18.07.2021
  116


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Шайқы Ысламға

Аңлайтын айтқан сөзді Шайқы Ыслам,
Кең ойлы кемеңгер ең келген нұсқаң.
Алмайтын ақсұңқардың аңы болмайды,
Уақытында өте ерігіп, парлай ұшқан.
Сондай-ақ шамасында жиырма бестің,
Өкшелеп, емес еді ешкім қысқан.
Бұл күнде қиял құсы құрсау ашып,
Аңдиды ін аузынан ылғи тышқан.
Тұрмайтын бір қалыпта қарары жоқ,
Қалайда қар қатындай дүния - дұшпан.


Қайткенде күйіме ондай келемін, - деп,
Бұл күнде болып жүрмін жұда пішман.
Не қылсам қиял құсы ерігеді,
Алла ақыл інім саған беріп еді.
Ағаңның айтатұғын өтініші,
Әйел, ер бір-біріне серік еді.
Қолайлы бір қатынның қойнына апар,
Біз ұста, олар бейне көрік еді.
Жек көрмес жөнін тауып түсіндірсең,
Ойнауға олар дағы жерік еді.
Ойыма өлшестіріп қарағанда,
Сестеніп сонда зейіл желігеді.
Осы айтқан өтінішті орындарсың,
Дей қойсаң қонақ болып келіп еді.
Оңаша бір сағаттай сөйлестірсең,
"Болады" деп болса есі егіледі.

1909





Пікір жазу