15.07.2021
  161


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Көңіл гүжім дарақтай

Көңіл гүжім дарақтай,
Миуалары сулаған.
Иман — бұлбұл басында,
Көркейіп күнде қунаған.
Шайтандар — қарға сияқты,
Төбесінде шулаған.
Нажас аты олардың,
Жапырағына жайылып,
Болса егер иман улаған.
Бағаң болып бір тиын,
Жанарлық жайтың қалады
Қара ағаштай қураған.
Демесе: "Құлым", - Қадыр Хақ,
Осыларды ойланып,
Дүнияны қай жан қумаған?
Көз жіберсең кеуліңе,
Санаулы өмірің сапасыз,
Таусылар еттей тураған.
Адамзат — киік секілді,
Күз кезінде кездесіп,
Қыран күс қағар зулаған.
Ел басқарған ерлердің,
Салғанда шеңгел, Сырдағы
Нәқанша көбі тулаған.
Абылай ханның әулеті,
Кенесары, Наурызбай,
Сіміріп қанды қатықша,
Тазартып аузын жумаған.
Жазулы жасы жеткен соң,
Жөнеліп жақан үйінен,
Болды адамдай тумаған.
Ерлерден өткен сөйлейін,
Халқым құлақ салсаңдар,
Жаң - жұнды қойып дулаған.
Хан көтерді Кіші жүз,
Қасым ұлы Елкейді,
Көлеңкелі гүжімдей,
Орасан өсіп үлкейді,
Бақ құсы қонып басына,
Ел тегіс оған еңкейді.
Таланты жүрді талайға,
Кім оған күш қып кеңкейді?
Туралықпенен ту ұстап,
Қамқоршылық қылған соң,
Көптердің кеулі көркейді.
О, дарих, өлім өртіне,
Ұшырасып ол - дағы,
Қошқардай үйіткен теңкейді.
Ғибрат алып олардан,
Жолдас білмей жақанды,
Түзелу керек ер пейілі.
Шектіден шыққан Жанқожа,
Сияқты еді жолбарыс.
Иманы болсын ымыра,
Емес еді дінге алыс.
Өрбіген орыс алатын,
Аттатпады бір қарыс,
Неше жыл қамап келгенін,
Сауыттың шешпей ілгегін,
Білімсіз, белсіз қазаққа,
Алып берген ар-намыс.
Енді олардай ер қайда
Қорқытқан сырт дұшпанын
Болғанынша қартамыс.
Олар да көшті керуендей,
Адамның әлін аңғарсаң,
Баста — шабыс, соң - налыс.
Қайраты қанша болғанмен,
Қала алмас пенде қалбиып,
Ажал — өрт те, жан — қамыс.
Қорғаны болған Есетбай,
Шөмекей менен Кетенің.
Бәрі бір болған оларға,
Қисық пенен төтенің.
Қашқан жауы қан жұтып,
Баса алмаған жөтелін.
Жалыңдай жайпап жоқ қылған,
Үш алаштан бөтенін.
Туысы бүтін болғасын,
Орындамай қоймаған,
Деген ісін етемін.
Көрінгенге күлкі боп,
Жолда қалып жоқ болған,
Дегендер оған жетемін.
Қонысқа қонған нардай-ақ,
Жас жеткен соң жөнеді,
Мұндағы тастап мекенін.
Өтетілеу, Талқанбай,
Дана еді жұртты жөндеген.
Желмаядай жүйткуші еді,
Олар мінсе, жөң деген.
Туралық туын тұтқан соң,
От, көмір болды сөнбеген.
Олар — сүтін сияқты
Сыр суына ендеген.
Есітпеді жан сөзін,
Міндет қылып менменсіп,
"Сондайша едім мен!" - деген.
Тағдыры тамам болған соң,
Оларды да бұл өлім,
Табытқа тартып теңдеген.
Қалпынша қалар қай нәсте,
Қаратұзды қашаннан,
Ашады кебір кендеген.
Басы озған батыр Сарманның,
Үш жүз түгіл, Алаштан.
Теңіз суын теңселткен,
Нақанды бір-ақ шайнады
Ұстап алып қалаштан'.
"Бұл барда бәйге қайда?" - деп,
Халық басқарған хандар да,
Бастарын тартты таластан. –
Көрінсек көрге кірдік, - деп,
Күндіз түгіл, түн қорқып,
Жүрмеді жаулар жанастан.
Жатты жердің астына,
Жас жеткен соң, жұмып көз.
"Жұмсақ" деп мамық паластан.
Бабаның ісін бала етер,
Қайғы не, қалған бұл жақан.
Атамыз әзіреті Анастан.
Жолдас біліп дүнияны,
Ойламай өлім қайғысын,
Біздер — ақымақ адасқан. Қайраты қара Қисықтың,
Болып еді өрттей қаптаған.
Қап тауындай ерлерді,
"Табаным құрышы қансын",- деп,
Қырманша жаншып, таптаған.
Қаһарлы ханның қасында,
"Осатын өкпеңді осы", - деп,
Отырып найза саптаған.
Асылыңда озат ер еді,
Ойдан су өрге ағызып,
Асқарды атыз - жаптаған.
Ажал — оқ, жақан — жабыдай,
Келбетті кетіп мойнына,
Өмір — ер тартып, шаптаған.
Қаражабай — гөзел еді,
Көрсеткен көпке жөн жосақ.
Ақылы — отын, бақыты — от,
Татулық — тағам, халық — қазан,
Сияқты еді ол — ошақ –
Білімі барға — ілім бар,
Деушілік делбе әдеті:
"Бар ма алған онан бір пұшақ?"
Ұмытпас едік өлімді,
Өтіп кеткен ерлердің,
Әліне егер аң болсақ.
Олар да дәлел таппаған,
Жендетіне Жаппардың,
Айрылар уақыт жан қосақ.
Күллият Кете алатын,
Бекмырза, Бекет бастаған.
Бүгежектесе басқалар,
Бұл екеуі бас шұлғып,
Бөкенше аяқ тастаған.
Өзі түгіл, орнына,
Баруға ерлер батпаған,
"Сені ме!" деп сырттан қастаған.
Би Жұбанбай, Ешнияз,
Жүйрігі еді олардың,
Сылап, сипап наштаған.
"Шамаң біл, шалықтама" деп,
Тартып ажал етектен,
Оларды әм жерге жастаған.
Табыннан шықты екі ер,
Бұқарбай, Сейіл атанып.
Оққа ашып омырау,
Бумаған белді қатарып!
Жау қанымен тазартқан,
Қылышы қалса дат алып.
Көп жандар көпке бас болған,
Ол ерлерден бата алып.
Болғанмен нақан, бір Ақтың,
Өлім атты ауына,
Олар да қалған шаталып.
Батыр Қалдан, би Бақа —
Көнеден қалған гүжімдей!
Айтқандары елге үлгі,
Аузынан шықса, таңырқап,
Тәбәрік етер жүзімдей.
Басы артықтың — бәсі артық,
Сәлемі - дағы сыртқа айтқан,
Сайланып шыққан жүзіндей!
Өмірі есіл ерлердің,
Жазы өтіп, жапырақ қураған,
Болып тұр анық күзіндей.
Бұлар да бір күн болар мерт,
Опасыз жақан ойласаң,
Ұстараның жүзіндей.
Телеудің халқы тік тұрған,
Кең ойлы туған — Көшекке!
Туралық туын қолға алып,
Ілінбей кетті есекке.
Қамқоры болып байтақтың,
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Жатпайтын еді төсекте.
Жаулардың оғын жаудырған,
"Өлемін" деп ойламай,
Балайтын еді кесекке.
Менменсіген ерлердің,
Ат пенен тонын олжалап,
Міндірген еді есекке.
Жендеті келіп Жаппардың,
Атпай, шотпай жоққылды,
Қайраты сонша десек те.
Тамадан шыққан сөйлейін —
Өмірбай менен Есетті.
"Екеуінің де алдынан, —
Демейді, - ешкім кесе өтті".
Өлемін деп ойламай,
Отқа түсіп ұлт үшін,
Орасан қайрат көрсетті.
Мүсәпір, мүскін, мұңлының,
Мұқтаждарын түгендеп,
Астына қамқап төсетті.
Болғанмен сондай шара не,
Тағдырдың тиіп тоқпағы,
Оларды да мес етті.
Сарыбай Сәдір, Мәженнің —
Сөзіне халық қайыды.
Құрметтеп қатты сыйлады,
Қаракесек, Байұлы.
Алыстан келіп анайы,
Үлгі, өнеге үйреніп,
Білімге әркім байыды.
Тұлғасы - тұлпар сияқты еді,
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Жетпейтін тартса айылы.
Тіктіріп отау оңаша,
Оларды да жатқызды,
Шақыртқандай қайыны.
Балқы Досан — ер еді,
Жүргізген жұртқа билікті.
Қайраты сыймай қанаға,
Әр жұмысқа килікті.
Қасқыр тиген қойдай боп,
Қарасын көрсе қалтырап,
Дұшпаны қорқып, ұйлықты.
Туысы бүтін болған соң,
Қай орынға барса да,
Алып шықты сыйлықты.
Біткен соң өмір ол - дағы,
Халық біткенмен қоштасып,
Жайына қайтты бұйрықты.
Дос күтіп, дұшпан сыйлаған,
Бәшеке, Жаңай, Меңейді.
Жұрт тегіс желдей тынушы еді,
Қозғаса олар көмейді.
Уақытында олардың,
Күннен-күнге күшейіп,
Өрісі елдің кеңейді.
Қалайынша айтқанмен,
Қайратты туған қанды көз,
Азды көпке теңейді.
Оқ, дарих, өтті олар да,
Бауыры суық қара жер,
Қай біріңді жемейді?!
Керейіт Манақ болып еді,
Мың Ғираттың беліндей.
Болған ерге оп-оңай,
Өрді оймен тең қылды,
Ысырапылдың желіндей.
Болады ойдан — күй артық,
Ер — арғымақ, ел — сіңір,
Қайраты оның — шеліндей!
Қалайда болса, қадірлеп,
Көргендер көкірек көтермей,
Иілетін еді келіндей!
Болғанмен биік басқадан,
Басып кетіп, жоқ қылды,
Сұм елім Сырдың селіндей!
Алтыннан шықты ыңырана,
Сәлтеке сынды арыстан.
Қалатын еді қан болып,
Шамасын білмей шіреніп,
Олармен қас боп қарысқан.
Бүгін емес, бұрында:
"Өзімдей ғой,- деп, осы да",
Тұлпар мен шобыр жарысқан.
Сол сияқты сабаздар,
Санаулы өмірі сарқылып,
Жақаннан жәннат барысқан.
Осыларды ойланып,
Өзін-өзі үгіттер,
Ақылы артық данышпан!Қамқоры болған халықтың,
Қожакелді Қашқынбай,
Бөтен жерде бүтін ер,
Бермейтін белді болған соң,
Жүрмеді жұрты бәс қылмай.
Алты қарыс азуы,
Алысқанменен арыстан,
Кетпеді көнді пәс қылмай.
Оны да өлім олжа етті,
Бас-аяғын байлатып,
Әліңді біл деп асқынбай.
Тіріңде тура болыңдар,
Дәреже менен дәулетке,
Өзіңді-өзің мас қылмай.
Би — Пірен, молда — Малқара,
Топқа барса төрге өткен.
Ағар, "тап ағыс етті" деп,
Ықты қойып, өрге өткен.
Қайырлы болған қалқалар,
Жетімді жылы қойнына алып,
Теңсіздерді тербеткен.
Жұқпайтын қылған Жайқұннан,
Жабы өте алмас жайына,
Мойынына ер кеткен.
Болғанменен ондайша,
Қатын-бала, үй-ішін,
Олардың да өлім еңіреткен.
Тоқымтыққан Қыстаубай,
Қайрат пен күшке кен еді.
Орасан ойлы, өте әділ,
Мұңлы мен мұқтаж, міскінге,
Етек жеңі кең еді.
Сықақ қылып, сын тағып,
Аңдысып жүрген жауы да,
Дей алмады: "Кем еді".
Атынан түспей әрқашан,
Қарнына іліп ақ алмас,
Азды көпке теңеді.
Өмір бітіп, ол да өтті,
Қайткенменен кімді де,
Алысса ажал жеңеді.
Кенжалы би болып еді,
Білім мен ақыл қордасы.
Күні бұрын күтініп,
Һай - хауастан бас тартты:
"Пәни, - деп, - жақан ордасы!"
Таптап озған тұлпардай,
Тәубені талап еткен ер,
Басынан кетпес дорбасы.
"Білегім — жуан беліңнен"
Дейтұғын дұшпандарының,
Болатын еді қор басы.
Қазан соққан сағатта,
Жапырақ қурап, түп құлап,
Жоқ болып кетті шорнасы.
Ауазасы Алматтың,
Жайылған жұртқа теп-тегіс.
Күркіреген күндей еді,
Дер дейсің оны кім "кеміс"?
Ар жағы да атақты ер,
Алашқа болып астана,
Жегізген жұртқа май, жеміс.
Шынжыр қатар шын ер еді,
Шексіз ғып беріп шенді Алла:
"Сенікі, - деген, - бар кеңіс".
Ордасы бар да, өзі жоқ,
Өлім — орақ, жан — егін,
Сияқты - ау, сірә, кеуде — егіс.
Құлбарақтың даңқына —
Халық құлағы қанықты.
Әлімнің болды айындай,
Басқанменен бола ма,
Алақандай анықты?!
Қаптағанмен қалың өрт,
Қашу түгіл, қайбыртып,
Демейді оны жан: "Ықты!".
Қыран құстай Қырымда,
Көздеуге көкті гөлайттап,
Бермейтін еді шарықты.
Тартқансың ажал - аждақа,
Оқ тигендей былғақтап,
Астына жердің сарықты.
Таңатар — тәмам қазақтың,
Сияқты еді анық туындай!
Болып еді оның ақылы,
Ат бұратын ағысы,
Сыр - Дарияның суындай!
Болмасты — бор бастай ғып,
Бітірген еді біліммен,
Бектердің берген уындай.
Айыпқа беріп ат-тонын,
Жаулары кеткен жаяулап,
Босатқан соң буындай.
Ер бұларда — тау сияқты,
Бойды сылау бау — сияқты,
Олар да өлім өртіне,
Шағылды шақпақ қуындай.
Озат өскен бәйтерек —
Қаратамыр Күнтуар.
Уақытында оқа, зердей боп,
Халық ажарын келтірді,
Енді олардай кім туар?!
Орнаған ықпал ер екен,
Тұқымы топқа тудай боп,
Артының әлі бұлты бар.
Білер де өзім — осы мен, —
Ұрпағында Өтетілеудің,
Қайткенмен білім кілті бар!
Болғанмен биік басқадан,
Кеуленіп керек-жараққа,
Жұмсалды да, жоқ болды,
Текке енді орны, ұлты бар.
Бір қатар шықты бой түзеп,
Самырза, Тәмпіш, би Бостан.
"Сен" деген сөзді олардың,
Есітпеді құлағы,
Яки дұшпан, я достан.
Шыдамай олар сұсына,
"Мен" деген ерлер мұрт кетті,
Еріген мұздай ағыстан.
Шапқанменен ұзаққа,
Озат жүйрік олар еді,
Созылмас сіңірі шабыстан.
Бақтан бұлбұл ұшқан соң,
Қаратып бетті құбылаға,
Бауырына жердің жабысқан.
Тоғанас туып Бәйтіктен,
Байланып қылыш, ту алған.
Кезіндегі көп дұшпан,
Қалтырап қолы қорыққаннан,
Жоқ еді белін буа алған.
Би Пірәлі, Қожеке —
Қаршығасы еді ол ердің,
"Қазға" деп салса, қу алған.
Басшы зор болса, пасық аз,
Уақытында олардың,
Жоқ еді жұртта дуа алған.
Саға бар да сапа жоқ,
Оның дағы арт жағы,
Сияқты болды су алған.
Дәуімшар мен Тұңғышбай,
Секілді ер еді лашын!
"Құр қайтты" деп халық айтпас,
Жайса да қайда құлашын.
Қамқор болып қалайда,
Басқарар басшың болмаса,
Кім қорғар байтақ даласын?
Жұбатар екен кім келіп,
Көзіңді салшы, жас бала
Тепкілеп жерді жыласын?
Ата-ана келіп қойдырар,
"Қарағым" деп құшақтап,
Көзінің сүртіп ыласын.
Солардың сондай екенін,
Жатқаннан соң жұрт білді,
Жайланып жердің жырасын.
Көнелерді кел енді,
Кемді күнге бағалық,
Ұстамай ажал мұрасын!
Бүтін туған біреу жоқ,
Етпесең сондай, сап түзеп,
Состиысып тұрасың.
Бақтасыз малдай быт-быт боп,
Бет алдыңа адасып,
Әңгіме-дүкен құрасың.
Олжа болып әркімге,
Өкініш жеп, ен, соңы —
Сандарыңды ұрасың!
"Елге иелік етем!" деп,
Ыждағат еткен ер болса,
Осы ерлерді еске алып,
Олардан үлгі сұрасын.





Пікір жазу