Қазалы түрмесінде Жақыпқа айтқаны
Жақыпжан, жудырып бер көйлек, ыстан,
Әйелді тіліңді алар тауып тұстан.
Жылы су жуынарға болған емес,
Бет, қолды бері қарай осы қыстан.
Сондықтан сатпағынан саусақ, қолдың,
Жиіркеніп жегендерін әркім құсқан.
Көрсетпей көше жүзін конвоймен де,
Кеңес тұр кейю менен, қайтпай сұстан.
Әр түрге әр берем деп, салып жатыр,
Қайратқа қатты мініп Қазақстан.
Бұл жағдай бәріне де болынып тұр,
Қарасақ хабар алып қайбір тұстан.
Ентігіп, елеңдеуді енді қойды,
Көкірек көкке қарап алып ұшқан.
Жүдетіп уайымның жүгі жұртты,
Қаусатып қабырғаны қатаң қысқан.
Үстіне жығылғанның жұдырық боп,
Арқанды жоқшылықтың арқаны ысқан.
"Сақтар, - деп, - сонда да Алла" үміткер ел,
Түлетіп томағасын тартқан құстан.
Кірмейді өңің түгіл, түсіңе де,
Сұлулар сұңқар мойын небір құшқан.
Ізіне ертелі-кеш ергеніңмен,
Опасыз, ойлауымда, дүние — дұшпан.
Сотталып алды оннан өңшең маңғал,
Бүк түсіп, түрмеде отыр болып пүшман1.
"Қамауда қапияда қалам ғой", - деп,
Қаптап жүр құмырсқадай қашып, пысқан.
Бақыт құс бастарынан көтеріліп,
Арыстан азып-тозып, болды тышқан.
Қошқардай мекіреніп, мыңы жатыр,
Зал үйде жан-жағы тор салған қыштан.
Бермесе Алла ақырын айналып тұр,
Бай, құлақ, бадырақтың бәрі арыстан.
Берекет бас болған соң болмай қалды,
Табы жат, негізі кедей нақұрыстан.
Шарт түйіп шықса елге ат құйрығын,
"Қайда,- деп, - қышылды су ?" - қыдырысқан.
Қамы үшін қатын бала, қарындастың,
Қауіп қылып, қонысынан халық жылысқан.
Жете алмай жерлеріне еңіреуде олар,
Түрткі жеп түбі бөтен жат жыныстан.
Қояннан қас мергенге қорлық жетті,
Балтасы бес атардың бұзбай пыстан.
Ерлерден ел қорғаған ерік кетті,
Сағадан сынып семсер, найза ұштан.
Жігітке жапа шекпей, сапа болмас,
Асылында, азаматтар, жеме еш қам!
"Болсын, - деп, - бектен белгі", - назым қылып,
Бұл болды бәріңе де берген нұсқам!