Мақта
Арықтың жиегінде жатқан қонып,
Большевик келді ауылға қонақ болып.
Түркістан темекісін тартты дағы,
Сөйледі жайылым қырды көзбен шолып.
– Қырларым неткен көркем байлық бөккен,
Жерлерің құнарлы екен балып төккен.
Мақта ексе қандай пайда болар еді,
Күндерің күлімдейді нұрын сепкен.
Өткізіп қысқы түнді, қысқа күнді,
Мақсатын кеңес қылдық түрлі-түрлі.
Сіресіп жатқан қарға қараған жан,
Қар емес, халық мақта көріп жүрді.
Ниетті біз ойлаған бай да сезді,
Паңданып бәйбішедей айтты сөзді.
– Қырыңа сорлы кедей екпе мақта,
Бағдат жоқ, бола алмайды еңбек езгі.
Ақырып кәрі болыс буырыл тартқан,
Қорқытып сөздер айтты неше батпан.
Мақта егіп, егіндіктен айырыласың,
Не жейсің ұзақ қыста келе жатқан.
Күңіреніп түлкідей қу, дүмше молла,
Құраннан сүре оқып, құл қу алла.
– Жеріміздің топырағы жұмақтікі,
Бұл жерге мақта егуді қоспады алла.
Байлардың қымызына тойып алып,
Шекеге тақиясын қойып алып.
Молла мен байдың сөзін екі қылмай,
Сөйледі атқа мінер топты жарып.
– Жадырап жаз бөледі жерді нұрға,
Жол ашық, отырмадық бекер құрға.
Сезікті қауіптерді былай қойып,
Әкеліп ақ мақтаны ектік қырға.
Уа, неткен қызық болды осы бір жыл,
Мақтаның көрінуін жұрт күтіп жүр.
Тұрса ойда, жатса түсте көрінеді,
Даланы үлбіреген басқаны гүл.
Лүпілдеп қуанышты күтті жүрек,
"Нұр төк!" деп жерімізге күннен тілеп.
Уысын кедейлердің толтырса игі,
Аққудың мамығындай мақта үлбіреп.
– Бұл мақта!, – дедік сонда көңіл тасып,
– Бұл мақта!, – дедік тұрған қойнын ашып.
Көсілген қырда қысқы қардай болып,
Ақ мақта үлпілдеген жатыр басып.
Қуаныш көңілді алды жанған шамдай,
Ұлғайып мерейі өсті, қайғы қалмай.
Шаттықтың сол кездегі күш қуаты,
Секілді еді түнді жарып атқан таңдай.
Бекіндік бойымызға қайрат кіріп,
Марқайдық-масаттандық жайнап-күліп.
Жеркеніш тап жауына лағнат айттық,
Азғырған бізді қыстай иттей үріп.
Қайдасың молла мен бай қарнын керген,
Өмірге сендер мазақ болып өлген.
Тұрмыстың сықағына шыдай алмай,
Жыландай сүйретіліп шықтың елден.
Сендерсіз орнатамыз қолдан бақыт,
Мақтаны өлеңдетіп сұңқылдатып.
Ақ қардай үлпілдеген біздің мақта,
Болады бізге бақыт, саған — лақыт.