16.07.2021
  185


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Барады аз ғана өмір желдей заулап

Барады аз ғана өмір желдей заулап,
Әр жерге әуреледі жығып, аунап.
Бәрін де мал-мүліктің "Менікі!" деп,
Кеседен кісідейміз келген даулап.
Кеп арман көңілге алған бітер емес,
Орынсыз ұмтылғанмен омыраулап.
Жәқәннің жалғаншысын жаңа біліп,
Нарлардай нарау тартқан қалдық шаулап.
Сұм нәпсі сонда - дағы шыңға шыққан,
Шеңгелдей шынлап өскен барады қаулап.
Бір ұшқын бір жағынан тие қойса,
Түрі бар кететұғын жанып, лаулап.
Бітсе уақытың "Өкпе тұсың осы ғой!" - деп,
Өлім тұр оғын кезеп, сырттан аулап.
Ойланып осыларды, өрге шаппай,
Өзіңді күні бұрын қой тұсаулап.
Кетерсің, қайткеніңмен, күнің бітсе,
Ұзатқан қыз сияқты қос отаулап.
Хан, қара, қатын, еркек жатқан жоқ па,
Пішендей қатарласа жиған баулап?!
* * *
Баянды басыңа, Алла, беріп бақты,
Кетірді кеуіліңнен қайғы, дақты.
Шыршықтан шыққан Сырдың саласындай,
Байлықтың тап алдыңнан арнасы ақты.
Теңселткен теңіз суын тап нақансың.
Сағатта сап қылатын көл мен қақты.
Кеңшілік кен сияқты көрсеткен соң,
Етті ел ерлігіңе ілтипатты.
Таласқан талантыңа талайлардың,
Көргісіз болғанға ұқсайды көркі әпті1.
Олардың еткен ісін елестірмей,
Ағысты, ағартсын бет, жүргіз жапты.
Масығып мәстекілер:"Мен де атпын!" - деп,
Бедеумен бәйгі бермес бірге шапты.
Шалығып, шаршап - жүдеп, шалғаяқтап,
Қор болып құр әншейін құртты тапты.
"Ісі артық — бәсі артықтың екен-ау" деп,
Ескеріп, екіншілей қойды кәпті.
Жақанда төрт сүтіңнің бірі — ғалым,
Ілімнің әр түрінен көрген бапты.
Біреуі — берекелі болады бай,
Халқы үшін қатарлаған қанар қапты.
Ерте-кеш ел жұмысын реттеген,
Біреуі — болар әкім шын ынсапты.
Төртінші — дианаттар дәруіш - дүр,
Тербеткен тасбих айтып әруақты.
Төртеуі осы реттен болар бастас,
Аямас бір-бірінен болса нақты.
Табылмас сағымнан су, малдан — опа,
Бектерім, болса ақылың ойла ұзақты.
Әр түрлі бұзықтыққа бұрмалайтын,
Мойнына нәпсі - иттің сал бұғақты.
Айрылма бұл ниеттен біз тілектес,
Жұмысың жұрт ішінде жүзге жақты.
Бәндені халық қалаған — Хақ қалайды,
Мінерсің меқшарда нұрдан тақты.
Мұхамбет тұла бойың, қолың — Алла,
Құлшылық қол қусырып, қыл не шақты.
Беремін бұл сөзімнің шарқын шешіп,
Кімде кім "Мұны айтқан, - десе, - лақты!".
Несіне Алла айтқан соң, түйткілдейін,
Көзінен кеуілімнің бер бұлақты.
Айтпаспын, асылында, алжас сөзді,
Аға-інім айтқаныма сал құлақты.
Төгілер тәннен күнә Тәңірі оңғарса,
Қаққандай қазан желі жапырақты.
Олжамыз екеуміздің осы болар,
Көркейтсек кеуілдегі гүл - шырақты.
Ат, азық, қару - жарақ қамданайық,
Дүниеде қалар дейсің кім тұрақты?!
Егелік мал-мүлкіңе ететұғын,
Берді Алла бекзада ойлап ер тұяқты.
Жалп етіп жер астына жығылармыз,
Ажал — оқ қиып кетсе жан қияқты.
Кетерміз күні ертең көз жұмылса,
Жүргенмен қорғап, қуып құр бұяқты.
"Ишарат — ақылы барға" деген нақыл,
Кел, доғар, таусылмас сөз бұл сияқты.
* * *
Жігіттің токтар жері — жетпіс - тағы,
Жетсе, жат, жетпіске жас жеп, тыш - тағы.
Жиырманың отызбенен арасында,
Адамзат андағанда көк құс - тағы.
Жүдейтін уақытың, бектер, сексен - дағы,
Ешнәрсе өнбейді онда ексең - дағы.
Өрмелеп өр басына шыға алмайсың,
Қос өгіз арбаңды әкеп, жексең - дағы.
Құрысын көрер күнің тоқсандағы,
Шаңырақсың қаусап қалған тек шандағы.
Ортада омаладай отырғанмен,
Жұрт санар сені адамға жоқ сандағы.
* * *
Қартайсаң, қара шашың қардай болар,
Өмірің омырылған жардай болар.
Қуатың күннен күнге кішірейіп,
Күшейіп күшік – нәпсің дардай болар.
Жеті ықылым жетегінде жүргенменен,
Ойында әр түрлі арман бардай болар.
Өкініп өткен іске, елімді ойлап,
Тәубаны талап ету ардай болар.
Аз ғана ақылыңнан алжастырып,
Қосылып дүние оған пардай болар.
Екеуін қыл қаптырып қоятұғын,
Құрулы қаннас малғұн шардай болар.
Оларға өмірінше ерік бермеген,
Бір туған бүтін жүктік нардай болар.





Пікір жазу