18.07.2021
  218


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Дәруіш хикаясы

Кидіріп бір кедейге бейбәһә тон,
Сұлтаны Шам Шәриптің беріп ет шен.
Соны да тыңдасаңдар сөз қыламын,
Дертіне қасталардың болғандай ем.
Шам шаһі отыр еді мәжіліс құрып,
Бір дәруіш "Алла һу" деп келді кіріп.
Көтеріл дүршілікте дәрәжасын,
Ортадан орын берді, бәрі тұрып.
Үстіне отырғансын көзін салса,
Киімі кір-кір, көне, тұрған іріп.
Жерінің жүзден артық жамауы бар,
Құрымдай құрастырып, қойған іліп.
"Келдің деп кір киіммен қалайынша?"
Шам шаһі шамырқанған ашу қылып.
Айбынбай айбатынан ондайынша,
Бұлайша берген жауап дәруіш күліп:
– Қисынсыз маған қаһар қылма, – деді,
Арзамды айтатұғын тыңда, – деді.
Дарақтай миуалы болғаннан соң,
Келіп түр көлеңкеңе жұмла, – деді.
Берген соң береке Алла, беріліп тұр,
Миуаң минөтінде мыңға, – деді.
Сүйретіп қуанғаннан құрымымды,
Бар ма айыбы келуімнің мұнда?– деді.
Қасыңнан қалпымда осы қайтып шықсам,
Қаларсың қалайда да сынға! – деді.
Сөзіне осы айтқан езу тартып,
Уәзірдің біреуіне ымдады енді.
Шықты да уәзір келді бір тон алып,
Түріне таңырқайтын көрген халық.
Тастатып кір киімін, кидірді оны,
Иініне қадатып шен, зор бәһәлық.
Тарлық тон тәрізінде, кендігі Ақтың,
Көз жетпес көл сияқты шәһіналық.
Шырайы шыққан күндей тасып оның,
Тарқады көңілінен бар қапалық.
Басына бақыт қонып, орнап ықпал,
Өлгенше өтті "Тойған марка" атанып.
Кигенмен күнә киімін, көп шошынар,
Бұлай деп бастан тұман тарқатамын.
Үмитхор, ойлағанға, қауіп, — қорған,
Ие бол екеуіне де, берме қолдан.
Қауіп, үміт ортасында өте қойсаң,
Болады ақыретте ұжмақ — ордаң.
Қалатын төрт-бес күнде тегістеліп,
Салынған үй сияқты өмір бордан.
Тағдыры тәмам болған уақытында,
Жан бар ма аман қалған түспей тордан?
Дүния қарары жоқ қар қатындай,
Құтылған қылып тәсіл талай зордан.
Бәдбаққа бұл сияқты берсең кеуіл,
Болғанмен бәһайымсың, адам пормаң.
Мал, мүлік, дәулет пенен дәрәжаның,
Мазасы, андағанға, ащы сордан.
Төрк етіп Тәңірі әмірін талтақтама,
Тілләға толғанменен қап пен дорбаң.
Ырза бол, әзіріне осы болды,
Сендерге сөз сұраған берген шорнам.





Пікір жазу