14.07.2021
  297


Автор: Айтқали Нәріков‎

Немере

Мені күнде қуанышқа бөлеген,
Тәй-тәй тұрып келе жатыр немерем.
Күндіз естен, түнде түстен шықпайды,
Тәтті еді, тәтті еді не деген!
Сәл нәрседен жанарына шық тұнып,
Қазірден-ақ алды бізді бұқтырып.
Ата, әже, әке, ана - «төлеңгіт»,
Ол «ханымыз» - құрметтейміз тік тұрып.
Тіл жетпесе, қас-қабақпен ымдайды,
Анау-мынау сылтауыңды ұрмайды.
Көңіліне жақпай қалса бір ісің,
Тегін жатқан «насыбайын» бұлдайды.
Күні кеше жан-жүйемді қозғасын,
Алыс тартып бара жатыр өз балам.
Жаным қазір немеремнің үстінде,
Әсер етпес енді басқа сөз маған.
Кеңшілік кез ұмыт болып бұрынғы,
Үйімізде жаңа тәртіп құрылды.
Осы күні сарай ақын боп кеттім,
«Әміршіге» арнап барлық жырымды!





Пікір жазу