18.07.2021
  154


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Бір түйір бер, Телекеш, тауып шекер

Бір түйір бер, Телекеш, тауып шекер,
Шекерсіз шайды, асылы, ішу бекер.
Қатынас қалайда да қылу керек,
Кең ойлы кездескен соң біздей екі ер.
Қазанда қалайда да хан сияқты,
Біз саған әрі қонақ, әрі нөкер.
Болмаса үкіметтің берген наны,
Жоқ боп тұр ылаждайтын тіпте ілекер.
* * *
Тоқбике тапсырды осы жазған хатты,
Жабықпа жүргізіп тұр арба, атты.
Кеңестің кендігінен көп үмітім,
Етер деп, Иншалла, марқабатты.
Екеуміз бір төсекке бас қойғалы,
Болып ек бір - біреуге балдан тәтті.
Сондықтан, сасқалақтап қалғандығың,
Қалайда қабырғама қатаң батты.
Отырса ұл менен қыз оң, солында,
Жатар ем күйінбей-ақ керіп шатлы.

1930
* * *
Туысқан бізден ақпар жар мен досқа,
Аман-сау барсыңдар ма, уақыт қош па?
Қамалып Қармақшының түрмесіне,
Отырмын "Бұл қалай?" деп бостан-босқа.
Ой шіркін олай, бұлай ойқастайды,
Балықтай басы айналып болған жоспа.
Сендерге сол себептен сәлем жазып,
Жібердім Тоқбикені етіп пошта.
Беріңдер қалай - дағы ақыл тауып,
Бірігіп бір - біріңмен басты қос та.

Қармақшы, 1930
* * *
Саламат отырмысың, жаным кемпір,
Арада аса алмас бұлт, биік бел тұр.
Онда да уайымдап үміт үзбей,
Өзіңді өте бағып бапқа келтір.
Кеңестің кеңшілігін күтіп күн-түн,
Тұтқынның тілегінде талай ер тұр.
Қауышып қалайда да қуанармыз,
Дей қойса: "Үй-ішіңмен енді тең тұр!".

1930
* * *
Осыдан ел-жұртыма барсам аман,
Қуанып, күлсе бәрі көрген заман.
Кеулімнен кетер еді-ау ұмытылып,
Осындай өткен күндер ете жаман.
Қалайда Қадір Алла қылып ең ғой,
Талайын тарыққанның баққан маман.
Менің де мақсатымды беріп тегіс,
Атақты асқар тау қыл, аумас табан.
Тас тиіп тұмсығына, тұра қашсын,
Қорқылдап келгенменен небір қабан.
Көбіне қазынаңның көз жеткен соң,
Қол қоймай, тұрайын ба тартып шабан?
Гауһар, дүр кедергісіз кетпей алып,
Қайтуым қатты ұят қой қаптап сабан.
Ұзамай осындайша болуыма,
Жалпы өткен жар бола бер, ата-бабам!
* * *
Құтқарып қиындықтың тұзағынан,
Бақ, дәулет беріп енді ұзағынан.
Көркейтіп күннен-күнге көндімді, Алла,
Кендіктің көрсет айын бұл жағынан.
Халық біткен қағып таңдай таңырқасын,
Кеткендей бір жолбарыс бұзамынан.
Қайылмын қалайда да бірлігіңе,
Шықсам да шариғаттың нызамынан
Үміт бар өтеп айыбымды дереу деген,
Күжімдей тола өсіп озамынан.
* * *
Болыңдар, балаларым, сау-саламат,
Тоқылып, тайды, атаңа бір мәләмәт.
Кешігіп, кеткенімнен, қала қойсам,
Сендерге тапсыратын бұл аманат!
Анаңның алғысын ал, күтіп таза,
Етпеңдер едірең деп, асылы, наза.95
Жағдайы, жүз айтқанмен, жоқ қой менсіз,
Ас, суда болмағандай тұзсыз маза.
Қалмасам бұл қатардан кетіп қашық,
Тұрындар қатынасып, хабарласып.
Өздерің есен-аман боп тұрсаңдар,
Несіне мұңаяйын мұның сасып.
Етсеңдер осыны, жоқ сендерге өкпем,
Ұлы той — қайғы, уайым көрген көппен.
Қалармыз қалайда да ұшырасып,
Теріп жеп тұз бен дәмді Тәңірім сепкен.
* * *
Өтіндің өлең бер деп маған, інім,
Тілінді неге алмасын ағаң, інім?
Ағысы тасты аударып кететұғын,
Бұрында болғанменен саған, інім.
Бұл күнде қамшы кесті кер бедеудей,
Баяулап, болып жүрмін шабан, інім.
Болғанмен аң құтқармас анық тұлпар,
Жегені жемсіз ылғи сабан, інім.
Қаптаған қалың топтан қыра оза,
Қалайша қағып тізгін шабады, інім.
Ойланып онда - дағы осы ретте,
Көп емес, берейін сөз шамалы, інім.
Жаңылмай жақсы түрде жаттап алып,
Етерсің аз да болса амал, інім.
Үйренсең үлгі, өнеге үлкендерден,
Бұзарсың қақармандай қамал, інім.
Өзіме өз ақылым болады деп,
Жүргендер тапқан емес қамал, інім.
Тасқындай тауды, тасты тыңдамайтын,
Жетерсің талабыңа тамам інім.
Зейілімнің жетіспеген жері болса,
Дей көрме: "бұл айтқаның жаман", - інім
Өзіме оны әкеліп оқыттырсаң,
Дәлелін неше түрлі табам, інім.
Қалайда халық құмарын қандырайын,
Кеулінде бар ағаңның, сабан білім!
***
Уаштың Бабай ұлы білдім сырын,
Жүретін жігіт екен жүдә қырын.
Көтеріп кеуілінді, күле қарап,
Отыру оған арам сөйлеп шырын.
Жылатып бір жас қызды, басып, шөгіп,
Етіпті іш киімін жырым-жырым.
Қайратым қатын, қызға сондайша деп,
Мақтанып көтереді көкке мұрын.
Бәрі де есіткеннің ішін тартып,
Бүрсійтті 96"Бұл несі?" - деп, беттің нұрын.
Көсемнің Лениндей арқасында,
Емес пе еді ұмытылған ондай ырым?
"Осы ісің өте ұят болды", - десем,
Суытып, сұстанады маған түрін.
Ақымаққа асы құрлы болмайды ғой,
Қайткенмен көз қызығар гауһар, дүрің.
Ұрысып оныменен жатайын ба,
Жалбақтап, жалынам да күні бұрын.
Отырам үндеместен төмен қарай,
Қайныңа күйеулердей келген ұрын.
* * *
Қойындар көтертпей-ақ тастарыңды,
"Болады", - деп, изесіңдер бастарыңды.
Келгелі кеші - күндіз күліп, ойнап,
Ішіп, жеп отырған соң астарыңды,
Келмейді, келсе шама, өкпелеткім,
Үрпитіп, үріккен қойдай шаштарыңды.
Тигендей тебем көкке болып қалады,
Қойсаңдар қағып қыздай қастарыңды.





Пікір жазу