16.07.2021
  200


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Үбісұлтан Аяпұлының баласына айтқан көңіл қосы

Қолыңнан жібек баулы қашты тұйғын,
Күллият келмеуші еді жанға қиғың.
Түрі жоқ таптыратын тұс-тұсынан,
Жоқтас деп келгенменен жұртты жиғың.
Аңыңды ойындағы алып берер,
Алдында ұшырасып ондағы үйдің.
Шүкір ет, шаруаңа шық, шырағым,
Екі, үш жыл ермек етіп, иіскеп - сүйдің.
Кемді күн күйінішін көрсеткенмен,
Табағын таңда меқшар тартар сыйдың.
Барамыз бәріміз де бітсе өмір,
Тірілік тәрізін де тұтқан шидің.
Тәңірінің тағдырына тәнді байлап,
Толқымас төрелері толық мидың.
Арналған ауыр жүкке өзің - дағы,
Нардай ең, нарау тартпа, түсіп иінің.
Қамықпай қайбірі де кеткен емес,
Пайғамбар, патша мен хан, датқа, бидің.
"Құлдық!" деп, қусырғансын қолын олар,
Кемтігін кен қылған Хақ кеткен күйдің.
Солардай сабыр етіп сен де сұра,
Пазылыңмен бас өзің де іштің күйігін.
Ұмытпай, уайымы өркендеген,
Талайы таянғанның екі бүйірін.
Дүнияң екі бірдей абат болар,
Алла әгар: "Ал, құлым!" деп, етсе мейірім.
Бағыңа бұлбұл қонып, бітер гүлдер,
Тап келіп талайыңа тасқан иірім.
Қалайда, халық сыйлаған, қали қалмайды,
Жұртыңа жігіт едің жаққан пейілің.
"Көл деген — көп дұғасы" қата емес,
Түсерсің қалыбыңа, қанып мейірің.
Есітіп, елің тегіс тілеп жатыр,
"Қайырлы қылғай да, - деп, - мұның кейінін
Қадыр Хақ халық тілегін қабыл қылып,
Жақанның қуанарсың құрып сейілін.
Уа, дарих, өмір бітіп өтіп кетті,
Айтатын ағаларың сөздің сейілін!
Су сепкен қанатымен қарлығашша,
Білдіріп, бітті әпсана, ағаң зейілін.
Дамолла Тұрмағамбет қолым қойдым,
Мұны да тастамассың, тартса мейілің!





Пікір жазу