Түйебай өлгенде әйеліне айтқан көңіл қосы
Құлақ қой, қайғы ішінде қалған жеңге,
Бар ма лаж, өкінгенмен, біткен демге?!
Қайғысы қайтыс болған марқұм ердің,
Сен түгіл, сырт ағайын, батты елге!
Ой тауып Өмекеңе беретұғын,
Ұқсас еді бұлт шөгетін биік белге.
Қалпы осы қалайда да болғаннан соң,
Ұқшалған дүния — сағым, өмір - желге.
Көшетін күні ертең керуенбіз,
Қос тігіп қонақтауға құба шөлге.
Жақанға жаратылып келгеннен соң,
Қан жұтып қамықпаған қай бір пенде?
Ата-ана, аға-іні, ұл менен қыз,
Алланың аманаты болса пенде.
Болат бол болған іске, босаң тартпай,
Орнында отын жағып отыр, көн де.
"Бұл нәубет бізге - дағы болады - ау", - деп,
Бәндәлік бажай қылып, кеуліңді өн де.
Ақ досы — Қабибулла сәруарды,
Үлгі ету — өте керек осы жөнде.
Қалмаған қыздан басқа онан да ұрпақ,
Дүниядан өмір бітіп өтерінде.
Келеді әлі ұрпағы қыздан болған,
Замана найыбы боп неше пенде.
Ғибрат ақылың болса алып мұнан,
Демей-ақ: "Кемшіліктің бәрі менде!"
Тілегін тілеп қалған екі жастың,
Ерте, кеш ет шүкірлік, болмай делбе.
Шат қылар майданында мәқшардың,
Қыдыр Хақ қауыштырып кәусар көлде!