18.07.2021
  147


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Жарлы хикаясы

Жарлыны жаныңдай күт, тұтпа жарым,
Тартпайын десең жаным, жоқтың зарын.
Масыққан мал-мүлікке миы аздардың,
Дауамат қолында Алла қоймас нанын.
Құлпының қырық қашырға кілтін артқан,
Ес болса, ескеріңдер қайда қарын.
Қайыр, ықсан ғаріптерге қылмаған соң,
Қара жер қоса өзімен жұтқан малын.
Оқыдық ісі таптардан көзбен көріп,
Ұзатпай үш нәрсені өртер жалын.
Біреуі — залым патша, бірі – уәзір,
Себепсіз сөгетұғын халықтың бәрін.
Біреуі — қара кеуіл қайырсыз бай,
Асының таттырмайтын жұртқа дәмін.
Жетімге жесірменен берсе қорлық,
Қуратар қорлықпенен шаш, сақалын.
Ақ берсе халыққа беріп, қайыр ойлап,
Ақылды ақыреттің ойлар қамын.
Есіттім ел басқарған ерлерден көп,
Өткеннің осылайша бір мысалын.
Бір байдың қасындағы қоңсысы көп,
"Май бер,– деп, ас қатықтық" айтқан әлін.
Берген ол масқаралап "міне май" деп,
Сигізіп бір шыныға тек ауарын.
Шын біліп "шыны тола май берді", – деп,
Қуантқан қатын менен балаларын.
Аңламай астарына әні құйып,
Ішкен соң біліп байдың қорлағанын.
Көтеріп көкке қолын қылып нала,
Деді: – Алла, дәулетінің бер зауалын!
Наласы аш-арықтың ара мысал,
Кімдердің күжім өскен кесер талын.
Мақұл боп мінәжаты осы қылған,
Жарлылық жыл айналмай кетірді арын.
Тентектің түстен кейін есі енгендей,
Байқаған бұл дүниенің кең мен тарын.
Құрт түсіп тісіне оның зақым тартып,
Тарыққан, тата алмай астың дәмін.
Қоймай һақ үрерге ит, сығарға бит,
Көрсеткен күннен күнге зор қаһарын.
Таба алмай тіс түбіне жүрді дәрі,
Дүниенің қолындағы кетіп бәрі.
Қайырсыз о басында болғанынан,
Жанына жоламаушы еді жас пен кәрі.
Жат түгел жақыны да барғанымен,
Үйіне кіргізбеуші еді "кет!" деп әрі.
Жегіліп жұмысына әркімдердің,
Қатын мен қаңғып кетті балалары.
Кімді қор тұтсаң, соған зар боларсың,
Мінекей қоңсысына айтқан зары.
Бермесең құртқа дәрі, Құдай үшін,
Өлуге баярыңның жетті һәлі.
– Берейін бір дәріні кідіре тұр,
Жадымда жақсылығың бар, – деп, әлі.
Мақтаға бедеуінің боғын орап,
– Шайнасаң шабыттанып, ердің нары,
Зақымнан құрттың қалас боласың, – деп,
Жіберді балалардай аңдап әні.
Аузына алып барып салған сағат,
Білініп бұзық исі, боқтың дәмі.
Сұрады қайтып келіп: "Әлгі берген,
Дәріңнің не еді, – деп, – ісмі-намы?".
– Майыңның өзің берген күнжарасы,
Реңі өзгеріліп болған сары.
Деген соң: "Келді алдыма қылғаным" деп
Қинады құрттан да артық қайғы-қамы.
Сондайша сыйымсыздық сыйлады сол,
Іс болар ұнамайтын беттің шаңы.
Құдыққа "құриын" деп, кетті ол түсіп,
Көркейді кедей көңілі, атып таңы.
Қарасып жетім-жесір, жүдеулерге,
Тойынсаң тоба қылып, Ақты таны.
Бітсе мал бейақылға бермес қайыр,
Тыңайып тартса айыл, тулар жабы.
Өкініш ойланбаған көрер ақыр,
Мағынасыз сөзден қайтар ердің бағы.
"Ойлап ет, ойнап етсең де" деген нақыл,
Мизаны милы ерлердің бұрындағы.
Создың деп сөз аяғын сөкпе, халқым,
Жүйріктің кездірілмей келмес табы.





Пікір жазу