15.07.2021
  182


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Туымды ер туралықпен билейді ұлтын

Туымды ер туралықпен билейді ұлтын,
Жібермес жаман жолға пірлер мұртын.
Бұл күнде Әлһісламнан ықпал тайып,
Бақ, дәулет қашуға тұр беріп сыртын.
Уайым оның үшін ешкімде жоқ,
Келеді күннен-күнге бұзып құлқын.
Алладан алайда да үміткерміз,
Қоймас деп қараплықта діннің мүлкін.
Қылымсып, қолын былғап дүния тұр,
Сұлудай сұңқар мойын өрген зұлпын.
Нәпсібад жүр деп оған жетектесе,
Бар болса баста миың, барма, жұлқын.
Сен түгіл, сұлтан болып билеген ел,
Бұл бетпақ нешеулердің басқан сұлқын.
Көңіліңмен кеңесіп көр, күшің қайда,
Ерлердің иеленуге көшкен жұртын.
Олардан асып туған адамдай-ақ,
Ақымақ көп кептіретін көпке ұртын.
Қаптады халықтың үстін қараңғылық,
Жақат қыл, жарыққа шық, жатпай, түртін.
Қызметін қалыс қылып Қадыр Хақтың,
Ғысиянның лайынан бетті сүртін.
Қаншама қата, айып қылғанменен,
Тәубенің пендесіне берген кілтін.
Шүкірлік шыныменен қылғандарға,
Беруге берген уағда ақу мінтін.
Қамың қыл қалайда да, жолын, ұзақ,
Ғапылаттың жаппасында жатпай күн-түн.
Бойыңа бұзықтықты үйір қылмай,
Күтініп күні бұрын, бектер, қымтын.

1903 ж





Пікір жазу