18.07.2021
141
Бір торығу, бір шаттық
Жүрек тулап сағынады қысылып,
Сүйген адам сүрінбейді, ісі нық.
Жарты емес, бар ғаламды алдыңа,
Мені сүйсең қояр едім ұсынып.
Жан дүниемді елітті кеп ақтығың,
Сағынумен таңым атып, батты күн.
Қосылуды тағдыр жазбай, не шара?
Сағым болып жоғалғандай шаттығым.
Дара туған жер бетінде жоқ теңің,
Сен болмасаң жетпейтіндей оттегім.
Арайыңнан бар тіршілік нәр алып,
Құлпырады шарпығанда от демің.
Жүрегімнен орын алған, Ханшайым,
Өтер екен сенсіз тағы қанша айым?
Өн бойымды сағыныштың оты өртеп,
Тығылғандай көмейіме нан, шәйім.
Бал шекердей дәмі кетпес, Тәтті қыз,
Өмір деген - тоғыстыру, қақтығыс.
Жолымызды бір арнаға салатын,
Келер алда сабыр қылсақ сәтті күз.