Айзадаға
Айзада, ақылыңа кеуілім толды,
Берік ұстап биікке шық, беріп қолды.
Тең басқан төрт аяғың жорғалайсың,
Жарайтын көләйттауға оң мен солды.
Арқаңа асылған жан айта қоймас,
Я, белім ауырды, - деп, яки шонды.
Қыз болсын, қатын болсын, қалайда да,
Жүр едім жұрттан іздеп зейілі молды.
Өзіңе ол туралы ұшырасып,
Отырмын оңдады-ау деп тәңірім жолды.
Асырып Алла қосса қызметіңді,
Көркейтіп көңілімді көтер белді.
Қаншама қаз бенен қу келгенменен,
Жайлатпа баурайыңды болған көлді.
Опа етпей өзім дескен азаматқа,
Демесін дос пен дұшпан көңіл бөлді.
Болмаса өзіңе ұқшас ойы терең,
Әйелдің ер сыйлайтын атасы өлді.
Бәйбішем ойға қалмай отырады,
Келін мен тәрбиелеп екі, үш төлді.
Қылар Ақ бақытыңды ашып, бақсаң мені,
Еткендей ұшан теңіз құба шөлді.
Иншалла, айтқанымнан айнымаспын,
Саттар Хақ сақтай қойса бүтін көнді.
Қырымға көз салатын гөзел едім,
Қонақтап қыран құстай құба дөңді.
Әр жерде алмақ болсам, көріп жүрмін,
Әйелді ақылы аз, ажары өңді.
Олардың барлығын да былай тастап,
Кеулімнің көріп сені өрті сөнді.
Ақжан мен ақылдасып Зібайраға,
Ойлассаң етемін деп қалай енді.
Қайырлы болсын қалқам талабың! - деп,
Сүйесер аруанаңа артарыңды.
Сөзімді осы айтқан оқып көрсең,
Аңларсың айтпасам да аты, жөнді.
1909