Дарақ пен сая
Дараққа сая бір күн өкпеледі:
– Айналдың андауымда епке, – деді.
Күн түрін көрсетпеске күні бұрын,
Жаясың жапырағыңды шепке, – деді.
Жолына жолдастықтың жөн бе осының,
Екеуміз сынатайық көпке, – деді.
Күлді де көлеңкеге деді дарақ:
– Орынсыз өте кейіп, кеппе, – деді.
Көрінген көзге бұрын гөзалыңды,
Тайдай-ақ тапырақтап теппе, – деді.
Тікемнен тілеп күн-түн тұрмын, міне,
Жатырсың сен шалқаңнан текке, – деді.
Кеудеңді кеші-күндіз көтермейсің,
Ұқшатып өзіңді-өзің бекке, – деді.
Көресің күннің түрін түрегеліп,
Көз салсаң күңкілдемей көкке, – деді.
Күн шығып, күллі әлемге нұрын шашып,
Келіп түр осы уақыт екке, – деді.
Қиянат қай уақытта қылмасыма,
Келтірме көңіліңді шекке, – деді.
Көзіңді аш, көрем десең көтер басың,
Сын тағып серігіңді сөкпе, – деді.
Тамсанып таба алмай сөз айтатұғын,
"Қойшы" деп, қолын сермеп жек көреді.
Әдетін о баста еткен қоя қойып,
Тұруды тағы ар-намыс, кек көреді.
Жолдасың жарым болса сол сияқты,
Оң келмей өзіңменен шеп келеді.
Мойнына өз ұятын өзі алмай,
Қыңқылдап құлақ құртыңды жеп келеді.
Қандайша қамқоршылық қылғаныңмен,
Кемісін сенен көріп шектенеді.
Талапсыз табылатын ешнәрсе жоқ,
Дегенмен Жаппар Алла жеткөреді.
"Бекерден Тәңірім безер" дегендей-ақ,
Өмірін өкінішпен өткереді.
Таңырқар тәбіп біткен таппай лаж,
Дауасыз, дәрі қонбас дерт көреді.
Күдерін үлкен-кіші үзгеннен соң,
Абыройдан оған есік бенттеледі.
Ұйқыда өне бойы жата берсең,
Үстіңе ұйтқып жанған өрт келеді.
Жолыңды қашатұғын қамданып қой,
Маңдайға нендей меһнет дөп келеді.
Тереңге тұңғиықты түсіп кетпе,
Сасқаннан деп: "Осы ара өткел еді".
"Қауіп-қатер қай жағымнан қаптайды?" деп,
Талапты ер түн ұйқысын төрт бөледі.
Ойласаң ер — шабандоз, талап — бедеу,
Мақсұдың көңілдегі — көкпары еді.
Беретін бәйге алып бедеуіне,
Жем, суды жетерлік қып көп береді.
Күтініп сен де сондай күшіңе кел,
Тұс-тұстан тұтысар ер көп келеді.
Оларға амалын қыл ұстатпаудың,
Деп жүрме: "Дала майдан кеп-кең еді".
"Осының, өй, несі бар?" дегендердің,
Олжасы көпке түсіп кеткен еді.
Қайтадан қолға еш нәрсе түсіре алмай,
Қан жұтып қайғы-қасірет еткен еді.
Білгеннің, білмесе де, тілін алған
— Ойға алған орынына жеткен еді.
Жақсыны жат санама, жатта сөзін,
Деу қате: "Шегі басқа, шеттен еді".
Ленин о, дариға, кешегі өткен,
Ізіне ел біткенді еріткен еді.
Қадірін қалайда да білмегендер,
Тарыдай тап бауыққан бөрткен еді.
Ізіне енді зар боп басып кеткен,
Деп отыр: "Ол ұқшасты мерт кем еді!"
Өлімі дария заңды даналардың,
Халыққа қаптап келген өрттен еді.
Өкінбе, оның салған жолымен жүр,
Ағаш ат әркімдерге ерттеледі.
Отырған орнына оның шәкірттері,
Табылар не керегің кенттен еді.
Ізіне ертелі, кеш ер осының,
Ойлы ерлер кендікке елді еліткен еді.
Дамолла Тұрмағамбет қолым қойдым,
Алғаусыз айтқан сөзім женттен еді.
1924.