Туындылар ✍️
Әбибулла мен Аллаяр хикаясы
Халық болып қатыра судан келдік мұнда,
Нәпсінің ойлап қамын дедік: "Іңга!".
Ананың алдын жайлап отыз айдай,
Емшектің еміп сүтін сарықтық жұмыла.
Қаз тұрып қабырғаны қатайтып ап,
Ойынның әр түрінен алып ымыла.
Жүргенде көл жағалай, етекті ашып,
Ерік бермей ертелі-кеш, ертіп жиырма.
Қылдырып жат, жақынға жаман жұмыс,
Неше рет жанға батар жықты дырға.
Кеңесін көңілменен қой мұны деп,
Ұяттан отыз жаста алып форма.
Қамданып қалың беріп, қатын алып,
Ай жүзді ата болдық қыз бен ұлға.
Оларды асырауды ауыр көріп,
Шақырдық сұм дүниені тастап шырға.
Мал қылып артылғанын айдап бардық,
Жаюға қай орында болса мырға.
Ағарттық сөйтіп жүріп сақал, шашты,
Адамдай алатын жас сатып пұлға.
Бел босап, бас бұлғақтап баяу тартып,
Еш болып есепсіз күш кетті құрға.
Қолына түссе өлімнің өкінеміз,
Жан атты жасат деген жалғыз құрма.
Қабыр атты халқың қазып, қар бойы жер,
Дегендей етер жұмыс енді тұрма.
Жазы-қыс жанды қинап жүргеніңмен,
Көретін дүниеден сыйың бұл ма?
Табылмас сағымнан су, мұнан – опа,
Өкініп, өз шашынды өзің жұлма.
Сәулені суға түскен нәрсе санап,
Абайла аузыңды ашып, өзіңді ұрма.
Ада ойлап мойнындағы міндетіңді,
Кібітін көңіліңнің толтыр нұрға.
Адал жеп үкіміне мойын қойып,
Ұялтар ақыретте істі қылма.
Сүндетін сәруардың сайбағыштап,
Кісідей кетір кірінді түскен сырға.
Міндіріп меһішәһарда мәулаң пырақ,
Қожайын қылар сені ойылдан һұрға.
Тұрғанда азғана өмір өтіп кетпей,
Шығарға шын қайрат қыл ойдан қырға.
Бирубар білер ме деп бірлігімді,
Бейысап бақ пен ырыс берген құлға.
Келгенде күн төбеге найза бойы,
Болады бәріңе де иман тұлға.
Сөйлейін шекерден де шырын бір сөз,
Ықыласпен, аға-інім, енді тыңда.
Жылында һижыраттың мындағы жүз,
Елаты Бұхараның жылдан жылға.
Намаз бен рузаны одан жойып,
Бұзылып, бұл күллия болған күміра.
Салдырған мұнаралы мәдрәссәлар,
Жаңғырықты майданы боп жаң мен жыңға.
Ұмыт боп Алла ұраны — азан, тәкбір,
Байлардан бермей қайыр, кетті ыңға.
Үгітті ерте ақшам айтқанменен,
Тұтпайтын түрі болды ешкім шынға.
Қылар деп шылымға қап қағаздарын,
Қорыққаннан кітаптарын көмді құмға.
Бар еді Әбибулла деген бала,
Қайғырып қылушы еді күн-түн нала.
Бір апат Бұхараға болады-ау деп,
Кетіп еді кенттен шығып, кезіп дала.
Кешіне сәрсенбінің бір күндері,
Қабырына Баһауадиннің барып жана.
Сыйынды шырақ жағып, шашып қайыр,
Көрсет деп кәраматпен бір нышана.
Қатым етіп Кәламалла көп жылады,
Елімді ет деп аман һақ Тағала.
Көк көзді, орта бойлы, қызыл мұртты,
Шайық келіп көзі ұйқыға барған шама.
Деді ей, жігер парам жылама енді,
Берермін Бәзу Алла мен айғана.
Тұрма енді Бұхарада, бар Самархан,
Онда бар бір мүридім менің дана.
Әндіжан аты оның сиыр бағып,
Саһарада Аққа айтады һәмду сана.
Тапсырып оған қолыңды қайтып келсең,
Ізіңе елің ұғлым ерер һәма.
Түсіне осы кірген өте шат боп,
Оянып ұйқысынан ол замана.
Самарханд шәһәріне сапарланды,
Болар деп жолдас ертпей Жаппар пана.
Айнытпай айтқан жерден тауып алып,
Жығылды аяғына жылап қана.
Үйретті тарихаттан талай жолды,
Емшекті ондай болмас берген ана.
Пісірмей қалайынша қам қояды,
Болған соң іштегі асты елге астана.
Шақырып шайқы бір күн мүриттерін,
Бәріне деді болдым пәруана.
Мекені ілім—ікімат мынау Бұхар,
Шәһар еді шарапатты зор баһана.
Бұл күнде бәддиянат болып халқы,
Жазы, қыс жүргенге ұқсайды ғапылана.
Біреуің барып тәлім беріңіздер,
Сабырлы, саслайтұғын пақырана.
Болмады бәрінен де бұған жауап,
Суы жоқ сілтегендей сахыраға.
Отыр еді ең шетінде Әбибулла,
Әндіжан айлап назар ақырына.
Сен бітір осы айтқан қызметті,
Қиналып деді бұған "аһылама".
Ол хәлда Әбибулла деді жылап,
"Жүгіңе нарың біздей бақыра ма".
Бірақ жоқ ілім менен кәрәматтан,
"Кеуіл" атты кеудедегі қақырада.
Жарлымын, жиырмаға жаңа жеттім,
Қазансыз халықты адам шақыра ма.
Болмаса, бас тартпас ем бұйрығыңнан,
Жабыны жол аспайтын "маһылама".
Шайхы басын айтқан төмен салды,
Сыр бермей, суша олар сапыра ма?
Мүбарак көтеріп бас, көптен кейін,
Жетерсің деді ілгергі ғапылаға.
Үр құлаш теңізіне тәуекелдің,
Осы рет Алла зәмін Ақ һақында.
"Ер ұшар һүмматпенен, құс қанатпен",
Делінген бұрыннан бар нақылана.
Қырықтағы қылды Алла адамға ұқсас,
Буына кәраматтың айлады мас.
Ілімнің көңілінен көзі ашылып,
Айлады шынжыр қатар шын қасыл—қас.
Қам қылып шырайлы жүз, шырын тілді,
Уағызды айтты еритін тау менен тас.
Кідірмей күн-түн жүріп келді Бұхар,
Айлауға айтып уағыз ілімін паш.
Орнынан ойдағы жоқ жетісіп пұл,
Тарқатып жұртқа шүлен жегізді ас.
Қандырып халықтың мейірін, айтып үгіт,
Сайрады сәһардағы бұлбұлға ұқшас.
Жайылып ауазасы жұрттан жұртқа,
Атанды "атақты пір" шын зәбардас.
Бір алым Бұхараның ханына айтты,
Бар дейді Әбибулла деген бір "кәс".
Жәһілдің жиып бәрін мүрит етіп,
Тұтады дейді өзін биік, өзгені пәс.
Сол үшін арыза айтып келіп тұрмын,
Келтіріп күйінгеннен көзіме жас.
Бір күні бізбен бірге шақыртып ал,
Ұялтып ортаға алып етелік наш.
Шәһардан шығындырып жіберейік,
Мойнына мекерлігі қойылса рас.
Мақұлдап молдалардың жиып бәрін,
Жайдырды шәһіналық жайға палас.
Алдырып үстеріне Әбибулланы,
Қысты көз қылмаңдар деп бұған талас.
Біреуі молдалардың айтты отырып:
— Білетін болды, тақсыр, атынды алаш.
Білімді бәрімізден көрінесің,
Құдайдың зат, сипатын айтып қараш.
— Айтайын зат, сипатын деді һахтың,
Білмейтін барлығың да болсаң мәгас.
Қаларсың от ішінде ойбай салып,
Сынауға сылтауратып айтсақ оғаш.
Бәрі де жауап таппай жалтақтасты,
Кісідей төбесінен тиген томаш.
Біреуі молдалардың мұны айтты,
Бұл айтқан болынған һәл сөзден толас.
Сұрасын Жүсіптің мен таппай жүрмін,
Құраннан қылмаңдар көп сөзім порас.
Балаларға беріп сабақ, жаңа келдім,
Көзіңе көрсетейін, айтсаң рас.
Деп бірі Құранды алып қолына енді,
Ұрғандай енсіз суға болды құлаш.
Таба алмай тағы берді біреуіне,
Молданың менменсіген ойы лас.
Ол-дағы таппаған соң біреу алды,
Досыңның деген бар деп жоғын сұрас.
Таба алмай болды қайран барлығы да,
Молданың білгірсіген бәрі тыраш.
Құранды қолына алып Әбибулла,
Сіз-дағы дегеннен соң тақсыр бір аш.
"Биссымылла раһиман раһим" деп,
Көрсетті ол сүрені Алла үшін аш.
Таңырқап бұл ісіне барлық молда,
Қойғандай қол қусырды шын ықылас.
Қорласаң ас құстырар, ер тыштырар,
Деді хан молдаларға көздеріңді аш.
Жетіде хан бұларды жиды тағы,
Артылар ал байқаңдар кімнің бағы.
Қара есек Әбибулла келді мініп,
Басқаның бар астында арғымағы.
Кіргізіп шәһіналық сарайына,
Ac әкеп амандасып болған шағы.
Алдына молдалардың қойдырып хан,
Жәһанның жеңіздер деді шам шырағы.
Қол салды молда Нияз деген кісі,
Дегендей мен бұлардың баһырағы.
Артынан бәрі-дағы ұрды қолды,
Қалмас деп қарап қалсақ жылтырағы.
Қол ұрмай Әбибулла қалды отырып,
Аң көрген ақсұңқардай қырымдағы.
Хан айтты қатарыңнан қалдың неге,
Көңілінде кегің бар ма бұрындағы.
Құлақ сал Әбибулла деді маған,
Айтайын әпсананы сырымдағы.
Моллаңның бәрі пасық, асың һарам,
Жоқ қылған көңіліндегі нұрын-дағы.
Тәбарік тастағанын көретұғын,
Бұлардың сенсің көпек ырылдағы.
Молдалар сол уақытта ашу қылып,
Лайық деді осының ұрылмады.
Бересің көпті сөгіп көрмей пәтуа,
Мақұл ма мәжнүн сенің мұның-дағы.
Һарамнан ас ішінде нені көрдің,
Ессізсің иісті білмес мұрындағы.
Өлтірсек осы ретте обалың жоқ,
Түспейді халыққа қысас құнындағы.
Деп бәрі ұруға анық айналып еді,
Тоқта деді өңшең Бұхар дырылдағы.
"Құлым!" – деп, Құдай маған берсе жәрдем,
Жүз түгел жұмыс емес мыңын-дағы.
Құдыққа тауық түсіп өліп қалған,
Патшаның сарайының ығындағы.
Шорыға су таситын қиын болған,
Тауықтың ол құдықтан шығылмағы.
Айтпаған қаһарынан қорқып ханның,
Қамырдай қалар ма деп сығымдағы.
Болды үш күн ол тауықтың өлгеніне,
Қонбайды сасығына шыбын-дағы.
Есегім ол құдықтан ішпейді су,
Қоймайды өзге судың дымындағы.
Сынауға сол құдықтан су әкеліп,
Есекке берді халық ол жығындағы.
Тастады аяғымен теуіп төгіп,
Бастағы үзе қашып жібін-дағы.
Құдықтың басқасынан қанбас болды,
Ығалын жалап жердің жымындағы.
Десіп еді бұл қалайша деді күліп,
Есегім бәріңнен де нығымдағы.
Шоры да шынын айтып деді ханға,
Кешпесең шыбын жаным шығындағы.
Ашуын Әбибулла алды сұрап,
Жәрдемі жақсылардың тығындағы.
Бастығы патша болып қол тапсырып,
Бұлардың ел жығылды ымындағы.
Бұзықтық бұл күллия қойылады,
Шәһардың іш пенен сырт құмындағы.
Һақ діннің Әбибулла жақты шамын,
Ақына талапты ердің алла зәмін.
Айттырып азан тәгбір әр орыннан,
Қарық қылды бұрынғыдай діннің қамын.
Суымен саумы салады сақауаттың,
Көгертті көңілінің әркім бағын.
Береке Бұхараға берді Алла,
Шығарып ойдан қия, қырдан ағын.
Әуелде Мыңлан деген ер бар еді,
Темірияр дейтін еді оның нәмін.
Баласы бар еді оның аты Аллаяр.
Жасынан ілім, ікімат ашқан бабын.
Қатым етіп жиырма бесте ханға барып,
Қыл деді қызметке мені тағын.
Бол деді бәжға төре барып онда,
Сындырмай ол сияқты ердің ағын.
Қиянат қатаң түрде қылып халыққа,
Қоймады етпей тіпте ойлағанын.
Бір күні Түркістанның базарында,
Ұстап ап Әбибулланың бір адамын.
Нәрсеңді сатып алған таңба ұрғызбай,
Жүрсін деп жұлып алып қолындағын.
Даурығып дәшіне құлақ қоймай,
Қамшының шекесіне ұрды сабын.
Жарылып басы судай ағып қаны,
Сол жердің жосадай қылды атыз, жабын.
Ақыры Әбибуллаға жылап келіп,
Аңғартты Аллаярдың осы ылаңын.
Шайхы айтты ақына оның дұға етейін,
Деңіздер қол көтеріп бәрің "әмин!"
Я, алла, бұл төреге беріп таупиық,
Көңілімнің кетір деді дәрһал шаңын.
Сол сағат сабыр кетіп Аллаярдан,
Опасыз ошпу жәһанның ойлап заңын.
Жүргенім жарамас деп мұндайынша,
Етуге ой жіберіп дін талабын.
Жүгірді жылауменен Шайхыға дәрһал,
Тәбәрік тұтайын деп ұлтарағын.
Хан, қара тізін бүгіп тітіреді,
Толтырып қорқынышпен көңіл қабын.
– Ей, тақсыр, тағлим бер тарихаттан,
Білдім деді алдымдағы жол ұзағын.
Шайхы айтты сынамаққа сіздер төре,
Біз пақыр бола аламыз қалай шағын.
Теңің шеш теңдесіңе терең ойлы,
Қайтесің бұл араның қол мен қағын.
Есітіл осылайша айтқан сөзді,
Зар жылап жерге ұрып бет пен жағын.
Жастанып жатам деді босағанды,
Алдыма ұстағанша ажал жамын.
Ендеше екі түрлі уағдаменен,
Алуға қызметіме ризамын.
Әуелі тіленшілік етіп төрем,
Бұхардың түгендейсің үй мен тамын.
Екінші бас, сирақ пен қарнын қойдың,
Тамызбай әкеп жерге жын мен қанын.
Деген соң дереу шығып дірілдеумен,
Жоқ қылды төреліктің бар нышанын.
Таубамды Тәңірі қабыл қылар ма деп,
Үйдегі үлестірді елге нанын.
Тіленші "Аллаһу!" деп, болды анық,
Халықтың таңырқасты бәрі танып.
Аллалап арт жағынан қуатын еді,
Кеткенді көз ұшында көзі шалып.
Жын ұрды ел басқарған ер еді деп,
Жыласты жар досының бәрі налып.
Бар еді екі қызы, бір ұғлы,
Жалынды жүр үйге деп бұлар барып.
Олардың айтқанына құлақ қоймай,
Кеші күн кезуге енді кетті ғаріп.
Халықтың қылған қайыр ықсанын,
Қапшыққа қарына ілген жүрді салып.
Тауысып тамам үйді түтін шыққан,
Қасапқа келді Аллаяр көпті жарып.
Бас, сирақ, қарнын қойдың сатып алды,
Пұлына тапқан кезіп Бұхар шарип.
Алды да бас, сирақты екі қолға,
Қарынды қаптап қойды басқа шанып.
Тұп-тура келді шайықтың мәжілісіне,
Алғандай бет пен иекті боққа малып.
Уәлилік жартысына жетісіп еді,
Қасаптан келгенінше ошпу жанып.
Отырып он екі жыл етіп қызмет,
Шайхыдан шарапатлы алып қалып.
Шығарып шәкірт-мүрит ақырында,
Ол болды Уәли алла Мәрдіғарып.
Төрт кітап тірлігінде тәліп айлап,
Қалдырды халық таңырқар ат пен дәріп.
Ол айтқан кітаптардың бәрінен де,
Табылар тыңдайтұғын мейірің қанып.
Жұрт үшін жақсы туар дегендей-ақ,
Ел үшін етті олар өмір сарып.
Бұл күнде заң бұзылып, заман айнып,
Барамыз бұзылуға ыңғайланып.
Қанеки кәраматты ондайша пір,
Елатын шығаратын оттан алып.
Жиғанмен кітап, құран күміра болып,
Нәпсінің айтқанына жүрміз нанып.
Опа жоқ бұл жаһанда, "бар әнда!" деп,
Жіберді керегеге көпті таңып.
Кім себеп күн таусылмай болар екен,
Тұруға екі көзден жастар тамып.
Жаралыс жармасуға түбі терең,
Суына шерменделіктің кеттік ағып.
"Үмитті раһімәтімнен үзбе!" – деген,
Әй, Алла, аятыңды жүрміз бағып.
Екі ердің ет бәндәнді біріне ұқшас,
Шағынан шапағатыңның жеміс қағып.
Атың бар кәламында Кәрим деген,
Тастайсың таршылыққа бізді нағып?!
Кеңшілік күн ертерек көрсетпесең,
Әһіліслам қараңғыда қалды ылағып.
Басыңа-ай, Бәһауаддин, бармағанмен,
Сен үшін шықтық Құран шамын жағып.
Сыйындық сол сияқты көрсет нышан,
Халықтың қайғырғанда хәлін шағып.
Құдайым қылды биік мартабаңды,
Иніңе шарапаттың шенін тағып.
Жәрдемсіз жатқаныңа жабырқаймыз,
Жұрт тегіс жүргенінде жүзің жауып.