18.07.2021
  151


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Сүлеймен хикаясы

"Ер" деме елге зұлымдық еткендерді,
"Бай" деме бейсахауат өткендерді.
"Дана, – деп, – дария заңлы" дәріп етпеңдер,
Соңына сөз тастамай кеткендерді.
Байтаққа баласынбай, басшы етіңдер,
Ақылы әр орынға жеткендерді.
Қойсаңдар, халқым, құлақ, сөз қылайын,
Ізіне ел біткенді ерткендерді.
Дүниядан Дәуіт мұрсал көшерінде,
Жұртының жинап ақсақ, мешелін де.
– Өт, – деді, барлығың да болса ақың,
Тәңірінің таңыла қоймай есебінде.
Бәрі де болып ырза, жасын төкті,
Олармен кім бар дейсің болған кекті?
Қалипа қай баламды қыласыңдар,
Деп жиды жана-дағы уәзір, бекті.
– Ой, пікір бәрімізде қысқа, – десті,
Шықпаймыз бұл тұғырда тысқа, – десті.
"Балаға, асылында, ата сыншы",
Өзің біл, өзге жанды қыспа, – десті.
Дәуіттен он екі ұғыл өріп еді,
Анасы он бірінің бөлек еді.
Сүлеймен бір анадан жеке туып,
Болғанмен бәрінен жас, зерек еді.
Бәрінен Беһішуха үлкен еді,
Ел біткен айбатынан үркер еді.
– Орныма осы ұғлым отырсын, – деп,
Бектерге беріп ұрықсат бүркенеді.
Анасы Сүлейменнің көнбей бұған,
– Келіссіз кеңесіңнен, – деді, – шығам!
Үлкені бәрінің де болғанменен,
Ылайық емес оған алтын жығаң.
Сұлтан қыл Сүлейменді, ақылы артық,
Ақылмен аспандағыны алар тартып.
Иелік елатыңа ете алмайды,
Миы аз меңіреусіген ондай мәртік.
Кәйткенмен кеңестері келіспеді,
Айтқанын бір-бірінің "теріс" деді.
Қайтадан хабар тауып, халық жиналды,
"Екеуін қоймайық, – деп, – керіскелі".
Алла үйген Дәуіт асқар дөңес еді,
Білімсіз бибісі де емес еді.
Кеңесіп кеші-күндіз кең ойлылар,
"Ылажы осы істің не?" деседі.
Бес сауал екеуінен болды сұрамақ,
Тапқаны отырсын, – деп, таққа орнап.
Өкпеге ой қылысты, қалармыз, – деп,
Сөз айтсақ бірін сыйлап, бірін қорлап.
Әуелі Беһішухаға болды бармақ,
Ер ед, – деп, – небір нәһанға салған қармақ.
Барғанмен бесеуінің бірін білмей,
Секілді сөздер айтты арпа, жармақ.
Көп көңілі Беһішухадан тоқайрады,
Болғансын жұрт қандырар жоқ айраны.
Әулеті атақты ердің болғанымен,
Әрқашан ақылы аздар қоңаймады.
Келді олар: – Сүлейменнен сұрайық, – деп,
Мұның да байқап, тегін сынайық, – деп.
Бесеуін берсе тауып, баласынбай,
Қалипа қалайда да қылайық, – деп.
Тіккені Сүлейменнің шатыр еді,
Шалжиып шалқасынан жатыр еді.
Болғанмен мөһерлі би, қаһарлы хан,
Жасқанбас жас та болса батыр еді.
Үстіне кіріп келді өңшең ұлық,
Оларды көрген заман тұрды күліп.
– Қайырлы қадамдарыңды Алла етсін, – деп,
Көрсетті төрден орын, тағзым қылып.
Бәрі де, балалықпен күлер, – деді,
Ұятын үлкейген соң білер, – деді.
Сұрайық сайлап келген сауалдарды,
Үзбей-ақ күлді ғой деп, күдер, – деді.
Кәпір мен қайсысы көп мұсылманның,
Өзісің жардан жаңқа ұшырғанның.
Білгірсіп, бәріміз де жүрсек-тағы,
Таба алмай, тап өзіміз, қысылғанның.
Тағы да еркек көп пе, әйел көп пе,
Мұны да айт, "білмедің", – деп, бізді сөкпе.
Нәрсенің жаһандағы жақсысы не?
Кептірдік көп таласып бұған да өкпе.
Жаман не бұл дүнияда баян айла,
Шірін тіл, шәһізадасың сөзің майда.
Үшінші нәрсе үстіне қосылмаса,
Нәрседе екі түрлі жоқты пайда.
– Уа аликумүссалам!, – деді сонда,
Кісі жоқ кіріп үйге келген онда.
Қарасты бір-біріне "бұл қалай?" – деп,
Болды-ау, – деп, тұтынғандай бізді қорға.
– Сол ма, – дед, – сауалдарың? – онан кейін,
– Тыңдаңдар, – деді, – Айтайын, қойып зейін.
Кәпір көп мұсылманнан байқауымда,
Десеңдер дәлеліне көрсетейін,
Шын кәпір мұнапықпен арақ ішкен.
Болмаса сақтанар еді арам істен.
Білдің, – деп, бәрі-дағы басын иді,
Ерлердің әдеті ондай сөзге түскен.
Екі есе еркектерден болар қатын,
Қатынның қолға алса кім мәслиһатын.
"Қатын" деп оған-дағы қол қойыңдар,
Кетіріп кек тұтса да еркек атын.
Қатынмен бірдей болар жалған айтқан,
Ажарлап анық сөзді жалғап айтқан.
– Рас,– деп, мұның-дағы қол қусырып,
Құрметтеп, қошеметті арнап айтқан.
Жақсысы бұл жәһанның — адал қатын,
Шығарар шын асырап ердің атын.
– Таптың, – деп, мұқны-дағы түрегеліп,
Айтысты тапқан мақтап марһаматын.
Кәпірлік бұл дүнияда жаман, – дейді,
Жұрт оны жек көреді, тамам, – деді.
Болғанмен дүнияда бектің бегі,
Ақ қылар қияметте қабан, – деді.
Деген соң барлығы да мұның мақұл,
Пайда жоқ, – деді, ажарда, болмаса ақыл.
Екінші мал, мүлікте манпағат жоқ,
Ішіп, жеп тойынбаса міскін, пақыр.
– Бәрін де, бәрекелді, таптың, – десті,
Берген соң Алла артықша ақыл, – десті.
– Дәуітке мұны мағлұмет етелік, – деп,
Дүркіреп, дүрін шаша, дүрлер көшті.
– Сүлеймен барлығын да,– деді, – білді,
Орынсыз, біз барғанда, бірақ күлді.
"Уа әликумүссалам!" деп жана да,
Отырып өз-өзінен шығарды үнді.
Осы еткен екі ісін көрдік айып,
Болмаса, болар сізге анық найып.
Орынсыз неге ондай етті екен, – деп,
Отырды Әзіреті Дәуіт көп мұңайып.
Алдырып, Сүлейменге деді: – Балам,
Біліміңе, бәрекелде, таңданды алам.
Болыпты екі айыбың, себебін айт,
Есітсін осы отырған дос пен жаран.
Себебі күлгенімнің, – деді, онда,
Жүгіріп бір құмырсқа түсті жолға.
Артынан бір құмырсқа айқайлады,
Сөз айтып сүйсінерлік ошпу порма:
– Тоқтай түр, Сүлейменге бір жетелік,
Шүйінші сұрап, оны ырза етелік.
Айтқанын осылардың тауып берсе,
Жаһанға патша қояр "пір" көтеріп.
Қуанып, оны есітіп, езу тарттым,
Еріксіз ол ұятты үстіме арттым.
Шара жоқ шақырған соң келдім енді,
Өзіндей қаһарынан қорқып қарттың.
Бұларға отырғанда "не деймін?" – деп,
Алдыма тағы да бір құмырсқа кеп:
"Ассалаума әлейкум!" деді-дағы:
– Несіне отырсың, – деді, – уайым жеп?
Жауабын бәрінің де мен беремін,
Мүшкілді мұндай неше меңгеремін.
Бес түгіл, бес мың сауал сұрағанмен,
Алдыма аблықпай-ақ өңгеремін.
"Уа әликумүссалам!" дедім оған,
Тартқансын тәуір көріп мені қоғам.
Болды оның айтуымен, асылында,
Олардың сауалына берген жобам.
– Жүр едің құмырсқаға,– деп ем, – қайда?
Мен таптым сен кездесіп, сансыз пайда.
Ол айтты: – Өткен кезде көп лашкермен,
Қылып ең көріп мазақ пәлен жайда.
Жүр едім ондағы ойлап азарыңды,
Болған соң бұлар бұзар назарыңды.
Жақсылық жамандыққа етейін, – деп,
Кіргіздім арашалап ажарыңды.
Құмырсқа "қош енді!" – деп, қайтып кетті,
Айыбымды өткендегі айтып кетті.
Қор көру қай нәрсені болмайды екен,
Білімге бұлайынша байытып кетті.
Еміреніп, есіткен жұрт таңырқасты,
Сәждеге Дәуіт нәби қойып басты.
– Болсын, – деп, – балам құтты
Халифалық, Көрсетті Сүлейменге ықыласты.
Ырза боп, ықлас қойып, иді басты.
Есітіп Беһішуха бұл сөзді енді,
– Бұл іске көнбеймін, – деп, көпке келді.
Ініге аға барда бар ма рет? — деп,
Үркітіп ұрысып, сөкті осынша елді.
– Берсеңдер қандай сауал одан өзге,
Шешер ем кідірместен, – депті, – ілезде.
Беһішуха көнбей көпке жатқанында,
Жебрейіл жетіп кепті тап сол кезде.
Қолына Беһішуханың беріп қарман,
Деп айтты болды бұйрық Хақтан парман.
Қарманда не зат барын таба қойсаң,
Бол, – депті, – елге патша етпей арман.
Біле алмай бұл қарманда ненің барын,
Боп қалды Беһішуханың көнді жарым.
– Сен тап, – деп, -Сүлейменді ортаға алып,
Өтінді уәзір мен бек өңшең алым.
– Ішінде Ақтан келген хат бар, – деді.
Бес түрлі онда айтылған ақ бар, – деді.
Кімде-кім ол бесеуін берсе тауып,
Халық оны Халипа ғып мақтар, – деді.
Ол бесеу — бүтін қайсы, жарты қайсы?
Нәрсенің нәрсе емеспен парқы қайсы?
Мысалдас ешнәрсеге болмайтұғын,
Нәрсенің аламға айқын шарһы қайсы?
Қарманды онан кейін көрді халық,
Оқысты ішіндегі хатты алып.
Сөздері Сүлейменнің шын болған соң,
Деді олар отыртайық таққа апарып.
– Бұлардың, – өтіністі, – шәрһін шеш, – деп,
Бас ұрды Беһішуха да айыбым кеш, – деп.
Екеуі ең соңында құшақтасты,
– Болмайды туысқанда араз, өш, – деп.
Сүлеймен депті: – Айтайын, тыңда, халқым,
Бүтін сол — әр нәрсенің білген қалпын.
Жамандар жар көкірек, парасатсыз,
Жарты сол — ешнәрсенің білмес парқын.
Нәрсе сол — орындаса сертін айтқан,
Нәрсе емес — айта салып, серттен қайтқан.
Мысалдас ешнәрсеге емес құдірет,
Не қажет ретсіз құр сөзді ұзайтқан.
Еміреніп, есіткендер таң қалысты,
Халифа етпекке оны қамданысты.
Талапкер туыстары бір ауыздан,
– Қойдық, – деп, – қол көтерді ар-намысты.
Отыртып пайтақтыны Дәуіт ағзам,
Тапсырды Сүлейменге алдағы істі.
Халық тегіс Халифаның тілегінде,
Жалыньш жаратқанға жалбарысты.
Қызметке бек пен уәзір, білімпаздар,
Міндетке олар да арнаулы алған істі.
Атаның ауытқытпай, ұстап салтын,
Алжассыз атқарды әрбір аңлап істі.
Жайылып жаһанға аты шаһы Сүлеймен,
Қырандай жаңа түлек парлап ұшты.
Аға-іні, алдарыңа ұсынылды,
Азсынбай етіңдер, – деп, – алданышты.
Жолдаушы жазған жұртқа Тұрмағамбет,
Дәуіттің кезінде бір болған істі.





Пікір жазу