Лұқпан хакім
(Рабғузидан)
Ұғлына үш насихат айтты Лұқпан,
Олардың оңалмас жан сөзін жыққан.
– Бұларды болма өмірде ұмытушы,
Сүйіклі, – деді, – ей, ұғлым, іштен шыққан!
Жасырын сырыңды айтпа әйеліңе,
Жаңа мал біткеннен қарыз алма, мықтан!
Патшаның жаллатымен жақын болып,
Жаныңа зақым қылар, жүргізбе ықтан!
Атаңның арнайы осы артқан жүгін,
Түсірме, тартарсың дақ, тіпті, иықтан!
– Бұлардың барлығын да байқайын,– деп,
Бір қойды қақтап сойып, қапқа тыққан.
Күн батып, көз байланып, болғансын түн,
Көшеден әулісіне қарай ыққан.
Үйіне арқалаумен алып келіп,
Сұрланған, секілденіп шынттап қорыққан:
– Қатыным, қапияда қанын төктім,
Адамның жаңа жолда бір жолыққан.
Көмейік, көрсе біреу, көрсетпес күн,
Осы үйдің ортасынан ашып оқпан.
Қатыны қалбырақтап, қатты қорқып,
Жер қазып, жасырудың жәйтін соққан.
– Кім білер? Кеуіліңді бірле, байым,
Саспа енді, тасып, шығып жатқан жоқ қан,
– Деп қатын кеуілін хәкім баласының,
Басқандай, баса сипап, қылды ылыққан.
Жүргеннен жаңа байып және ақша алды,
Тілләлі тапса-дағы байды тоқтан.
Дәруха деген патша жәндатымен,
Дос болды, "Аларсың,– деп, – мені шоқтан".
Шарт қылып шыныменен, деді ол да:
– Кезеулі, мен тұрғанда, қорықпа оқтан!
– Бағасын білімді ердің білмейді ешкім,
Ажарлы айуан артық ақылы жоқтан.
Сылтаумен сөз қылуға бір күндері,
Қатынға берді екі, үш жұмырықтан.
Шаптыға шашын жұлып салды ойбай:
– Кеуілің жоқ па әлі де, – деп, – тұрыққан?!
Келген соң аға-інісі айқайымен,
Өрледі, әлгілері екен бұққан.
– Барыңдар падышаға біреуің тез!
Қорқамын, қан жүктеуге бұл құныққан.
Өлтірген әнеугүні бір адамды,
Деп бәрін баян етті іште быққан.
Бұлайша барып бірі берді шағым:
– Жан түгіл, жерге де біз емес сұққан.
– Жазасын жан өлтірген жүктетейін,
Келтір, – деп қылды, – бірің! – бұйрық хан.
– Мен шапшаң келтірем! – деп, кетті досы,
"Азат ет, – демей, – оны бұл құрықтан".
Қылышын қынабынан суырып ап:
– Өлетін етіпсің сен іс былыққан!
– Жан достым, жіберсейші! – деп, жалынса да,
– Жүр, – деп, – тез! – жағасынан көп жұлыққан.
Жабысып жаңа бай да: "Ақшам бер!" – деп,
Жаң-жұң боп, базар бүтін жаңғырыққан.
Бұл халмен келді ханның құзырына,
Пайдасы осы еткен үш қылықтан.
Танып шах: – Сүбһан Алла, себеп нешік?
Мұндай іс шықпайтын еді Сіз ұрықтан!
"Оқ жонар — ата көрген" деген қайда,
Хилапсыз халис ендер халық қызыққан.
– Ікіматын әкім ұғлы айт, – деп, мұның,
Пікірге басын салып, хан тыныққан.
– Өлтірген адамымды алдырып көр,
Шаршадым, жоқпын әлі мен тыныққан.
Сөйлейін сонан соңырақ, шәһім, жауап,
Мақтаулы шығып сынық тұр сырықтан.
Деген соң бір жендетке бұйрық қылды:
– Келтір, – деп, – кешіп жүрген қан жұлықтан!
Арқалап, айтқан сағат келтірді ол,
Қабымен ашып алып тез құдықтан.
Сөктіріп шуал аузын көрсе, семіз
Қой еті, қатып-кеуіп құр шыныққан.
Болған соң патша қайран: – Бұл қалай? – деп,
Тымсалмен тебірентті тіл тұғырлықтан .
– Қоянның көжегіндей ғаріп едім,
Бұғатын "бүркіт пе?" деп бұлдырықтан.
Ащыны тұщыменен аңлайды анық,
Сынаса, сұрап әркім, сөзді ұлықтан.
Атамның етпе деген үш түрлі ісін,
Сынап ем сақтануға соңғылықтан.
"Үлгісіз іс — күлкіге тұс" етеді екен
Болып тұр басым топта, ішім лыққан.
Бәрін де бастан-аяқ байқатқан соң,
Күлді де көтеріп бас хан миықтан;
Деді: – Ей, дана ұғлы диянаттар,
Құтқардың қолым тұғып қапырықтан.
– Азды-ау, – деп, – азаданың зүрияты,
Болып ед қайғым қатты ағырықтан.
Біліміңе, бәрекелде, болдым қайыл,
Жолыңнан жоқ екенсің асылы ауыққан".
Әлқисса, алып сыйлау ақырында,
Құтылып қайтты осы дабырықтан.
Білді де бәрінен де басын тартты,
Тарыдай бола жаздап нақ бауыққан.
Көнеден көпті көрген қойып ықылас,
Жақсы сөз жаттамаймыз жабылықтан.
Жылында бір мың үш жүз жиырма төрттің,
Бітілді бұл сұрасаң тарихтан.
1906
Екінші нұсқасы:
Ұлына үш өсиет айтты Ұлықпан,
Айт соның болмапты ешкім сөзін жыққан.
– Мұнымды ұмытушы болма, – депті,
Сүйікті перзентім ең іштен шыққан.
Жасырын сырыңды айтпа әйеліңе,
Жаңа мал біткеннен қарыз алма, мықтан!
Патшаның жаллатымен жақын болып,
Жаныңа зақым қылар, жүргізбе ықтан!
Атаңның арнайы осы артқан жүгін,
Түсірме, тартарсың дақ, тіпте иықтан!
– Бұлардың барлығын да байқайын,– деп,
Бір қойды қақтап сойып, қапқа тыққан.
Күн батып, көз байланып, болғансын түн,
Көшеден әулісіне қарай ыққан.
Үйіне арқалаумен алып келіп,
Сұрланған, секілденіп шынттап қорыққан:
– Қатыным қапияда қанын төктім,
Адамның жаңа жолда бір жолыққан.
Көмейік, көрсе біреу көрсетпес күн,
Осы үйдің ортасынан ашып оқпан.
Қатыны қалбырақтап, қатты қорқып,
Жер қазын жасырудың жәйтін соққан.
– Кім білер? Кеуіліңді бірле, байым,
Саспа енді, тасып, шығып жатқан жоқ қан,
Деп қатын кеулін хәкім баласының,
Басқандай, баса сипап, қылды ылыққан.
Жүргеннен жаңа байып және ақша алды,
Тілләлі тапса-дағы байды тоқтан.
Дәруха деген патша жәндатымен,
Дос болды: "Аларсың,– деп, – мені шоқтан"
Шарт қылып шыныменен деді ол да:
– Кезеулі, мен тұрғанда, қорыққа оқтан!
– Бағасын білімді ердің білмейді ешкім,
Ажарлы айуан артық ақылы жоқтан.
Сылтаумен сөз қылуға бір күндері,
Қатынға берді екі, үш жұмырықтан.
Шаптыға шашын жұлып салды ойбай:
– Кеуілің жоқ па әлі де, – деп, – тұрыққан?
Келген соң аға-інісі айқайымен,
Өрледі, әлгілері екен бұққан.
– Барыңдар падышаға біреуің тез!
Қорқамын, қан жүктеуге бұл құныққан.
Өлтірген әнеугүні бір адамды,
Деп бәрін баян етті іште быққан.
Бұлайша барып бірі берді шағым:
– Жан түгіл, жерге де біз емес сұққан.
– Жазасын жан өлтірген жүктетейін,
Келтір, – деп қылды, – бірің! – бұйрықхан.
– Мен шапшаң келтірем! – деп, кетті досы,
"Азат ет, – демей, – оны бұл құрықтан".
Қылышын қынабынан суырып ап:
– Өлетін етіпсің сен іс былыққан!
– Жан достым, жіберсейші! – деп, жалынса да,
– Жүр, – деп, – тез! – жағасынан көп жұлыққан.
Жабысып жаңа бай да: "Ақшам бер!" – деп,
Жаң-жұң боп, базар бүтін жаңғырыққан.
Бұл халмен келді ханның құзырына,
Пайдасы осы еткен үш қылықтан.
Танып шах: – Сүбіһан Алла, себеп нешік?
Мұндай іс шықпайтын еді сіз ұрықтан!
"Оқ жонар ата көрген" деген қайда,
Хилапсыз халис ендер халық қызыққан.
– Ікіматын әкім ұғлы айт, – деп, мұның,
Пікірге басын салып қан тыныққан.
– Өлтірген адамымды алдырып көр,
Шаршадым, жоқпын әлі мен тыныққан.
Сөйлейін сонан соңырақ, шәһім, жауап,
Мақтаулы шығып сынық тұр сырықтан.
Деген соң бір жендетке бұйрық қылды:
– Келтір, – деп, – кешіп жүрген қан жұлықтан!
Арқалап, айтқан сағат келтірді ол,
Қабымен ашып алып тез құдықтан.
Сөктіріп шуал аузын көрсе, семіз
Қой еті, қатып-кеуіп құр шыныққан.
Болған соң патша қайран: – Бұл қалай? – деп,
Тымсалмен тебрентті тіл тұғырлықтан.
– Қоянның көжегіндей ғаріп едім,
Бұғатын "бүркіт пе?" деп бұлдырықтан.
Ащыны тұщыменен андайды анық,
Сынаса сұрап әркім сөзді ұлықтан.
Атамның етпе деген үш түрлі ісің,
Сынап ем сақтануға соңғылықтан.
Көрмекке хайыл болып бұл бейнетті.
Атамның айтқан ақылы даналығын,
Көрдім де көзбен әбден зейілім жетті.
Бұл істен басқалар да үлгі алсын деп,
Мойынға алдым, тақсыр, бір міндетті.
Тәптішке түсерімді білсем-дағы,
Тартпай бас тәуекелмен келдім, – депті.
Үш түрлі өсиеттің ғаламаты,
Басымнан бәрі тақсыр бір күнде өтті.
Бағдарын бәрінің де байқаған соң,
Бас тартып бұл бағыттан бұрдым бетті.
Асылында алмаспаймын дегенменен,
Басынан бір білместік кімнің де өтті.
Болғанмен сыртым бүтін, ішім түтін,
Ар көрдім әркімге сыр білгізбекті.
Бұл жағдай бір мен емес, байқағанға,
Талайдың кірсіз көңілін кірбіңдетті.
Анықтап ашпақ үшін істеп едім,
Арасын өтірік пен шынның, – депті.
Баяндап бар қылмысын Халифаға,
– Ырзамын үкіміңе еткен тұрдым, – депті.
Халифа хайыл болып біліміне оның,
Айлапты етіп тағзым, зор құрметті.
– Рахмет үлгі үйреткен ұстазыңа,
Атадан сендей туған ұлдың, – депті.
– Тентек пен жөн, теріс пен оң нәрсенің,
Мен де әбден байқап, парқын білдім, – депті.
Сарқылып санаулы дем солардан да,
Сүргенмен сан жыл дәурен бір күн кетті.
Тірлікте түгенделмейді кем-кетігің,
Аз өмір әркімдерді сүргіндетті.
Талайлар "таңлақ тимейді" деп жүргенде,
Бастан бақ, қолдарынан тізгін кетті.
Тағдырдың тақсымы ажап, аңдағанға,
Жазбаған бір туғанмен бір жүрмекті.
Сондықтан соңғылыққа мысал үшін,
Ұсындым алдарыңа мен бұл кепті.