14.07.2021
  166


Автор: Нұржан Наушабаев

Бірінші назым

Жаһилдер ғалым сөзін тыңдамаған,
Шарғиға мықтап белін байламаған.
Хайуандар есебінде көрінеді,
Аслына назар салып аңдамаған.
Құр сипат көрінумен неге жарар,
Тотыда не қасиет сайрамаған.
Бұлбұлдар фаруаз етіп сайрар көлде,
Шығарар хафаларын бар көңілде.
Әр қайсысының қадірі өзіне артық,
Дуадақ - шөлде, аққу, қаздар - көлде.
Бендеге бенде қылма жүз салдырып,
Телміретпе бір жаманға көз талдырып.
Махрұм ете көрме раббым қадыр,
Рахмет қазинаңнан құр қалдырып.
Кірлемей абыройымды тілеймін көп,
Дүниенің фитнәсіне шырмалдырып.
Жат етіп бір уақытта жазам ғазал
Дертімді іште жатқан қозғалдырып.
Әр кімдер оқып ғибрат алмақ үшін,
Кетемін жүрген жерге сөз қалдырып.
Ер жігіт жалақтамас жоқ болса да,
Сескенбес жанып тұрған шоқ болса да.
Ажалсыз жан шықпас деп қарсы шабар,
Жасалған зеңбіректе оқ болса да.
Еш іске уақыт жетсе ие болмас,
Қаншама пысықсыған сақ болса да.
Біреудің көңілі зор, қолы қысқа,
Жіберер қыран құсша көзді алысқа.
Орнына бар қаруын жұмсай алмай,
Біреулер шалдығып жүр жүрмей босқа.
Біреудің қолы ұзын, көңілі төмен,
Еш істі хабары жоқ білмегінен.
Шүкірана жоқ бәріне қанағатсыз,
Итшілеп өтер күні өлмегеннен.
Адам көп дүниені жүрген былғап,
Біреуі кез келгенде біреуі алдап.
Азаппен өміріне біреулер жүр,
Құрыққа ұстай алмай сырық жалғап.
Жігітке мықты дәулет амандығы,
Қанағат барға етпесе надандығы.
Шарт жұмып екі көзін жүргенменен,
Көрінер қалайынша адамдығы...
Мінезі ақымақтардың сол сықылды,
Жүреме божысыз ат жеккенменен.
Өзінің қалыбындай боп жарасар ма?
Жібекті шуда жіппен тіккенменен.
Дариядай кемімейді аққан бұлақ,
Бір күнді миллион шелек төккенменен,
Бергені бір құданың нық болмаса,
Бола ма құр көбікше көпкенменен.
Боларын бенде білмес тасқан күні,
Талабы ілгерірек басқан күні.
Мұратқа қолмен істеп жетпес ешкім,
Болады бір тәңірінің қосқан күні.
Самұрық қарға, тағанға етер қызмет,
Басынан бақыт-дәулет қашқан күні.
Кім білер тұлпар жайын шаба алмаса,
Ер сарсаң іздеп мақсат таба алмаса.
Бұл күнде сөз өтірік, іс жаңылыс,
Дос-достың қадірін біліп баға алмаса.
Көңілін бір бәнденің айласа хош,
Дұшпан сөзі аяқсыз қалады
бос.
Күшің жетсе бір қос тік, әр шәһарге,
Деген нақыл «жауда да болсын бір дос».
Жан құрбан дос қалпында тұрған болса,
Аз үміт егер көңілін бұрған болса.
Шәһәрді шеттен келіп жау алмайды,
Айнала атрабында қорған болса.
Шайқалып, бір төгілмей кетпейді еш,
Ханадан асып егер толған болса.
Ақыл ауыс болғанда, ырыс - жұғыс,
Ырыс қашса, қоймайды болса туыс.
Дәулет, бақ жуған қолдың кірі секілді.
Дүниеде жоқ қозғалмай тұрған нық іс.
Дүниеде дәулет-баққа толғандар бар,
Мұңсыз уақытында еш болғандар бар.
Кетерінде көшпелі бұлт секілді,
Түсте көрген сықылды қалғандар бар.
Болмасын бақ көшпелі, ырыс күпті,
Қозғалмай сірә орны жоқ тұрған тіпті.
Келу алыс, кету қас-қабақтан,
Орнықпас жұмсаң да қанша епті.
Не ғажап кейбір дәулет насқа бітер,
Рақымсыз жібімейтін тасқа бітер.
Ішіп, киіп, не беріп қызық көрмей,
Дүниеден тарлықпен босқа кетер.
Бір тиынды иманынан жақын көріп,
Тұтамдап құйрығынан ұстап өтер.
Болса егер хакім жемқор, байлар сараң,
Ақса да рахым етпес көздең сораң.
Кейбіреу амалменен байыдым деп,
Етеді дәулет бітсе шұнаң-шұнаң.
Жоқ етсе-ақ, ақымақтығын білгізеді,
Малым бар депмастығын көргізеді.
Біреуге қонағасы берсе мәгәр,
Қолқаға бір орынды жүргізеді...
Дүние-дүние деуменен кейбіреулер,
Жүркді ғұмырынша рахатсыз.
Барын жоқ деп қалтырып құрығындай,
Еш уақыт айтпас сірә сөзін антсыз
Жыртық шалбар, кір көйлек, битті көрпе,
Сонда да байлық ойлар қолын серпе.
Кетік шөміш нан, көжесін ортага алып,
Ас ішер бір табақтан үрпе-шүрпе.
Алты қойдың терісінен тон қылады,
Түс-түс қып тамақтарын мол қылады.
Үйіне біреу барса, мал қайда деп,
Айқайлап ыңаранып сөз қылады.
Етеді текке отырмай мақтаншылық,
Болмайды батыл істен көңілі сынық.
Өзінде береке, асында тазалық жоқ,
Ырымдап жоқ нәрсені ұстар толық.
Болғанмен айырма көп сифалықта,
Тұрса екен өзгерілмей бір қалыпта.
Тілмен айтып, қолмен тізіп болар емес,
Жігіттің не гүлдері жүр қорлықта.
Мал айдап босқа ере алмай біреулер жүр,
Осыған да шүкір етеміз көрген шақта.
Жүруде не мағына текке айла ғып,
Қадірің болып, тұрсаң халыққа жағып.
Хал-қадари тірлігіңді кемітпесең,
Хақ ісіне кетер пәнде не мін тағып.
Түзік бол дұрыстықпен білгенінше,
Жүріп қал жан аманда жүргеніңше.
Тағдырда жазған нәсіпті арттырмасаң
Қалып бұзып епке салма өлгеніңше...





Пікір жазу