18.07.2021
  132


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Құрбанғали молдаға

Болғанмен асылың адам, ая Құрбан,
Есексің ес, ақылың тіпті құрыған.
Еткен соң осынша еңбек ескеріп Хақ,
"Ілім" атты иініңе тақты тұрман.
Суретің соныңменен саф көрініп,
Жалынды жас балалар жайып Құран:
"Бұларға болсын ермек бұл мәгәс", - деп,
Кеңесті кәді құдалар мұнда тұрған.
"Мен мұнша мәртебені таптым-ау!" - деп,
Сәлде орап, шыт шапанды кидің сырған.
Итке ұқсап өлімтікті тартқылаған,
Етесің стол мініп ырғаң-ырғаң.
Артықтау өзіңнен де осы уақыт,
Тәліп көп, түйе, жылқы жұрттан жырған.
Көрсе олар бірін-бірі құшақтасып,
Басысар мауқын әбден, тұрып бір ән.
Олардан сен азамат танымайсың,
Сарт, сірә, шамалаймын, көзіңді ұрған!
Басында бұл әдетің тұра берсе,
Қалайда аузыңнан келер бір қан!
Қор тұтып қатарыңды, қадір, құрмет,
Таппайсың, болғанменен асылың нұрдан.

1910





Пікір жазу