16.07.2021
  174


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Ой табу оңай емес ерікпесе

Ой табу оңай емес ерікпесе,
Ақсұңқар аңға ұшпайды елікпесе!
Адамды ой пікірі оянбаған,
Болады байқауымда өлік десе!
Болады досқа күлкі, дұшпанға — мат,
Кімде-кім ілгергіні еліктесе.
Болады жұртқа басшы, жолға - маман,
Сабыр етіп, сасқалақтап, желікпесе.
Болып тұр бұл уақытта қойдан қоңыр,
Бұзықтар бас алатын бөрік десе.
Шамамша, шабуға енді шақ боп тұрмын,
Атыңның артқы айылы берік десе.





Пікір жазу