15.07.2021
  178


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Асау құлын

Жан әке, көктем келер, ақ қар еріп,
Жүрер деп сауыққан соң атқа желіп.
Өзіңнің «тұқымы асыл» деп мақтаған
Биеден бір құлынды сақтап едік.
Отырдың заулаймын деп сайдан ағып,
Бәйгеге қоспақшы боп тойға барып.
Біз сені жер көгере сол асауға
Ер-тоқым салмайды деп ойламадық.
Жүйрікте иесіз қалған бап бола ма,
Лайықты қамшыгерін таппады о да.
Ол сені жоқтайтындай кей күндері
Таң алды кісінейді ат қорада.
Қуаты тұқымына тартқан-дағы,
Төздірмей үзді барлық арқандарды.
Ішіне талай жүйрік түнеп келген
Бір күні тал шарбақты талқандады.
Білмеймін қандай өмір еліктірді,
Ойнақтап кеткенін жұрт көріп тұрды.
Еркіндік аңсап шыққан қайран асау
Қайта өзі шарбағына келіп кірді.
Ол қолдан шелектен су ішті бүгін,
Өжеттің кім түсінсін ішкі мұңын.
...Асаудан жуас болдық, өмір деген
Қояр ма мойындатпай күштілігін!





Пікір жазу