15.07.2021
  202


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Әр елдің бар бұлбұлы

(Сырдың саңлақ шайырлары — өрен жүйрік он тоғызға)

Кем ойлыдан — кеп тыңдар
Сөз шықпайды үлгілі.
Бәріміз де бисымақ,
От басынын "білгірі".
Іздеген зорға тапқандай,
Шамшырақтай шығанда,
Әр елдің бар бұлбұлы.
Ақырланған айдай боп,
Бәрі де жоқ боп, жайынан
Білінбей қалды бұл күні.
Өрен жүйрік солар еді,
Шаршыдан шапса, суырылып,
Шұбатылмайтын шылбыры.
Аты бар да, заты жоқ,
Есіл, марқұм ерлердің,
Деп айтуға: "Бұл — бірі!".
Сонда - дағы сипаттап,
Аттарын айтып берейін,
Дер екен: "Бекер" кім мұны?
Аяған қожа, мысалы,
Қорабалы сабадай,
Сәһәр тұрып піскенде,
Көп жерге кететін гүмбірі!
Қыпшақтан шыққан Бұдабай –
Хан ұрдырған қоңыраудай,
Оятқан көпті гүлдірі!
Сарыбай Сәдір, Әзілкеш,
Және - дағы би Бекіш —
Айлықты алатын бір күнде
Шер құданың дүлдүлі.
Ешнияз бен Толыбай —
Кемені тартар күндіктен,
Әр түрлі нәқан жай қылған,
Құрдымың қара шүңгілі !
О, дарих, бұлар пәниден
Бақиға рақлат айлады,
Таусылған тағдыр сағатта
Солмайды дейсің кім гүлі?!
Қаратамыр — ол Оңғар,
Ақмарал, бұғы һәм арқар
Қоныстаған қысы - жаз
Асқар таудың үңгірі!
Сүйіндік пен Сүйкімбай —
Сүйекті суша білмейтін
Өткір найза секілді
Ағылский ұңғылы.
Балқы Базар — білгенге,
Атақты әйдік астана.
Жұмыла жұртты жиып ап
Жырласа бітпес түн - күні!
Қарасақал Ерімбет —
Құтқармас құсты бедеудей,
Шабысына шаң ермес,
Ат шаптыратын бүлкілі!
Нұрымбет сары Шегебай —
Шайырлықтың бабында,
Жан жүре алмас жынысынан
Сай секілді түлкілі.
Абахан Кете Аманжол –
Кәделі аста күн бұрын
Арнап сауын айттырар,
Белгілі бай - дүр жылқылы.
Есенжол, Жүсіп, Жиенбай —
Жүйріктері заманның;
Отарбадай әр жерден
Көрінетін бір-ақ бұрқылы.
Омар мен Нұржан — шабандоз,
Кететұғын құтылып
Өтіп кеткен ертеде
Қамаса да қырық ұры.
Озат айтқыр — осылар,
Сөздері шипа сырқауға.
Жеңіл-желпі жерлерде
Кім таппайды күлкіні.
Өлең жазып, сөз теріп
Солардың болсақ біз бірі.





Пікір жазу