Әділдік жайлы арыз
(Ахметжан Қойшығұлов жолдасқа)
Жасаңыз жолдас! Келгелі,
Болғаным жоқ жағдайсыз.
"Жақсы ма, - деп, - жай, күйің?"
Әрқашан сұрап, андайсыз.
Жарқын жүзді, жаз күнгі,
Жарқырап атқан таңдайсыз!
Кездескен соң сізге кеп,
Боламын қайтіп маңдайсыз?
Ақ, қараны ашатын,
Ақылға дихан шамдайсыз.
Жазығым жоқ жатырмын,
Қандай шара қамдайсыз?
Өтірікті айтпаймын,
Сөзіме сеніп, нанғайсыз!
Көптен бері боп жүрмін,
Бүріскен тондай, шалғайсыз.
Қор қыла бермей, қалай да,
Қатарға қосып алғайсыз.
Қыран құстай қияға,
Қайырып, баптап салғайсыз.
Жетіспеген жерімді,
Беріп жәрдем, жалғайсыз.
Мен түгіл, мұнша жұрт сыйған,
Кең салынған залдайсыз.
Қарағанда алыстан —
Асқар биік жалдайсыз!
Таңдайдан талқы кетпейтін,
Тамылжыған балдайсыз.
Әдетіңіз — әр істің,
Татауын тауып, талдайсыз.
Дейсіз де, жақтырмасаңыз:
"Негізі надан малдайсыз!"
Жақтырсаңыз, Жайқұннан,
Өткізіп салар салдайсыз!
Шымкент, 1937 ж.
* * *
Кеттің бе, ата-бабам, азып жынша,
Балаңа бір қарамай жатқан мұнша?!
Сырттағы ғайбат сөзге сенді - дағы
Енкібі етті мені борша-борша.
Болып тұр барлығы да, байқауымда,
Жүністі жалақтап кеп жұтқан нанша.
Отырмыз онда - дағы үміттар боп,
"Кеңшілік көрсетер, - деп, - мойынсұнса".
Болмады онда - дағы еш ішарат,
Көрсеткен кереңдерге иекпен ымша.
Көзден жас қиналғанда шығады екен,
Тамылжып таң алдында түскен дымша.
Орнына ой ойнақтамай, орнығар еді,
Сендерді сана көріп, көңіл тынса.
Адамның бәрі осындай бола ма екен,
Санаулы сарқылып дем, көзді жұмса?
Қозғалып қол беріңдер қалайда да,
Қаржалтты қайғы-қасірет батпақ, құмша.
1937.
* * *
- Ей, Алла, болғаннан соң рақматың мол,
Жалбарып, жанабыңа созамын қол.
Жадырап, жазығымды жарқыраған,
Ете гөр, көлеміне көз жетпес көл.
"Тілеңдер, тілектеріңді берем!" - деген,
Неше рет оқыған соң аятынды ол.
Ойымнан уайымды қуаладым,
Береді деп бостандықтан біздерге жол.
Қалайда, бел буулы, жең сұғулы,
Шынына сенгеннен соң сөзіңнің сол!
* * *
Қайбір іс, Қадір Алла, өзіңе асан1,
Қамаудан құтқарасың мені қашан?!
Орынсыз өкінішке ұшырасып,
Отырмын жүдеп-жадап, болмай нашам.
Ерте-кеш еріктіріп қойғаныңмен,
Еттім бұл: "Тентектік қып неңді шашам!"
Қайыл боп қалайда да бірлігіне,
Өзіңді ойыма алып орындасам.
Қылатын қысымшылық бар ма ертең,
Қолыма қисайғанмен алған асам.
Шек - шүбә, қайткенменен, көрінбейді,
Кеші - күн кеуіл бағын араласам!
Айыбымды өзге түрлі өтпеуіңе,
Менің көп таңырқарлық таң-тамашам.
Болғансын анық құлың азсам, тозсам,
Өзіңе қорғаламай, қайда қашам?
Табына таршылықтың төзе алмай,
Тарылып табиғатым, бітті шыдам.
Сонда да сақилығыңды Сенің ойлап,
Сияқты қайнар бұлақ қайнап, тасам.
Артықтау айтқаннан да берер - ау деп,
Қуанып қолым жайып, қойнымды ашам.
Алдыма: "Ал, онда!" - деп, үйе салсаң,
"Құлдық!" - деп, бауырыма бәрін басам!
Атыңа Кәрим деген лайық қой,
Бір емес, минутінде мың сұрасам!
1937