18.07.2021
  190


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Жер жүзін жеті қабат зұлмат басты

Заң азды, төресі әділ хан жоғынан,
Тозды жұрт тойып жейтін нан жоғынан.
Қыран құс қайда ұшарын біле алмай тұр,
Алып жер ашыққанда аң жоғынан.
Халық едік қара шыбын қатарында,
Күнелткен кең далада шаң жоғынан.
Жер жүзін жеті қабат зұлмат басып,
Жол таппай, жүдеді көп таң жоғынан.
Сияқты байсыз қатын болып тұрмыз,
Кең ойлы кеңес айтар жан жоғынан.
Жүк жұртта қалды, өзің жеткер,
Алла, Бәһәдүр бүтін туған нар жоғынан.
"Болар, - деп, - заман қалай?" қауіп етемін,
Бұл үшін еш біреуде қам жоғынан.
Көз жасын көр қалайда осы жанның,
Састырды келіп жалын жан-жағынан.
Көп үшін көбелектей болсам деймін,
Есімнің хабарым жоқ бар, жоғынан.
Ақылды ер айтқанымды абайлайды,
Ақылсыз ақымақ күлер ар жоғынан.

1916





Пікір жазу