15.07.2021
157
Балаларға
Балалар, баяу тартқан бақ кәріңді,
Бақсаңдар, орнатар Ақ бақтарыңды.
Олардың бәріңе де беріп жасын,
Кетірер көңілдегі дақтарыңды.
Тигізіп жұртқа кеткен несиеңді,
Көбейтер неше есе ғып нақтарыңды.
Олардан үлгі, үгіт үйренуге,
Үндемей, бағып отыр жақтарыңды.
Келісті кеңес тауып бере қойса,
Суықта соларға жап мақталынды.
Олардан алғыс алып отырсаңдар,
Астыңнан ала алмас жау тақтарыңды.
Өрлетіп ықпалдарыңды күннен-күнге,
Арнадай етер дәйім қақтарыңды.
Жұмсақ деп тістеріне талқан беріп,
Отырма өздерің жеп ақ тарыңды.
Кәрісін күтпегендер көп ұялсын,
Есітіп ондайынша ақпарыңды.
Ақысын ата-ананың өте, балалар,
Қой - дағы әйкол ағаш, сақпаныңды.
Осы айтқан үгітімді, өтінемін,
Жаңылмай, жаттарыңда сақтарыңды.
1906
бала насихат Тұрмағамбет Ізтілеуұлы Тұрмағамбет Ізтілеуұлы өлеңдері Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармашылығы