18.07.2021
  180


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Сымбатты сұлу

Мысалы көзің - гауһар, маржан - тісің,
Күндей-ақ шығып келе жатқан түсің.
Сүмбіл шаш, сұңқар мойның, пісте мұрын,
Иілген берді Алла айдай пішін.
Уылжып өне бойы отырасың,
Асылдай ұстағанда бір-ақ қысым.
Күмістей сымға тартқан саусақтарың,
Сүйріктей аудан шыққан бәрі мүсін.
Қиғаш қас, оймақ ауыз, ақық ерін,
Көргеннің көркің кетер өртеп ішін.
Арманым асылында бар дей алмас,
Жанында өткерген жан, жаз бен қысын.
Қиялым қатарыңнан қалмай кейін,
Асылға ауыр баға қолыңды ұсын!
Жер соғып қалайда да қалмаушы еді,
Бабында болып тұрса ұшқан құсың.
Аңыңды ала ма екен аңғар да тұр,
Сал-дағы солай қарай көздің ұшын.
Естіден еткен үміт еш болмайды,
Ұнарлық ұзақ болар етер ісің.





Пікір жазу