Перзенттерім
Өкпе айта алман осынау өмірге өзім,
Екі ұлым бар - бар екі қоңыр қозым.
Құшағыма екеуін қысамын да,
Көкжиекке қадаймын көңіл көзін.
Оқырман бар мені де алып тұтқан,
(Жалған айтып, жерім жоқ халықты ұтқан)
Екі ұлымнан кем көрмес өлеңім бар,
Перзентім бар жүректі жарып шыққан.
Сарп етілді жолында жарым жасым,
Белгілі енді бұл күйден арылмасым.
Өлең - менің үшінші перзентім сол,
Ей, екі ұлым, сендердің қарындасың.
Ержетеді, ұлдарым үй болады,
Жақсы болса, табады сый да оларды.
Елік мінез елгезек, өлең қызым,
Сені ойласам көңіліме мұң қонады.
Қалай ғана өзіңді уайымдаман,
Дерегің жоқ ұсынар дайын маған.
Жыр жазбаған ғұмыры жан сияқты,
Ой-теңізде кезім көп қайырлаған.
Оқырманым, ойыңда сұрақ қандай?
Болшы ырза, көңіліңде сызат қалмай.
Жырларымды жабыла оқыса жұрт,
Жақсы жерге болам қыз ұзатқандай...
Бір өзімді бағалап мың дарынға,
Перзенттерім қаумалап жүр жанымда.
Ұлдарымда қалады аты-жөнім,
Бар қазынам қалады жырларымда!