17.07.2021
  357


Автор: Серәлиев Нәсредин

Түйме

Бір күні Ермек мектептен түйме қадауды үйреніп қайтты. Япыр – ау, бұрын неғып байқамаған? Түйме қадау оңайдың оңайы екен ғой. Инеге жіпті сабақтап, ұшын түйеді екен. Киімнің екі өңірін қаусырып, түйме қадайтын тұсын межелеп алады екен. Сосын түйменің көздерінен инені әрлі – берлі өткізе берсе, іс бітіп жатыр екен.
Түс кезі еді. Ермек үйіне көңілді келді. Келген бойда ойнап жүрген төрт жасар қарындасын қасына шақырып алды да:
- Сен білесің бе түйме қадауды? – деді.
- Жоқ, - деді қарындасы басын шайқап, - Сен білесің бе?
- Білем! Үйретейін бе саған да?
- Үйрет.
- Әкел, ендеше, пальтоңды!
Маржанның мақталы, қара масаты пальтосы бар еді. Жүгіріп барып, төргі үйден алып келді. Түймелерінің бәрі орын – орнында. Үзілгені жоқ. Бас бармақтай қаракөк түймелер жұтып қоятындай жылтылдап тұр. Ермек қарындасының палтосын алдыруын алдырса да, не істерін білмей, бір сәт ойланып қалды. «Қиып тастап, қайтадан қадап берсем бе екен?» Бұл ойы өзіне ұнап кетті білем:
- Тез, Маржан, қайшы әкел, - деді асықтырып. Қарындасы тымп – тымп жүгіріп, қайшыны да жеткізді. Ермек көк жұлған лақтай, өткір қайшымен түймелерді біртіндеп бырт – бырт қия бастады. Маржан шыдап тұра алмады. Киіміне жаны ашып:
- Үзбе түймемді! – деп баж етті.
- Тұра тұр, қызық болады, - деді Ермек пальтоға жармасқан қарындасының қолын қағып.
- Не қызық?!
- Қазір... Қазір қадап берем қайтадан.
Маржан көнді. Ермек қарындасын оған – бұған жұмсап отыр.
- Ине әкел! Жіп әкел!
Маржан мамасының көр – жер салатын қобдишасын сол күйінде көтеріп келді. Қобдишада жіп те, ине де бар екен. Жұдырықтай төккен жіпке шаншулы тұрған инені алып, Ермек:
- Маржан, мә, сабақта! – деді.
Маржан көршідегі кемпірге талай ине сабақтап бергені бар-ды. Қиналған жоқ, көзді ашып – жұмғанша сабақтады да тастады.
- Міне, қара, - деді Ермек инені қолына алып. Ол таңқы мұрнын қос – қосынан тартып, пысылдап, терлеп – тепшіп түймені қадап жатыр. Бір кезде сұқ саусағына ине шаншып алды. Бірақ сыр берген жоқ. Қарындасына сездірмеймін деді ме, қабағын шытса да, дыбыс шығармай шыдап бақты.
Түймелер орын – орнына қадалып болды. Ермек масаттана жымиып:
- Үйрендің бе? – деді қарындасына.
Маржан бас изеді.


***

Тамақ ішіп, сабақ әзірлеп болғаннан кейін Ермек тағы тыныш отырған жоқ. Түйме қадау қызық, ермек сияқты. Енді ол шкафты ашып, әкесі мен шешесінің киімдерін аударыстырды. Үзілген түйме болса, қадап қоймақ еді. Бағына қарай, әкесінің қаракөл жағалы сұр пальтосының бір түймесі үзілген екен. Күшпен жұлынған болуы тиіс, үзілген жіп тұлымдалып тұр. «Қадап қояйыншы,- деді қуанып, - папамның жұмыстан қолы тимей жүрген шығар». Бірақ ол қадайтын түйме таба алмады. Сосын көп бас қатырған жоқ, өзінің жеңінен бір түймені үзіп алып, қадай салды.
Кешкілік ол жұмыстан оралған әкесі мен шешесінің алдынан жүгіре шықты.
- Түйме қадауды үйрендім мен.
- Айналайын, ақылдым! – деді шешесі бетінен сүйіп.
- Азамат бопсың ғой онда! – деп әкесі қуанды.
- Менің түймемді қадап берді, - деді ағасын мақтап Маржан.
- Қайдағы түйме?! – деді шешесі елеңдеп.
Маржанның киіміндегі түймелер тегіс қадаулы болатын. «Сірә, үзіліп қалып, сосын қадап берген ғой» деп ойлап еді, Маржан пальтосын алып жетіп келді. Көріп еді, түймелер түгелдей орнында. Бірақ ақ жіппен қадапты. Қабағын түйіп:
- Осы ма қадағаның? Жетістірген екенсің. Қара пальтоға ақ жіппен түйме қадағаны несі?! – деп кейн бастап еді. Маржан қарап тұрмай тағы бір нәрсені шығарды.
- Папамның пальтосына да қадады.
Әкесі өзінің пальтосына қадалған Ермектің кішкентай түймесін көрді де:
- Бұған не айтасың? – деді.
Не айтсын, күліп жіберді шешесі де.





Пікір жазу