18.07.2021
  219


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Әшкәбус

("Шахнамадан")

...Сап тартып екі жағы, тұрды қарсы,
Асықпай ай тақырға қойған алшы.
Тұстың Риһамға көзі түсіп:
– Майданға бедеу мініп, – деді, – баршы!
Риһам ат ойнатып барды майдан:
– Арманым жоқ, – деп, – жұртқа тисе пайдам!
Тұраннан шықты Әшкәбус деген батыр
Үш жүз кез ұзындығы, өте тайлан!
Тымағы басындағы елу тері,
Болмайды деуге ернін пәлен елі!
Құлағы — киіз үйге үзік болар,
Түктері — болатұғын тартса желі!
Саусақтары — шынардың ағашындай,
Тырнағы — тұлпарлардың тағасындай.
Аузы — үңгіріндей асқар таудың,
Мұрны — үлкен шоқат шамасындай!
Көзі ала, кейпі жаман, сондай суық!
Жанына барар емес адам жуық!
Көргендер көпке дейін таңырқайтын:
"Дүниеге келді екен, – деп, – қалай туып?!"
Жук еді қарулары жеті пілге,
Мінуші ед тоқсан атты кезек күнде.
Болмаса белді бедеу, толық тұлпар,
Жаман ат жарамаушы ед, жабы мүлде.
Риһамды адамсынбай тұрды күліп,
Оқ атты өкпеліктен, оны біліп.
Жіберіп қолмен қағып келген оқты:
– Және ат! — дед ат үстінде күліп тұрып.
Тұрсын ба, "тәуекел!" деп тағы да атты,
Садақты сықырлатып қатты тартты!
Қолымен ол оқты да қағып тастап:
– Атқаның осы ма! — деп көз алартты.
Қызарып енді Риһам ұялғаннан:
"Гүрзімен ұрайын!" – деп, қиялданған.
– Тарт! — деді, – атың басын, әліңді біл,
Мұныңнан бола алмайсың сый алғаннан!
Емессін, қайткенменен, менің теңім!
Қалай да қышымасын бұған иегің!
Сәлем айт, Рүстемнің өзі келсін,
Бұрыннан соғысуға болған жегін! —
Деді де "қайт әрі!" – деп, атын атты,
Жай емес, жай садағын батыра атты.
– Бармасаң, басынды енді кесемін! — деп,
Алартып екі көзін шатынатты.
Атқаннан — ат құлады аузын аша,
Жөнеді жан сауғалай жаяу қаша.
Артынан Әшкәбустің Әшкәш келіп,
Өте ауыр гүрзіменен ұрды баса.
Қайрылып: – Мұның не? — деп қақты қолмен,
Алысып кім бәйге алар күші зормен!
Өлтіріп, оның-дағы атын атап,
Қуалап жүргенінде әрмен-бермен.
Барақ кеп Әшкәбусқа ұрды қылыш,
Етіне өтпеген соң қылыш дұрыс.
Қуалап үшеуін де тықты тауға,
Оралған тұйғындардай түсіп ауға.
Шыдамай Тұстың өзі шықпақ еді,
Бұлардың қылғанына жанын сауға.
Рүстем шауып келіп, деді: – Тоқта,
Бата бер, басшы едің барлық топқа!
Өлтіріп, басын кесіп Әшкәбустің!
— Қасқырдай келейін жеп бір қан соқта!
Шешінді саймандарын, түсіп аттан,
Бар еді бір саржасы бес жүз батпан.
Оғының он бір батпан ауырлығы,
Сыйлау қып Шаш патшасы әкеп тартқан.
Иініне оқтарымен оны салды,
Қолына умен суарған қылыш алды.
Тапсырып Тұсқа дереу Рахышты,
Алдына Әшкәбустің жаяу барды.
– Өзіңнен, – деді, – екен-ау аяулы атың,
Жүреді атпенен — ер, жаяу — қатын.
Баласы Залдың Рүстем болғаныңмен,
Ізіңнен қалмас, сірә, осы ұятың.
Күлімдеп, мазақ қылып, қысып көзін,
Қайткенмен тұрды санап артыққа өзін.
Қаманды қаһарлана қаны қайнап,
Рүстем де есіткен соң осы сөзін.
– Артығың атың болса астындағы,
Міне, аттым, кіріске оқты бастым-дағы.
Деді де Әшкәбустің атты атын,
– Жаяулап, сен де өзімдей бол, – деп, – "қатын".
Бүкшие бөксесінен аты құлап,
Аяғын болды уатып сындыратын.
Аяғын алды астынан тартып зорға,
Тұтам деп Рүстемдей ерді қорға.
– Сирағым сынып қала жаздады-ау! — дед,
Атандай ақсай басып түскен орға.
Жақындап Рүстем де, ұруға ептеп,
Білген соң айыбын, ашу кетті кептеп.
Садақты тұра сала қолына алып,
Тұсынан өкпеліктің тартты өктеп.
Әшкәбус көрді-дағы тұтты қалған
Қалқанын қақ айырып қылып талқан.
Өкпеден өтіп барып, жерге батып,
Бастырды аяқтарын арпаң-тарпаң.
Құлады қуат кетіп мұнарадай,
Басынан қалпағы ұшты, түу анадай!
Өлгенін Әшкәбустің иран көріп,
Бастырды аяқтарын арпаң-тарпаң.
Көргендер Рүстемнің мынау ісін,
"Жарайды, бәрекелді, – деді, – күшің!
" Қара құс қыранға қыр көрсетем деп,
Бүріліп, болып қалды бір-ақ қысым.
Таңданды періштелер аспандағы,
Қайратын көріп — қартаң ашқандағы!
Рүстемнің Әшкәбусқа еткен ісін,
Көрсеткен көп таңырқар қайрат-күшін.
Фирдоуси өлең етіп, ұйықтап еді:
– Және ертең жазармын, – деп, – ендігісін...
Түсінде: бір ирандық жігіт келді,
Таңдантар тұрпаты мен ажары елді.
Қып-қызыл киімдері, кілең алтын,
Гауһарлы кемерменен буған белді.
Басына қос гауһарлы тәжді киген,
Қарында садағы бар шаңыракща иген.
Қырлаған құрыш болар бәрі оғының,
Кететін талқан қылып тасты тиген.
Отырар әр иініне жиырма кісі,
Күрессе, шыдар емес жанның күші!
Сүмбілдей сакэл-мұрты ширатылған,
Жауһардай жалтырайды отыз тісі.
Қасына күлімсіреп түрды келіп,
Көтеріп көкірегін, бойды керіп.
Бұрыннан жан аяспас жар-досындай,
Көңілі де Фирдоусидің кетті еріп.
Фирдоуси: – Кім болады, – деді, – атың,
Және де ата-баба, асыл затың?
Ешкімде, байқауымда, болған емес,
Бұл түрлі сипатын, мен салтанатың!
Көзінің төгіп түрып сонда жасын,
Бұлайша бастады сөз, шұлғып басын:
– Өлтірген Әшкәбусті Рүстеммін,
Осы – өзің жазып жатқан "Шаһнамасын".
Кіршаш ед арғы бабам, бергісі — Сам,
Халық біткен қайратына қалысқан таң.
Атам — Зал асыраған Самұрық құс,
Аспан-жер арасында тигізбей шаң.
Туған соң қатарымнан өзім де озып,
Рахышпен жеті ықылымды көрдім кезіп!
Арыстан мен айға шабар айдаһардың
Тастадым талайларын қолмен езіп!
Астында қылышымның жүрді халық,
Туралды тегісінен, тартсам шалып.
Кей-Қабат, Кей-Қауыс пен Кей-Қысырауға
Тәж-тақтын көп патшаның бердім алып.
Болғанмен тірілікте біздер ондай,
Жатырмыз жер астында қатқан тондай.
Мақтаған мұнан бұрын емес еді:
Етті деп уақытында солар сондай!
Мың рақмет, мені мұндай өлең еттің!
Айтылар ел аузына өнеге еттің!
Сүйекке қурап қалған қызу кіріп,
Қозғалып, қабірімнен өлең еттім!
Болған соң өте разы осы ісіңе,
Әдейі кіріп тұрмын мен түсіңе.
Барабар, байқағаңда, болмайтұғын
Алтын, дүр әр сөзіңнің бітісіне.
Уа, дүние! Жеткеніме осы кезге,
Жар-жосым болмас еді, сенен өзге!
Қайтейін, өмір бітіп, қалдым өліп,
Төрт мың жыл өлгеніме қалды толып.
"Шай-пұлды сонда-дағы берейін", – деп,
Қолың бер! Қалайда да тұрмын келіп!
Деді де Фирдоусидің қолын сүйіп,
Көзіне сүртіп және жасын тыйып.
Жетектеп жас баладай жүре берді,
Қаратпай алуға да киім киіп.
Сырттағы бір төбеге барды алып,
Көнеден қу түбір бар тұрған қалып.
Қасында сол түбірдің тұрды-дағы:
– Тыңда, – деп, – сөзімді осы құлақ салып.
Бұл жерде баяғыда жоқ еді ел,
Қу дала құс қонбайтын еді бір бел.
Өлтіріп осы арада Әшкәбусті,
Ағызып қтіп едім қанын ел-сел.
Бар екен омырауында алтын алқа,
Үш гауһар ортасына тізген тарта.
Оны алып, осы жерге көміп едім,
Салатын болмаған соң оны қалта.
Бұл түбір — оған қаққан еді қазық,
Ашып ал оян-дағы, ертең қазып.
Жатқанмен жер астында әлі күнге
Көрерсің, кеміген жоқ, іріп-азып.
Сияқты сөз айтқан соң иісті гүл,
Шамамша, саған берген сыйлауым бұл!
Аяғы айтқаныңның бұған тоқтап
– Өлікпін, пұл беруге көп қып, шоқтап.
Қош бол! — деп қолмен сермеп, ғайып болды,
– Дұғаңнан жүрерсің, – деп, – мені жоқтап.
Оянып Фрдоуси де, ұшып тұрды,
Айтпастан үй-ішіне осы сырды.
"Анығын әбден байқап білейін!" деп,
Төбеге түсте көрген, бетті бұрды.
Тұп-тура тапты, барып бұрылмастан,
Қазық қып қаданы да қағып басқан.
– Шәк-шүбһа бұл түсімде жоқ екен, – деп,
Бұлақтай қуанғаннан кдйнап, тасқан.
"Сұлтанға сөйлейін, – деп, – осыны енді",
Махмұдтың ордасына кіріп келді.
Көрсетіп төрден орын, түрегеліп,
Бәрі де қол қусырып, бүкті белді.
– Отырып, тыңдаңдар, – деп, – үлкен-кішің!
Қалдырмай баяндады барлық түсін.
Білдірмей барып, бірақ, қайтқандығын,
Тоқтады доғарды да сөздің ұшын.
– Төбені табайық, – деп, – болса олай,
Баруды сұлтан Махмуд көріп қолай.
Басшы етіп Фирдоусиді, шықты сыртқа,
Ұшыраған адамдарды ертіп жолай.
– Төбесі осы еді, – деп, – айтқан анық,
– Бас болып, барлығын да барды алып.
Адамдар еріп барған көпті-азды,
Түбірдің "көрейік!" деп, түбін қазды.
Жарқ етіп алтын алқа шыға келді,
Аударып жатқанында құм мен сазды.
Үш гауһар күн сияқты жатты жайнап,
Көргендер болды аң-таң бармақ шайнап.
Махмұдтың махаббаты Фирдоусиге
Бұрқырап бұлақтай-ақ тасты қайнап!
Фирдоуси Махмудқа деді сонда:
– Бұл — белгі, сол ерлерден қалған соңға.
Мен қидым қазынаңа, қос апарып,
"Шаһнамам" болады тек айналса оңға.
– Мақұл! — деп Махмуд сұлтан алқаны алды,
Қалпынша қазынада жатып қалды.
– Қалғанын, қайтарында аларсың, – деп,
Қолына он мың теңге әкеп салды.
Сыр бермей сыпалықпен: – Болады, – деп,
Фирдоуси басқа түрлі айтпады кеп.
Махмұд ол уәдеден шығу түгіл,
Өкінтті Фирдоусидің еңбегін жеп.





Пікір жазу