18.07.2021
183

ҚАЙРАН, ҚАЙНАРБҰЛАҒЫМ!
Сенде тұңғыш қуанып,
Сенде тұңғыш жыладым.
Қала көрме суалып,
Қайран, Қайнарбұлағым!
Сенде тұңғыш биіктеп,
Шарықтады жыр-әнім!
Ұлыңды елге сүйікті ет,
Қайран, Қайнарбұлағым!
Жалғандықтан бездім де,
Шындық болды тұрағым.
Қадіріңді сездім бе,
Қайран, Қайнарбұлағым?
Өзің берген төзіммен,
Сан сындарға шыдадым.
Ата-анамның көзіндей,
Қайран, Қайнарбұлағым!
Мендегі адал сөзімдей,
Көк балауса құрағың.
Кәусарлықтың өзіндей,
Қайран, Қайнарбұлағым.
Аярлықтан аулақпын,
Шындық — шұғыла шырағым.
Көкейден жыр саулаттың,
Қайран, Қайнарбұлағым!
Сенде тұңғыш марқайып,
Қатар ұшты сыңарым.
Қала көрме ортайып,
Қайран, Қайнарбұлағым!