,
Армансыз жатам дөңесте!





Пікір жазу