15.07.2021
  181


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Адам

Қимаймын "адам" — "далын" надандарға
Надан көп осы жүрген адамдарда.
Далаға "далдың" әрпін жібермеңдер,
Ғылымға ойдың көзін қадаңдар да!
Кей ақымақ "көкке тіреу боламын" дер,
Кешқұрым көлеңкесін қадамдар да.
"Мен сенен кем бе едім?" деп, айтсаң ақыл,
Қалшиып тұрып алар табандар да.
Ғылымға олай болмай, бой ұрыңдар,
Сөзімнің сыңайына қараңдар да!
Жинаңдар өнер жағын өте көп қып,
Тұс-тұсқа талап етіп тарандар да!
Тұрыңдар желге қарап жер тепсініп,
Бәрің де бедеу аттай жарандар да!
Олжаны ортадағы ала қашсаң,
Қуа алмай қалар бәрі аландар да.
Осындай ақылымды айтып жүрмін,
Әр жерде - ақ жақыным мен жарандарға.
Ырзамын орындалса осы айтқаным,
Қайтейін, тыңдалмаса амал бар ма?

1910





Пікір жазу