Терме
Неше фасыл, неше бап,
Біздің сөздің бұтақтап
Кетеді ұзап тарауы.
Жүйріктер мінген озбай ма,
Күйіне келсе жарауы?
Ақ иық бүркіт мұз балақ
Қаңтарда қарсы желге ұшар,
Қабақтан түспей қырауы.
Ізгі перзент, ақ жаулық,
Қорада жатар жүз салық,
Құлаш мойын, кез құлақ
Бір бедеу ат, денсаулық -
Ер жігіттің сұрауы
Дүниеде мақсұт тәмам деп,
Еш пенде дәулет көпсінбес,
Аллада ғой құрауы.
Тәуір көрдік сөздерді,
Пәленше мырза ер деген.
Қызықты бастан өткіздік,
Ғажайып әрбір көрмеген.
Неше мақал, тақпақтан
Қалмады сөзім білмеген.
Әуесімен жастықтың
Күндер болды желдеген.
Не жақсының алдында
Неше буын ән шырқап,
Сайрады ғой тіл деген.
Заманында жігіт пе,
Сұлуды сүйіп құшақтап,
Жүйрікті таңдап мінбеген.
Лашынды құс деме,
Қуа түсіп, жарық беріп,
Табанда сұқсыр ілмеген.
Жаманды әр кез дос деме,
Жұмысың түссе теріс қарап,
Қадіріңді білмеген.
Ғұмырды зайық өткізер,
Еш істен фәһім ала алмай,
Дүниеніжүріп көрмеген.
Арманы не жігіттің.
Мақсұтынды ойлаған
Табылса жоғы іздеген.
Мықты қайғы көңілге -
Нысанаға тимесе,
Атқан оғың көздеген.
Аз ғана дәулет-бақ бітсе,
Жігітте болмас қасиет,
Менменсініп «мен» деген.
Мәңгілікті нәрсе жоқ,
Өзің өлсең, артыңда
Жоғалмайды сөз деген.
Қырық түлеген бүркіттей,
Жем басардан айырылып.
Елуден асып жасымыз,
Уақыт осы меңдеген.
Жігіт болдық бір кезде
Әр қызықты қолға ұстай.
Бедеу ат мініп бүгілтіп,
Жал-құйрығын сүзілтіп,
Салдық бір қиғаш жарысты -ай.
Майданға түсіп белсеніп,
Бұ да бір атақ зауық етіп,
Көрісіп салдым алысты-ай.
Қалай алып сілтесең,
Дайын едім бәріне
Екі жүзді қылыштай.
Ат жалын тартып мінген соң,
Кетпесек те қыр асып,
Келемін шаңнан қалыспай.
Адасқан адам жол таппас,
Қырсықты жігіт мал таппас,
Өзі білмей білем деп,
Үйден шыққан жөн таппас.
Ер зарығып налымай,
Дәулет пен бақыт тез таппас.
Рия күлкі сақсынған,
Еппен жұмсап дос таппас.
Масыл қылып басыңа,
Жолдасты ертпе қос таппас.
Әуеле дұға бақ қонған
Назар салсаң шамалап,
Аруақ орны құр жатпас;
Орыннан шыққан бекзада,
Бола қайған екем деп,
Жоқ нәрсеге құн сатпас.
Бір ысана көздемей,
Бос орынға оқ атпас.
Біреуді қас, дос көріп,
Ғауамнан өзін бас көріп,
Атағын бояп жоғалтпас.
Батыр бастас болғанда,
Байлар да болар қоныстас.
Білгендердің белгісі,
-
Аз сөйлер де, көп тыңдар,
Орынсыз іске жарыспас.
Үлгілі сөзді тіземін -
Болмасам да Жиренше,
Демеңіз Нұржан сөз таппас.
Сөздерді топқа слынған
Бұрынғы шешен тақтақтың.
Керегі көп заманға
Ескі мақал-тақпақтың.
Лайығы кем деп ойлаймын,
Босқа қарап жатпақтың.
Әр жерден жинап сөз қылдым,
Реттеп басын қоса алмай.
Сарыны осы деп соқпақтың.
Жастықпен жүріп әуре боп,
Әр білімнен хабарсыз
Ісін істеп ақымақтың.
Бұл күнгеше бос жүрдік,
Өмірді зайық өткізіп,
Көзін ашпай бұлақтың.
Қызыл тілім сайраған,
Сөйлесем, сөзге тоймаған.
Ашайын бұлақ көздерін,
Ыссыда суық қайнаған.
Пайдасыз білім не керек,
Дүниеге жаймаған.
Заманаға бір мысал
Кетейін деген қалдырып,
Бар еді ойым ойлаған.
Жүгіресің қаламым,
Қағазға салсам тоқтамай.
Бір нақыл сөз көрсетші,
Өзіңді өзің мақтамай.
Дауыс шығып күңіреніп,
Атылмас мылтық оқтамай.
Ала қаптың аузын аш,
Ішіңе жиып сақтамай.
Белгілі байтақ көп кеңес,
Тосаңсынып қалған ба.
Не ғылып жатыр қаптамай?
Сақтасын құдай бендесін,
Наақтан болған жаладан.
Ердің басы не көрмес,
Өскен соң туып анадан.
Жақсылық не жамандық,
Барлығы бір құдадан.
Тізеден қан кешсең де,
Сақтаушы өзі иенің
Айырыла көрме тобадан.
Жігіттің басын бір іске
Іліндірмей қоймайды,
Асса бір қайрат ханадан.
Күшті орынсыз сарп етпе,
Келеді деп шамадан;
Аһ ұрып қалма бейғам боп
Қармалып қолың соза алмай,
Ілінген күні сағадан.
Қызықтырып сөйлесем,
Сөзімнен ешкім жерінбес.
Нәсихат, ғазал кеңесті
Жазуға нұржан ерінбес.
Ішінде жәуһар сандықтың
Аузын ашпай көрінбес.
Тізеден келген саз болса,
Белгілі тұлпар сүрінбес.
Жел кірген құлан желігіп
Тізе көріп қысылмай,
Қодығынан бөлінбес.
Не жақсылық,жамандық
Бір іс көрмей ер жігіт,
Құр жүріп атаққа ілінбес.
Шамалап сөйлей сөз тыңдап,
Қызыл тілім шалқыма.
Ішке сақтап шірітпей,
Бір азырақ леп шығар
Мирас қалсын халқыма.
Аса кетіп қимылдап,
Қадағын пұтқа есептеп,
Кір жұқтырма қалпыма.
Дүниенің бар ма сенімі,
Бар сөзімнің не міні,
Кетейін тастап артыма.
Өзім қайдан білейін,
Сынап білер тыңдаушы
Білгенім бүтін, жарты ма.