18.07.2021
  142


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Айдарбайға

Қарағым, құтты болсын, алған келін,
Түрі бар басатұғын іштің желін.
Жасыңнан жақсылармен жолдас болып,
Аянбай әр орыннан алдың телім.
Ойыма өлшестіріп қарағанда,
Бермейтін ауыр жүкке нар ең белін.
Қошамет көзіңді көріп айтқан емес,
Арман жоқ тудырса әркім сендей төлін.
Бергей деп екеуіне ұзақ өмір,
Тілектес болып отыр барлық елің.
Дұғасы халық біткеннің қабыл болып,
Орасан ойдағыдай тассын көлің.
Айтайын аз ғана ақыл және дағы,
Сусаған қандырғандай халықтың шөлін.
Көңілдің кер бедеуі күйлі болса,
Баса шап, басын тартпа, барда шөлің.
Ұшады ер үмматпен, құс қанатпен,
Көп аса күйбеңдемей көзге көрін.
Бүлінбей ер білінбейді қалайда да,
Бермейді бейталапқа ешкім төрін.
Тау мен тас, тақыр мен боз айдаланың,
Білмейтін уақытың осы ой мен дөңін.
Осы айтқан үгітімді орындар, - деп,
Мінекей ағаң Төкең басқан мөрін.

1909





Пікір жазу