18.07.2021
  128


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Әнбия Мұрсал машайық хикаясы

Әнбия Мұрсал машайық,
Жөнеді жұмла жаһаннан.
Білінер белгі қалған жоқ,
Небір асқар мәкәннан.
Қалар дейсің кім аулақ,
"Ажал" деген наһаннан?
Тағдыры бітсе, қоймайды,
Жаның үшін жалынып,
Пұл берсең артық бағаңнан.
Ойланбаған осыны,
Адасып қалған аңғыртпыз,
Парасат пікір паһамнан.
Ғапыл пәнда қамданып,
Сапар ұзын, азық ал,
Ұстамай жаллат жағаңнан.
Бәсі мүшкіл байқасаң,
Мал, мүлкіңе мас болып,
Айрылсаң иман — сақаңнан.
Жағасыз, жеңсіз жейдемен,
Ат қылып мініп асарсың,
Ит кірмес ескі бақаннан.
Жер ошақтай жер қазып,
Жатқызып жалғыз ішіне,
Қайтады халқың апарған.
"Аһ" ұрарсың айрылып,
Ата-ана, аға-іні,
Қарындас, қатар, апаңнан.
Бір Алла "бондам" демесе,
Тартарсың зарлап, зарарды,
Орынсыз сүрген сапаңнан.
Сауалшы келсе, қаһармен,
Жүрегің піскен нандай боп,
Айрылар көңіл — тапаңнан.
Әждаһа көзді, сойдақ тіс,
Албасты шашты, салпы ерін,
Бойлары биік қаһаннан.
Шартарапқа шалқиды,
Жайнаған жалын жап-жасыл,
Ауыздары әйдік апаннан.
Жаңбырлы бұлттай күркірер,
Деп айтады кітапта,
Шығарса, дауыс мақамнан.
Мұрсалың кім, дінің не,
Құданы — бір білуге,
– Бар ма,– деп сұрар, – опаңнан.
Жауабын дұрыс бере алмай,
Тап-тақатың таусылар,
Он екі мүше шақаңнан.
Ол уақытта олардың,
Тікірейер түктері,
Түсіне қылған қаһардан.
Гүрзімен күштей ұрғанда,
Ұсатылған бордай боп,
Жоқ боларсың капаннан.
Айуанаттар тітірер,
Ащы дауысыңды есітіп,
Жақын емес захардан.
Нешік сауда болды деп,
Бәрі-дағы қауіп етер,
Сенің көрген жапаңнан.
Көрмейін десең соларды,
Пайдалы іске бас бұрып,
Бек сақтан лапсі-лақаңнан.
Ей, жарандар, андасаң,
Адам — ит тапқан өлімтік,
Кезіп жүріп жапаннан.
Басында қақ жоқ, көл түгіл,
Айналасы — анық шөл,
Асылында, маған нан.
Жан жоламай жалтарып,
Анадайдан өтеді,
Сасығы сонша жаманнан.
Тырайып өліп қалыпты,
Қарап тұрсаң заманнан.
Бауыр қылмай бұларды,
Келгенге күш көрсетер,
Жүрме деп менің шамамнан.
Етті жеп сасық сондайша,
Салбырап тілі сандалар,
Су таба алмай ол маңнан.
Қарағанмен де ойланып,
Опасыз дүние осындай,
Келе жатқан қалып тәмамнан.
Малғұнға мұндай ісінген,
Һаюан абзал, андасаң.
Осы күнгі адамнан,
Ақылдылар азайып,
Дүние парас бәтпығыл,
Толды ғой жаһан наданнан.
Түзелер еді дініслам,
Райыс, мупты, күс бегі,
Қойылса патша араңнан.
Шариғат шартын жүргізіп,
Саясаттарын құрғызып,
Қорғаса халықты арамнан.
Жол тимесе жүруге,
Сары боздай шұбырған,
Ақ сәлделі жараннан.
Дағуа, жанжал үкімі,
Шаһналық мөрменен,
Бітілсе хасы Кәләмнан.
Қатым кәрда молдалар,
Мағына айтып отырса,
Бұрқан, Әзим Кәләмнан.
Медресе, мешіт салынып,
Шам сәһәр уақытында,
Күңірінсе азан қалаңнан.
Айт намазы кезінде,
Атты, жаяу жамағат,
Келіп тұрса далаңнан.
Мүшкілат мантық, ақайыт,
Ілімдерін ақырлап,
Ақындар шықса балаңнан.
Азығыңды үсірлеп,
Әр жылда зекет шығарсаң,
Қой, түйе, сиыр, танаңнан.
Қазынасы көп қани боп,
Қағба барып, хаж қылсаң,
Дұға алып ата-анаңнан.
Бітіріп бәрін бұлардың,
Демің біткен уақытта,
Жөнелсең дүние — шалаңнан.
Жарық болып күндізден,
Қабырың іші нұрланар,
Тіріңде айтқан санаңнан.
Пейіштен есік ашылып,
Жәһанның жамғы қайғысы,
Жойылар көңіл қанаңнан.
Құдайым — бір, дінім — хақ,
Пайғамбарым — Мұстафа!
Деп қатыр жам боларсың,
Құтылып жауап, намаңнан.
Мүңкір-Нәңкір — досындай,
Қызмет қылып қасыңда,
Асыла кетпейді панаңнан.
Неше түрлі жақсы иіс,
Мұрныңа кіріп, шат болып,
Шығарсың тасып шараңнан.
Көрініп тұрар көзіңе,
Һұрғайынның қыздары,
Тотыдай бойын таранған.
"Біздер – Сіздің жұптың", – деп,
Шырайлы сөз айтылар,
Олар сынды жараннан.
О, дарих, қазақ елаты,
Лаулаған өрттің ішінде,
Шыға алмай қалдың табаннан!
Қала түгіл, қыстақ жоқ,
Бөлініп қалған қойдай боп,
Жәй алдың мұндай қараңнан.
Білмейтін Құдай бірлігін,
Әкіміміз — ғайыр дін,
Соятын соғым — қабаннан.
Закүні мұның машһүр боп,
Шариғаттың шалғыны,
Қадырсыз болды сабаннан.
Шабысына шаң ермес,
Тұралап тұлпар қалайда,
Кейіндеп қалды шабаннан.
Сырдарияны жағалай,
Темірден тартып кермені,
Қарақшы қойды бағаннан.
Басқасын айтып не керек,
Жан сауғалап, тек тұрмыз,
Қол көтеріп аманнан.
Зеңі жұғып осының,
Пасық-пысат көбейіп,
Береке кетті тағамнан.
Әмірі Мағұрып мансұқ боп,
"Мәжнүн ба?" деп, қашады,
Аса алып, "Аллалағаннан".
Таубаның жолы тәрік болып,
Құлдыққа қадам қоймайды,
"Жоралғым – бұл, – деп, – бабамнан!"
Бастан-ақжаһил жұрт едік,
"Мұсылман" аты болмаса,
Бұзықтығы асқан аламнан.
Пазылың кең, бірақ, біздерді,
Қорқынышты кәтерден,
Сақтай көр өзің, я, Маннан!





Пікір жазу