16.07.2021
  196


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Бақ тайса, мал мен мүлкін қоса кетер

Бақ тайса, мал мен мүлкін қоса кетер,
Жар, досың жәрдем берер боса кетер.
Айрылып ақылыңнан аң-таң болып,
Әл қалмай аяқ, қол да, ошаң етер.
Басыңа бақыт құсы қонса қайтып,
Бәрі де қол қусырып шошаң етер.
Күжімдей көлеңкелі болғаныңмен,
Уайым түбіңді үңгіп, осал етер.
Ақылды ер асылында алдын ойлап,
Сағымға сұм дүниені мысал етер.
Масықпай, мемлекетті билегенмен,
Жабықпай, жарты нанға нысап етер.
Дегендей азаларлық сыйса пұлы,
Саттар ақ соңырағы күн қасап етер.
Ұятқа ол уақытта қалам ба? - деп,
Ойлы ерлер өзін-өзі қышап өтер.
Бермесе Тәңірі таупық, оларды ойлап,
Ер қайда өзін-өзі тұсап өтер?
Бәрің де бас көтеріп, пенделік қыл,
Бір күні "бол" деп өлім қыса кетер.
Болғанмен бұлт шөгетін биік асқар,
Төбе емес, төмпешіктен де ұсақ етер.
"Ишарат — ақылы барға" болатұғын,
Сөзім жоқ созып онша құшақ етер.
Қатаң кеп қатаң сынып айтарсыңдар,
Етпесем елжіретіп, пышақ өтер.





Пікір жазу