14.07.2021
127
Түсіме еніп...
Депті әкем аттанарда: «Тыңда, балам,
Сұрапыл соғыс атты сынға барам.
Қош-сау бол, көріскенше қайта айналып,
Тел қозым, талбесікте іңгәлаған...»
Бұл жайды қариялар айтады көп,
От жылдар тұнығымды шайқады көп.
Күттім мен мың тоғыз жүз қырық бесте,
«Әкешім елге қашан қайтады», - деп.
Күттім мен қара жолдан көзімді алмай,
Май тасыған жүрді арба сезімді алдай.
Кеш болса, жолын бағып тұратынмын,
Үстінде сол арбаның өзің бардай.
Тұрмыс шат, өмір бұл күн - арайлы айдын,
Келмейді артқа тіпті қарайлағың.
Қан толып қос көзіне соғыс та өтті,
Тағдырын талқан етіп талайлардың.
Тұрған соң жазымыштың күші келіп,
Сан ардақ сандалды ғой мысы кеміп.
Жан әкем, қазір де сен жүрсің ылғи,
Ақ шашты азамат боп түсіме еніп!