14.07.2021
157
Ұлыма
Көз жасына беріп өстім жастан мән,
Сен жылайсың, еркелігің асқаннан.
Жер тепкілеп отырғанмен, ұлым-ау,
Айды қалай алып берем аспаннан...
Келе жатсың көрмей ешбір кемістік,
Баста - бақыт, төңірегің тегіс - құт.
Мен өзіңді алақанда аялап,
Арнап келем махаббатымды ең ыстық.
Көріп тұрмын, жүзіңде жоқ түк қайғы,
(He жетпейді, не жетпейді, ұқпаймын).
Келістіріп боздағанмен ботадай,
Көздеріңнен бір тамшы жас шықпайды.
Шапалақпен бір тартуға оқталам,
Сәбисің ғой, сондықтан да тоқталам.
Еркелікке кеңшілігім болғанмен,
Есерлікке кешірімім жоқ, балам!