16.07.2021
  216


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Қу заман

Құбылып тұрған қу заман,
Әлі - ақ бастан өтесің.
Ажалдан аман қалудың,
Тапқан жоқ ешкім төтесін.
Қазаң жетсе қай күні,
Туған жер, туысқаныңның
Бәрін де тастап кетесің!
Ақырың осы болған соң,
Ақырайып әркімге,
Биіктік неге етесің?
Шамаңша шаршап, шалықпай,
Қайыр қылсаң ғаріпке,
Мұратыңа жетесің.
Аз өмірдің ішінде,
Иманыңнан басқаны,
Жұмыстап, жаным, не етесің.
* * *
Осы айтқан үгітімді ескеріңдер,
Емес едім өзім де ескерімді ер.
Сонда да сұм дүниенің соңына ермей,
Қақарынан қорқып Хақтың, сескеніңдер.
Шартынан шариғаттың сөйлемесек,
Халық саған "қанарыңды шешпедің" дер.
Керегін беріп көптің, көңіл алмасақ,
Ұялтып: "Өте сараң, пәс пе едің", - дер.
Кемемен кең теңізді кездірейін,
Қолыма енді, ерлерім, ескегім бер!
Болмаңдар дихандардай көпке күлкі,
Егініне ішпеген су "өспедің!" дер.
Ұйқыда ұзағынан жата бермей,
Тұр-тұрлап, бір - біріңе сес беріңдер.
Бақ қонып бастарыңа, бітсе дәулет,
Таратып тұс-тұсыңа, қос беріңдер.
Ата-ана, ұл менен қыз, қатын үшін,
Жартысын пайдасының бес бөліңдер.
Өкініш уақыты өткен соң орынға аспас,
Қолайлы қол босында қош көріңдер.
Бағатын бағландарыңды "иман" атты,
Ақылды өздеріңе "ес" көріңдер.
Қалмасын қапияда қатаң шөлдеп,
Қолына құйын қатық мес беріңдер.
Базарда бағасы артық болсын десең,
Семіртіп, соны жайғап, кеш келіңдер.
Сырттан көз салып жүрген шайтан — бәрі,
Сақ болып, сағатында бес көріңдер.
Аманын алдындағы бағланыңның,
Толық шен, таптырмайтын пеш көріңдер.
Адаспай айдалада, айқай жетпес,
Күтініп, күні бұрын көшке еріңдер.
Жабықпай жол үстінде, жарқын жүзбен,
Қонысқа қонатұғын қош келіңдер.
Дерегі жақын жерден жауға алдырар
Нәпсіні өздеріңе өш көріңдер.
Айтатын өздеріңе өкпесі онда,
Алайын ғысиянның "кешпедің" дер.
Қаншама нәпсің үшін қинасаң жан
Демейді дағдарғанда: "Дос, қолың бер!"
Кеудеңнен күні ертең кетер жоқ боп,
Жанның да жақындығын бос көріңдер.
Тағдырың тәмам болған уақытында,
Күш қайда: "Кейін қалып, көшпедім", - дер.
Қайтпайтын қара тастан ажал - алмас,
"Желкесін жан біткеннің кеспедім", - дер.
Аңдыған адамзатты ажал — қарға,
"Үңірейтіп екі көзіңді теспедім", - дер.
Кем ақыл көңіл деген — кербез қатын,
"Үзілмес ұзын арқан еспедім", - дер.
"Алла" деп, алаңдықты қойып енді,
Дін қамын ден сауында дос көріңдер.
Тартымсыз тірілікке талтаңдамай,
Асылында, алдын ойлар ескерімді ер.
Түреке, тоғармасаң сөзіңді енді,
Ренжіп, есіткендер: "Ескі едің!" - дер.
Қой, көңілім, тоғар, тілім, әңгімеңді
Сөзімді, тыңдаушылар, тексеріңдер!





Пікір жазу