Мектеп бітіргендеріне 50 жыл болған сыныптастарыма арнау
Өмір асулары
Өмір, өмір, өмір атты белестер, Өмір деген шығып өткен дөңестер. Өмірімнің өзектері өздерің, Өмір десем өткен күнім елестер. Айтайын бүгін сырды ақтарайын, Қалайша мұндай күні тоқталайын. Кешегі бірге оқыған сыныптас деп, Құлашты кеңге сермеп мақтанайын. О, менің қадірменді құрдастарым, Жазатын өмірдегі жыр дастаным. 50 жыл шежіресін шертейікші, Қосылып жатқан күні бір бастарың. Есте ғой балалық шақ кездеріміз, Пәк сезім, мұңсыз еді көздеріміз. Балалықтың бал дәмін бірге татқан, Бүгінгі мына отырған өздеріңіз. Қайтпаушы едік алтыбақан тепкенде, Айдың нұры беттен сүйіп өпкенде. Таң самалын сезуші едік дариғай, Бозторғайдың үні үзіліп жеткенде. Ақсүйек те ойнаушы едік лақтырып, Жаның қалмай жүгіруші ек қақтығып. Қарның ашып, шаршағанда тараушы ек, Кеудемізге бал-бұл жанған бақ тұнып. О, балалық неткен тәтті сезім ең, Қиял қуып, ой теңізін кезіп ем. Талаптансам тay қопарып кетердей, Бойымдағы құлшынысты сезіп ем. Бірге оқыдық, бір жыл бардық мектепке, Алға ұмтылдық армандарға жетпекке. Бір атаның баласындай тату боп, Он бір жылды бір бітірдік көктеп те. Тарыдай ек таудай болып шыққанда, 65-тің түлегі едік ұққанға. Ұстаздар да ақ жол тілеп тұрып ед, Біз мектептен қанаттанып ұшқанда. Жастар едік қанатымыз қатпаған, Ұстаздар ғой білім беріп баптаған. Түлеп ұшқан бала қыран секілді, Үлкен өмір дариясына аттаған. Есейдік білім алдық салмақтанып, Кетпедік үгітіліп жармақталып. Заманның ағысымен жүзе білдік, Өмірдің теңізіне қармақ салып. Өмір өзен өткелінен өтіппіз, Белестерді бағындырып кетіппіз. Ата-ана боп шаштарымыз ағарып, 70 жастың желкесіне жетіппіз. Еңбек етіп, елге де жаққанымыз, Өсіп, өніп немере баққанымыз. Келін aп, қыз ұзатып тамыр жайып, Оттарын алаулатып жаққанымыз. Қарттық кеп, жастық өткен шақтарымыз, Өмірге не бердік деп мақтарымыз. Ұрпақ өсіп өркенін жайып жүрсе, Сол біздің көк шалғынды бақтарымыз. Туған жердің қасиетінен нәр алдық, Қиындыққа қасқайып та бара алдық. Қайсарлық бар, қабілет бар бойыңда, Өйткені біз, Шұбартаудың топырағынан жаралдық.
Оралғайша Қыдырова