Есіркепке
Қадырдан хат жолдадым Есіркепке,
Білдіріп іш күйерлік жөнін текке.
Қалыпты жарық көңілің жабық болып,
Көз көрмес кездескендей бір түнекке.
Қар дүния қарары жоқ қылмайды опа,
Пайғамбар, патша, уәзір, би мен бекке.
Хан болсын, қара болсын қалайда да,
Түбінде тартпай қалмас сол сүрекке1.
Қылар деп бізге опа, қойып ықылас,
Қарайлау — қата жұмыс, қалып шекке.
Одан да уақыт барда бел буалық,
Міндетті мойындағы бітірмекке.
Көдегің кешегі өткен көздің нұры,
Ұқсас еді құмда ойнаған құба жекке.
"Орныңа ұжмақтағы бар!" - деп қуды,
Сұм ажал сумаң қағып, алды да иекке.
Жар - досын жаннан шырын көретұғын,
Аңласаң, алып қалды кім тілекке?
Шақырып қолындағы қаршығанды,
Қалдық-ау қапияда қарап көкке.
Қайткенмен айтып болмас, қайтып келмес,
Көзіңнің, көп қамығып, жасын төкпе.
Сол балаң соңырағы күн Саттар Хаққа,
Былайша қол қусырып айтар өкпе:
"Менімен қатар туған ұл мен қыздар,
Дүнияда күліп, ойнап жүрді көпке.
Көшіріп көзімді ашпай дұшпан,
Ұқсаттың өрт кездескен мені шөпке.
Отына дозағыңның ата-анамды,
Түрің бар тартатұғын тағы шепке.
Отыңнан осыларды азат қылып,
Қуантсаң кеңшілігің маған көп пе?".
"Ал, - дейді, - ата - анаңды десең олай,
Қосып ал ағайыныңды көрген қолай.
Өкпеңді осы айтқан өте тыңдап,
Күнәсін бәрінің де кештім талай!".
Берген соң бұлайынша Алла рұқсат,
Шығарып жетпіс жанды оттан жолай.
Болмайды өкінуге ойлағанда,
Шапағат сондай күйде етсе солай.
Отына жұмсамасаң, шаян болып,
Болады мал, мүлкіңнің бәрі долай.
Өтпесе өте Бәрәк өз пазылымен,
Бәндада біз сияқты айып мол - ай.
Ұл, қызда артта қалған не пайда бар,
Сияқты сасық күзен, яки торай?
Алдыңнан ондағы күн шығатұғын,
Шынында бала осылар өзіңе орай.
Боларсың қалайда да қуанышты,
Қаз келіп, қар артынан жауған борай.
Сен - дағы, қарындасым, сүйсінерсің,
Шүкірлік сұлтаныңа етсең оңай.
"Жақсы сөз - жарым ырыс" деген нақыл,
Әр жұмыс, асылында, Аллаға оңай!
1934
* * *
Беймезгіл бекзадаңа жетті өлім,
Деп қалдың оқ тигендей: "Оқ, белім!"
Батпаққа кім де болса, бір аунатар,
Дұшпанға дүниядай бар ма сенім?!
Сағымнан су табылмас, мұнан — опа,
Демендер мынау бақытым, мынау шенім!
Қайғысыз қалайда да жан табылмас,
Бұл емес бір өзіңе болған керім.
Дертіңе жүйрігіңді жүйткітетін,
Саттар Хақ саға қылғай сабыр емін.
Ұжмақтан орын алса өкініш не,
Шеккендер солай сапар сарқып демін?
Арты — кеніш, алды — пейіш болуына,
Тілектес түбі бірге жұмыла елің.
Ер — дарақ, бала — бұтақ, сынғанменен,
Жаппар Хақ жетістірген және көгін.
Болғанмен туыс бірге, қоныс басқа,
Ұл, қыздан біле алмадым барын ненің?
Қадір Хақ қалғандарын қуандырып,
Бергей да бақ орнатып өмір кенін.
Мұңаймай, мұнан былай марқай қайта,
Әрқалай аға-жеңге, іні - келін!
Кемтігін кеуілдеріңнің бітіргей да,
Ендігі тұрақты етіп туған төлін.
"Кейіні кеніш — реніштің" болатұғын,
Иншалла, ердің абат етер шөлін.
Бәндәсін ойдағыға ұшыратар,
Кеудеден кетірмесе жаның сөлін.
Үміткер үлкен, кіші әрқалай да,
"Аққусыз қоймағай, - деп, - айдын көлін!".
Білдіріп іш күйерлік ретімен,
Кеп айттым көтергендей аттың белін.
"Әмин!" - деп айтқан осы әпсанама,
Шығарып шын, я нақты іштің желін.
Дұғасы досқа достың қабыл болып,
Кетіріп көркейтер Хақ кеулің шерін.
Шат болып шамадан тыс шалқақтарсың,
Тағы да тәтті өрікке тиіп ерін.
Тойыңа тамашалы шашу қылып,
Ағайын алып барар алтын, зерін!
* * *
Ит дүния, біле алмадым тұрағыңды,
Жойылттым із жоқ, түз жоқ қарағымды.
Боз жүнді бостан жүрген ақбөкенше,
Алдырдым аш бөріге лағымды.
Тауықша таң сахарда шақырамын,
Салып жат сарыныма құлағыңды.
Сәскеде, жұма күні сәтті сапар,
Жөнелттім Сахи атты шырағымды!
Ғаріпке сенен өзге қамқоршы жоқ,
Жаратқан, жат қыламын жанабыңды!
Бақарда бәршелерге бердің рұқсат,
Көктемде көгерте кер дарағымды!
1936