14.07.2021
148
Нәсіпқали Сисатовқа
Көңілімнің айдынына қаз қонып,
Өз-өзімнен жүрем кейде мәз болып.
Өмірімнің күзі кіріп тұрса да,
Қас қағымда қалғандайын жаз келіп.
Елегізіп әлденеге күн-түні,
Жиілейді жүрегімнің лүпілі.
Санамдағы жүріп жатқан «соғыстың»
Табылғандай, табылмастай бітімі.
Мұндай сәтте бір ерекше күй кешіп,
Ойға алғаның жатар дәйім үйлесіп.
Көрінгеннен құшақ жайып тұрады,
Жүрген жандар «үй десіп» тe, «бүй десіп».
Құлаққа кеп ұлы күйдің сарыны,
Үстелгендей қаламымның қарымы.
Жүрегіме құйылады бұлақ боп,
Күннің нұры және Айдың жарығы.
Мүмкіндік пен мақсат тапса келісім,
Қанаттының қойар жері - төрі шың.
Күдігімді сенім жеңіп келеді,
Тарылмайды өлеңдегі өрісім!
Нәсіпқали Сисатов өмір көңіл Айтқали Нәріков Айтқали Нәріков шығармашылығы Айтқали Нәріков өлеңдері