Не көзелдер қор болған
Не көзелдер қор болар,
"Жақанды жолдас білем" деп.
Жиырма - отызды өткізер,
"Жүйрік пен жорға мінем" деп.
Өзінен-өзі ұялар,
Орынсыз "ойнап - күлем" деп.
Қырық - елуде қой бағар,
Ойлап, қарап "бұл нем?" деп.
Ойланар оңай пайданы,
"Қай орыннан ілем?" деп.
Ел шаңына ермесең,
Қорқады, "құрыр сілем" деп.
Алпыс пен жетпіс барған соң,
Ішеді асын үнемдеп.
От басына төсетпес,
Алашасын "кілем" деп.
Айтқан тіліңді алмайды,
"Білгірдің баста бірі ем" деп.
Ақыл айтқан болады,
"Бәріңнен үлкен ірі ем" деп.
Сексен мен тоқсан барған соң,
Мал қайтарар симеңдеп.
Өз баласын танымай,
Сықсиып қарар: "Кім ең?" - деп.
Қазғанаққа құлайды,
Қалтаң қағып, "жүрем" деп.
Иттер біткен жүгірер,
Тұс-тұсынан "үрем" деп.
Тырнағы тегіс сынады,
Көрінгенді "бүрем" деп.
Көпке күлкі болады,
"Бай болып дәурен сүрем" деп.
Ойламайды онда да,
"Таусылды өмірім, өлем" деп.
Баласын дұшпан тұтынар,
"Өзіме енші бөлем" деп.
Қатынын қуар қасынан,
"Сен құрттың, баста гүл ем!" деп.
Құмартып сонша дүнияға,
Ойлама "қайтып келем" деп.
Мақтанғанмен не пайда,
"Мал-мүлікке кен ем", - деп.
Оғы тисе өлімнің,
Аяғың қалар тереңдеп.
Тұрмаған соң, көп көмер,
"Таусылды жейтін керен",- деп.
"Жемесін, - деп, - ит, құзғын",
Бет жағын қояр бөрендеп.
Құран оқып, қол жайып,
Қайтысар "Қандай ер ең!" деп.
Мұндайша макар дүнияға,
Несіне жүрміз елеңдеп?
Ерлердің әлін аңғардың,
Осыған жүрген "ерем" деп.
Кигізгенмен кем қапты,
Жіберер алып желеңдеп.
Гауһарды тұтпа шақналық,
"Шаң тимейтұғын шен ең", - деп.
Ажалдан алып қалмайды,
"Тұтынған мені сен ең",- деп.
Қамыстан жаман қирайды,
Асылғанмен емен деп.
Бумай-ақ қой беліңді,
"Сен үшін жапа шегем", - деп.
Қолыңа түссе қайыр қыл,
"Қызығың сенің жеген", - деп.
Желке шашынды ағартпа,
"Жазы - қыс буған жел ем", - деп.
Дәреже менен дәулетке,
Талтаңдама "тел ем" деп.
Көкірегіңді көтерме,
"Асқар биік бел ем", - деп.
Шуылдап шөлде қалмайық,
Сағымға су деп, сенем деп.
Қамыңды қыл қалайда,
Күш-қайрат кетпей төмендеп.
Ағарып шаш пен сақалың,
Қаларсың демде шемеңдеп.
Қызмет қылған құлға Алла,
Уәде еткен "иман берем" деп.
Иман берсе пейішке,
Кірерсің "миуа терем" деп.
Аузы кәусар суынан,
Қанарсың ішіп зерен деп.
Хор қыздары алдында,
Қызмет етер көлеңдеп.
Қалмайық құр қол қалайда,
"Соңырағысын көрем" деп.
Зияпат бермес Зүлжалал,
Патша едің, яки төре ең деп.
Жаннан және қорықпайды,
Қайратты ең, ия көп өңдеп.
Көптердің арты ашылған,
Ретсіз ісіп, кебем деп.
Жатырмын айтып жақсы үгіт,
"Бәрің - дағы бек ең" деп.
Қазан соқса, соларсың,
Көркеймеңдер "көк ем" деп.
Қарық болар, шығып бір тесік,
Қуанба "бүтін кемем" деп.
Сақтап жүрген жентім бұл, "
Алдарыңа төгем" деп.
Кешіріңдер кемісін,
Ойламаңдар "сөгем" деп.
Отырмын маңырап ортаңда,
Қозыдай қойған көгендеп.
Бөгелектеген бедеудей,
Ойламаңдар "тебем" деп.
Бүтін жүктік бәрің нар,
Қорқытпаңдар "шөгем" деп.
Сендер үшін шыңырауды,
Мен жатырмын шегендеп.
Қызмет қылдым осындай, "
Аяқтарың — төбем" деп.
Қанағат бұған қылыңдар,
Бермеді демей вагон деп.
Тоқтамайтын тіл — тұлпар,
Тартпаса басын жүгеңдеп.
Болғайсыңдар дұғада,
Жөнесек жақан үйінен,
Жас өмірді түгендеп.