14.07.2021
  254


Автор: Айтқали Нәріков‎

Сәуір

Танытты жайдарылық сәуір бүгін,
Соңына сақтаған-ау тәуір күнін.
Үйден бір жеңіл-желпі шығайыншы,
Түссінші иықтағы ауыр «жүгім».
Осынша неге іріктің шуағыңды,
(Қаталдық қатқан мұзды куә қылды).
Ызғарды неге жуып кетпеді екен,
Жүгірген сай қуалай су ағынды.
Мұртындай бозбаланың түбіттеген,
Бүршігі көзге тіпті ілікпеген.
Көк көйлек киіп қашан шығады деп,
Қарадым теректерге үмітпенен.
Арқадан азынап бір жел ескелі,
Шөптердің сұрқы қашты белестегі.
Көктемнің көкорайы көз үйренген,
Ей, сәуір, сенің сәнің емес пе еді?..
Қойсаң да қабақ ашпай көпке дейін,
Шуақты сақтамапсың текке кейін.
Құлпырттың дүниені бір-ақ күнде,
Сондықтан саған қалай өкпелейін.





Пікір жазу